Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде атом электр стансасын салу бойынша референдумда дауыс берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бүгін – тарихи күн. Халқымыз АЭС құрылысы бойынша дауыс береді, маңызды мәселе. Бүгін халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкілікті байламы сондай болады», – деді Мемлекет басшысы дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Сонымен қатар БАҚ өкілдері Президенттен референдумнан қандай нәтиже күтетінін сұраған еді.
«Нәтиже оң болады деп ойлаймын. Шын мәнінде дұрыс айттыңыз, бүгін – тағдыршешті оқиға. Келешекте осындай оқиғалар неғұрлым көп болса, біздің халқымыз үшін, еліміз үшін жақсы болады деп ойлаймын. Себебі халқымыз осындай өте маңызды мәселелер бойынша дауыс береді. Сондықтан референдумды қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.