114 жастағы Түймегүл Темірбаева АЭС салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Кейуана таңдауын үйінде жасады. Ол үшін референдум учаскесінің өкілдері кейуананың үйіне арнайы келді.
Негізі дауыс беру күні тізімге енгізілген референдум учаскесіне келуге мүмкіндігі жоқ Қазақстан азаматтары учаскеден тыс дауыс бере алады. Бұған денсаулық жағдайы, отбасында науқас адамға күтім жасау, референдум учаскелері шалғай және жетуі қиын жерлерде болуы негізделген.
Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру кезінде тасымалданатын урнаны комиссияның екі мүшесі алып жүреді. Бұл ретте азаматтың дауыс беру құпиясы міндетті түрде сақталады.
Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздегі 100-ден асқан қариялар тізімін жариялады. Ең қарт Қазақстан тұрғыны – 114 жаста. Ол Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында тұрады.