Салтанатты іс-шараның ашылуында Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп барша бірінші курс білім алушыларын студент атануымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Республика сарайында  Qosh keldin, student  мерекелік кеші өтті
587
оқылды

Республика сарайында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 1-курс білім алушыларын студенттер қатарына ресми қабылдауға арналған  Qosh keldin, student  мерекелік кеші өтті. Ұйымдастырушы – университеттің Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменті. Іс-шараға университеттің 3 000-ға жуық студенті, оқытушылары мен құрметті қонақтары қатысты.

Салтанатты іс-шараның ашылуында Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп барша бірінші курс білім алушыларын студент атануымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

«Сіздер еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнына оқуға түсу арқылы ең құрметті мамандықтардың бірі – ұстаздық жолға алғашқы қадам жасап отырсыздар. Еліміздің болашағын қалыптастыратын, ағартушылық және ұстаздық дәстүрді жалғастыратын білікті маман иесі болады деп сенеміз. Алған білімдеріңіз бен біліктілік дағдыларыңыз тек педагогика саласының табысты маманы ғана емес, қоғамның дамуы мен мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосатын нағыз көшбасшы атануға мүмкіндік береді»,  деді ректор.

Кештің маңызды сәттерінің бірі – Абай университетінің 1-курс студенті Ерасыл Қуантай педагог антын қабылдап, университет ректорынан «Студенттік билетті» қабыл алды. Педагог антын қабылдау университет тарихында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл рәсім студенттердің педагогикалық кәсіби жауапкершілігін және ұстаздық жолдағы адалдықтарын көрсетуге ықпал етеді.

Мерекелік кеште университетіміздің студенттері өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Кеш қонақтарының қатарында Baytanat пен Dakelot өнер көрсетті. Эстрада жұлдыздарының өнерлері көрерменнің көзайымына айналып, ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.

 Qosh keldin, student  мерекелік кеші бірінші курс студенттері үшін білім жолының жарқын бастамасы болды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.