Шымкентте барлық 344 сайлау учаскесі сағат 07.00-де ашылды, онда шымкенттіктер атом электр стансасын салу мәселесі бойынша өз пікірлерін білдіре алады.
Шымкентте 18 жасқа толған қаланың 660 563 тұрғыны дауыс беру құқығына ие.
Үшінші мегаполисте референдум үшін барлығы 344 учаске бар, оның 23-і жабық, бұл азаматтардың ерекше санаттары үшін дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Шымкенттегі №6506 әскери бөлімінде орналасқан нөмірі №89 сайлау учаскесінде таңдау жасау сағат 06.00-де басталды.
Бөлімдегі 665 мерзімді әскери қызметші еліміздегі АЭС болу бойынша өтіп жатқан референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Учаскеде дауыс беруге және сайлаушылардың еркін таңдау жасауына мүмкіндік жасалған.
Ескерте кететін жайт, әскери қызметкерлер таңғы сағат 07.00-ден қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысатын болады.
Сондай-ақ референдум күні Шымкенттегі қоғамдық көлік жолаушыларды тегін тасымалдайды, бұл учаскелерге баратын азаматтарға ыңғайлылықты қамтамасыз етеді.
Назгүл Назарбек,
Шымкент қаласы