Бүгін елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезі өтті. Негізі Судьялар съезі төрт жылда бір өткізіледі. Онда сот жүйесі мен судьялар қауымдастығының мәселелерін талқыланып, алдағы стратегиялық міндеттерді айқандалмақ.
Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі
190
оқылды

Жиын барысында Мемлекет басшысы сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керектігін сөз етті.

– Сот билігі қашан да абыройлы ірі мінсіз болуы тиіс. Қазір бәріміз бір ел болып Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Мақсатымыз – әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беру. Заң мен тәртіп – әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл – заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Ал заң мен тәртіп болмаса, басқа реформаның табысты болуы екіталай. Сондықтан осы саланы түбегейлі реформалау – негізгі міндеттің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елдегі соттардың тәуелсіз болуын басты назарда ұстай отырып, бірқатар жұмыс атқарылғанын да сөз етті. «Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті Сот әкімшілігіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланады. Яғни, оларды Сенат балама негізде таңдайды», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тіпті, алқабилер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастаған. Мысалы, жеке адамдардың және кәсіпкерлердің құқығын тиімді қорғауға мүмкіндік беретін Әкімшілік әділет қызметі пайда болған. Осы арқылы экономиканы өркендетуге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға жол ашылып, инвесторлардың заңға сәйкес әрі алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалатыны жеткізілді.

Мемлекет басшысы сот қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге назар аудара келе, сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін берді.

 – Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады, – деді Мемлекет басшысы.

Жиында Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Жоғары сот кеңесі үздік халықаралық стандарттарға жауап беретін органға айналғанын сөз етті. 

«Сот төрелігі – мемлекеттің және ұлттың негізі. Соттар мен сот жүйесі халыққа қызмет етеді. Әрбір азаматтың Әділетті Қазақстанда одан әрі дамуына жәрдемдесіп, елдің өсуіне ықпал етеді. Мемлекет басшысының келісімі бойынша Жоғары сот кеңесі үздік халықаралық стандарттарға сәйкес жауап беретін және сот билігінің барлық деңгейлерін білдіретін толыққанды судьялық өзін-өзі басқару органына айналды. 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен сот жүйесінің барлық кадр мәселелері, оның ішінде Сот төрелігі академиясы мен Сот жюриі Жоғары сот кеңесінің қарамағына ауыстырылды. Осылайша, қазір Жоғары сот кеңесі сот кадрларына, олардың біліктілігіне, одан әрі мансаптық өсуіне және құрметті отставкаға шығуына толық жауап береді. Бұл ретте барлық деңгейдегі төрағалар судьялардың кадрлық мәселелері мен мансабына ықпал ету мүмкіндігінен айырылды», – деді Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев.

Сонымен бірге ол судьялардың жауапкершілігін арттыру мақсатында тәртіптік іс жүргізуді қозғаудың жаңа тетігі әзірленгенін жеткізді. «Енді Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот жюриі судьяның заңдылықты өрескел бұзғаны туралы көрсетілген әрбір күшін жойған сот актісін тексереді.  Конституциялық соттың ұсынысы бойынша заңды өрескел бұзу өлшемшарттарын заңнамалық бекіту мәселесі пысықталады. Оған қоса, Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның жұмысы жетілдірілді. Апелляциялық сатының рөлі күшейтілді. Былтыр шілдеден бастап апелляциялық соттар істерді қайтаруды тоқтатты, – дейді Асламбек Мерғалиев.

Астана қаласының кәмелетке толмағандар істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы Зинаш Уәлиева Ювеналды соттың, әсіресе бала мен ата-ана, ерлі-зайыптымен жұмыс істеу сезімтал дүние екенін жеткізді.

«Ювеналды сотқа білікті, өз ісін жақсы білетін судиялардан жинақталған. Өйткені ата-ананың ғана емес, баланың құқығын қорғау, арадағы кикілжіңді реттеу – оңай шаруа емес. Тек біліктілік емес, сезімталдық пен жанашырлық болуы тиіс. Ювеналды сотқа келсеңіз, бірінші қабатта татуласы орталығы бар. Онда 11 психолог пен 10 медиатор жұмыс істейді. Сотқа келген кез келген адам өзінің қалауымен сол орталықтың көмегіне жүгіне алады. Оны пайдаланатындар да аз емес. Мәселен, бір жұмада сотқа дейін 18-20 ерлі-зайыпты татуласып жатады. Бұл – біз үшін үлкен көрсеткіш», – деді Зинаш Сатығалиқызы.

Бас қаланың Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Ұлдана Сүлейменова соңғы кезде жасанды интелект мүмкіндіктерін сот жүйесінде пайдаланып, жұмыстың жеңілдегенін айтты.  

– Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жиынның идеясы – Әділетті Қазақстан құру. Сондықтан әрбір судья өз тарапынан халықтың іздеген әділетті шешемін көрсетуі тиіс. 2020 жылы қойылған, барлық мақсат-мәіндеттер толығымен орындалды деуге болады. Төрт жылда бір болатын бұл жиынның мақсаты қордаланған мәселелерді талқылау, оның шешу жолын қарастыру. Сонымен бірге, Қазақстандық сот қауымдастығының алға қойған мақсатын нақтылап, әрі қарай оңтайландыруды ойластыру. Бірнеше бағдарлама талқыланып, көптеген мәселелер көтерілді. Бүгінгі талқыланған жаңашылдықтың бірі – жасанды интелект. Біздің сотта қазір өз кінәсін дауламайтын істер бойынша жасанды интелект арқылы  оңтайландыру жұмысы жүргізу қолға алынды. Соның нәтижесінде олар соттың шешімін бір күнде ала алады. Робот іске қатысты бүкіл құжатты, протоколды тіркеп, сақтайды. Істі қарап, шешімді шығаратын судья. Ал робот сол шешімнің тез орындалуын реттейді, – деді Ұлдана Сүлейменова.

Міне, сот жүйесінде жаңа технологиялардың ең озық түрлері қолдану арқылы ашықтық пен жариялылық арта түсті. Бұл дегеніміз  өз кезегінде жұртшылықтың сотқа қолжетімділігін толықтай етеді. Әрбір қазақстандықтың əділ сот талқылауына құқығы бар. Қазір барлық адамның заң мен сот алдындағы тендігі сынды заңмен көзделген қағидаттар қатаң сақталып, Әділетті Қазақстанның жолын нығайтуда.