Қазақстандағы саяси науқанды бақылап отырған Өзбекстан сайлау комиссиясының төрағасы референдум халықаралық талапқа сай өтіп жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Зайниддин Низамходжаев еліміздегі орталық референдум комиссиясының жұмысымен толық танысып, Астанадағы дауыс беру учаскесін бақылап шықты.
Айтуынша, келушілерге қолайлы жағдай жасалған. Құқықтық тәртіп те барынша қамтамасыз етіліп жатыр. Зайниддин Низамходжаев, жергілікті тұрғындардың саяси белсенділігі де тәнті еткенін атап өтті.
– Біз қазір №77 дауыс беру учаскесінің жұмысын көзбен көрдік. Мұнда тұрғындар ағылып келіп жатыр. Бұл халықтың саяси белсенділігін көрсетеді. Дауыс берушілердің құқығы сақталуда. Олар үшін барлық ақпарат қолжетімді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолайлы жағдай жасалған, – деді халықаралық байқаушы, Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев.