Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, оқушылар, соның ішінде бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақ ішуге тиіс. Алайда Президенттің бұл тапсырмасын жергілікті атқарушы билік органдары дұрыс атқарып отыр ма?
Естеріңізде болса, 7 қыркүйекте Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Бесшоқы ауылының (бұрынғы Маңғыстау-5) №8 мектебінде бірінші ауысымның 1-4-сынып оқушылары мектеп асханасынан ішкен тамақтан жаппай уланғанын БАҚ жарыса жазды. 8 қыркүйекте 141 бала медициналық көмекке жүгінгені белгілі болды. Оның ішінде, 82 оқушы емханада емделіп, 43-і үйде дәрігерлердің бақылауына алынған, ал 16 бала ауруханаға жатқызылған. Бұл оқиға бойынша облыста жедел жұмыс тобы құрылып, Қылмыстық кодекстің 304-бабы (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) 1-бөлімі бойынша іс қозғалып, облыстың Ұлттық сараптау орталығының зертхана мамандары жоспардан тыс эпидемиологиялық тексеру жүргізді. Дайын тамақ өнімдерінен, су және асхана қызметкерлерінен бактериологиялық тексеруге сынамалар алынған. Ведмоство мектеп асханасын санитариялық-эпидемиологиялық тексеру барысында өрескел санитарлық бұзылушылықтар анықталғанын хабарлады.
Оқиғаға қатысты Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрлерін және Маңғыстау облысының әкімін тыңдаған Премьер-Министр Олжас Бектенов бір ай ішінде республикадағы барлық мектептердің асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізуді тапсырды.
«Ас – адамның арқауы» деген тәмсілге сүйенсек, балалардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету – бұл мектептегі тамақтану жүйесін жетілдіруден бастап, бала денсаулығы мен салауатты өмір қалыптастыру іс-шараларын өткізуге дейінгі кешенді шешімді қажет ететін негізгі міндет саналады. Сондай-ақ баланың үйде қалай тамақтанатыны және мектептегі ас мәзірін қадағалаудың маңызы зор. Салғырттықтан сан соғып қалмас үшін еліміздің мектеп асханаларына санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс жүргізумен қатар, тамақ өнімдерін жеткізуші компаниялардың да жұмысына үнемі мониторинг жүргізілуі керек.
Маңғыстаудағы жағдайдан кейін біз Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдап, мектеп асханаларына қатысты СЭС-тің жауапкершілігі қандай, азық-түлік өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі және сақтау мерзіміне байланысты талаптарға кім жауап береді, мердігер компанияларға бақылау бар ма деген сұрақтарға жауап іздеген едік.
Оқу ағарту министрлігінің ұзын-сонар жауабын (4 бет) жолдапты. Онда «Маңғыстау облыстық білім басқармасы, аудандық, қалалық білім бөлімдері мектеп басшыларымен, әлеуметтік педагогтермен және өңірлік Бала құқықтары жөніндегі өкілдің қатысуымен тамақтандыруды ұйымдастыру мәселесі бойынша шұғыл жиналыс ұйымдастырылды. Өңірлерге ыстық тамақты ұйымдастыру сапасын және балалардың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында еліміздің барлық мектебінде тамақтануды ұйымдастыру мониторингін жүргізу және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау, бракераж комиссияларының қызметі, тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі өнім берушілердің біліктілік талаптарға сәйкестігі жөніндегі шарттық міндеттемелердің орындалуы секілді талаптардың орындалуын ведомствоаралық сараптамалық топтар арқылы бақылауға алу туралы тапсырма берілді. Өнім беруші қызметтерді сатып алу туралы жасалған шарттар бойынша өз міндеттемелерін мүлдем не тиісінше орындамаған жағдайда тапсырыс беруші жосықсыз өнім берушілердің тізбесін қалыптастыру қағидаларына сәйкес, өнім берушінің міндеттемелерді бұзу фактісі туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, өнім берушіні балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты қызметтерді жосықсыз жеткізуші деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінеді», – делінген. Іліп алар тұжырым, нақты жауап жоқ.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі атынан хатымызға жауап берген (4 бет) Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың айтуынша, министрлік бақылаудағы объектілерге, оның ішінде білім беру объектілеріне мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіру бойынша белгілі бір жұмыс жүргізуде.
«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.Бектеновтың тапсырмасы бойынша ас блогтарының мониторингі 2024 жылғы 9 қыркүйектен басталды, ол Білім басқармасымен және Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірлескен бұйрығы бойынша жүргізіледі. Мониторинг жүргізу кезінде барлық мектептiң асханасында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы тексеріледі. Бүгінде мониторингпен 4 663 мектеп асханалары қамтылды. Анықталған бұзушылықтар бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында ас блогы қызметкерлерімен, мектеп әкімшілігімен және тамақтандыру қызметтерін жеткізушілермен түсіндіру жұмыстары мен семинарлар өткізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», – деді ведомство өкілі.
Егер құзырлы Һәм жауапты органдар бала денсаулығы үшін тамақтанудың, тамақтану мәдениетін қалыптастырудың қаншалықты маңызды екеніне алаңдаған болса, оқушылардың улануына жол бермес пе еді?! «Болары болып, бояуы сіңген соң», оның өзінде Премьер-Министр тапсырма бергеннен кейінгі бізге берген жауабы: екі министрліктің де, «тексерілуде», «тапсырма берілуде», «жиналыс өтуде» «жауапқа тартылуда», «ата-аналар мен қызметкерлердің сауатын ашу жұмыстары жүргізілуде» дегеннен аспады. Мәселенің мән-жайын ашып, себеп пен салдарды ажыратып, негізгі міндет пен мақсатты айқындап, нақты шешіліп жауап беруге құлқысыз.
Бала – болашақ, ел ертеңі деп жиі айтамыз. Бірақ елімізде олардың қауіпсіздігі мен саулығы толық қорғалмағанын дәлелдейтін факт көп. Мінберлерде бала құқығы туралы айтып, заңдар қабылдап, өзгерістер мен түзетулер енгізгенімен нақты атқарылған істің оң нәтижесі көрінбейді. Маңғыстаулық балалардың улануына қатысты «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешу бойынша үш ұсыныс берген болатын. Депутаттардың ұсынысына Тамара Дүйсенованың көзқарасы қандай және жалпы жағдайға қатысты Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын білу үшін хабарласқан едік, жауап болмады.
Астана мектеп асханаларындағы жағдай қалай?
Астана қаласы Білім басқармасы республикадағы барлық мектептің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу туралы Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес бірқатар жұмыс атқарыпты. Бір айға жуық тексеріс нәтижесі туралы Білім басқармасының жанынан құрылған ведомствоаралық эксперттік топтың мүшесі, тамақтану саласында тәуелсіз сарапшы Бақтыхан Шанбаеваның айтуынша, мектептердің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелері «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы» заңымен реттеледі. Осы заңға сәйкес, жергілікті Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері (СЭБД) оқушылардың денсаулығы мен олардың мектептегі жағдайын бақылауды жүргізуге міндетті. Білім басқармалары СЭБД функцияларын өз бетінше орындай алмайды, бірақ олармен тығыз ынтымақтастықта бола алады.
– 2023 жылғы 23 қаңтарда Астана қаласында тамақтану сапасын бақылау бойынша ведомствоаралық сараптама тобы (МЭГ) құрылды. МЭГ бракераждық комиссиялардың жұмысын жүйелі түрде қадағалап, оқушыларды тамақтандыруды тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдайды.
Тағам сапасын бақылау мектеп басшылары мен бракераждық комиссияға жүктелген. Олар тек балғын өнімдерді пайдалануын және олардың белгіленген стандарттарға сай болуын қадағалауы керек. Жарамдылық мерзімі өткен немесе сапасыз өнімдерді қолдану үшін жауапкершілік жеткізушіге және мектеп әкімшілігіне жүктеледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мектеп асханаларында жұмыс істейтін аспаздар мен басқа да қызметкерлер медициналық тексеруден өтіп, санитарлық кітапшалары болуы қажет. Олар кәсіптік біліктілікке ие болуы керек. Тамақтандыру қызметтерін жеткізушілерді таңдау 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады. Конкурстық рәсімдерді Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасы жүргізеді, – деді тәуелсіз сарапшы Бақтыхан Хасенқызы.
Оның айтуынша, биылғы оқу жылының басында-ақ астаналық МЭГ мектептерде тамақтануды мониторингілеуді бастады. Қазір қаланың 50 мектебі тексерілді.
– Астана қаласындағы кейбір мектептер дені сау тамақтану бағдарламасына пилоттық режимде қатысты, бүгінде пилоттық жоба аяқталды. Мектеп оқушылары санитарлық нормаларға сәйкес, «Медициналық университет Астана» ұлттық акционерлік қоғамы әзірлеген және бекіткен бірегей мәзір бойынша тамақтанады.
Мектептердегі тамақтану Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 320 қаулысымен реттеледі. Осы құжатқа сәйкес, мектеп асханалары теңгерімді, қауіпсіз және пайдалы тамақпен қамтамасыз етуге міндетті, – деді маман.
ТҮЙІН:
Мектеп асханаларындағы тамақ сапасының және аспаздардың талапқа сай болмауының салдарынан оқушылар жапа шекті, денсаулығына белгілі бір деңгейде нұқсан келді. Премьер-Министр тапсырма бергеннен кейін ғана мектептердің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіліп жатыр. Не қылса да, бала құқы мен денсаулығын қорғауда айтылып, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелі болғанын көретін күн де туар.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ