Нұрлан Оразалин №125 мектепте орналасқан №301 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Мен Қазақстан азаматы ретінде конституциялық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Өйткені ел тағдыры – менің тағдырым, балаларымның, халқымның тағдыры! Бүгін біз үшін тарихи күн. Бұл референдум – демократиялық құндылықтың көрсеткіші. Қазіргі таңда бізге көптеген мүмкіндік ұсынылып отыр. Біздің елімізді бүкіл әлем бақылап отыр, сондықтан қазақстандықтар бірлік танытып, конституциялық құқығын дұрыс пайдалануы керек деп санаймын», – деді ол.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Алматы әкімі Ерболат Досаев та жұбайымен бірге таңертең №388 мектеп-лицейде орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.
Қалада барлығы 624 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Алматылықтар өз сайлау учаскесіне барып, сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.