ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР ІІМ және Бас прокуратура дауыс беру процесі және референдум учаскелеріндегі құқықтық тәртіптің бұзылмағанын айтты.
Референдум учаскелерінде құқықтық тәртіп сақталды
200
оқылды

ҚР Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қарамановтың айтуынша, дауыс беру процесі өрескел бұзушылықтарсыз – қалыпты жағдайда өтуде.

«Бүгін прокуратура органдарына республикалық референдумға қатысты өтініштер түскен жоқ. Сондай-ақ қазіргі уақытта сот органдарына да талап-арыздар енгізілмеген»,  деді спикер.

ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, референдум учаскелеріндегі оқиғаларға уақытылы ден қою үшін әрбір ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылды.

«Полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарды бақылау күшейтілді. Жалпы, қазіргі уақытта референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ»,  деді ІІМ ресми өкілі.

ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР ІІМ референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді және заңдылықтың сақталуын бақылауды жалғастыруда.