Қазір әлемде 450-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр.
Борис Жапаров жалпыхалықтық референдумның маңызы туралы айтты
717
оқылды

Алматы қалалық АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың мүшесі Борис Жапаров бүгінгі өтіп жатқан жалпыхалықтық референдумның маңызы жөнінде айтып берді. Сондай-ақ ол үгіт-насихат науқаны кезінде қалалық штаб тарапынан атқарылған жұмыстардың барысына да тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

– Бүгін елімізде жалпыхалықтық референдум өтіп жатыр. Күн тәртібінде тұрған мәселе – отандастарымыз елімізде АЭС құрылысын қолдай ма, жоқ қолдамай ма деген сұрақ. Әрине, бұл – еліміздің бүгіні мен ертеңгі болашағына әсері бар сұрақ. Себебі, ел экономикасының, өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы мен ғылымның дамуы мемлекеттің энергетикалық жағынан толықтай тәуелсіз болуына тікелей байланысты. Жылдан жылға ұлғайып келе жатқан экономика энергетикалық қуаттың да ұлғаюын талап етіп отыр. Ал бүгінде елдегі негізгі электр энергиясы Екібастұз көмірін жағу арқылы алынып отыр. Оған қоса ЖЭО-лардың 70%-ы тозған. Су мен жел энергиясын қолданатын станциялар да бар. Бірақ, олар тұрақты түрде энергия көзі болып саналмайды. Себебі, олар ауа райына тәуелді. Сондықтан экологиялық тұрғыдан да, қауіпсіздік тұрғысынан қарасақ та жасыл энергетика қатарына жататын осы атом энергиясы бәрінен тиімді саналады. Қазір әлемде 450-ден астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Олардың басым көпшілігі дамыған елдерде, не болмаса қарқынды дамып келе жатқан елдерде орналасқан. Біз де елдегі уран қорының мол мөлшерін ескере отырып, жер астындағы пайдалы қазбаны ел болашағы үшін қолдануымыз керек. Енді сол үшін АЭС салу мәселесі бойынша өтіп жатқан референдумның нәтижесін күтіп отырмыз. 

Бір ай ішінде Алматы қаласы бойынша халыққа АЭС тің маңызын, қажеттілігін түсіндіру мақсатында қалалық Халықтық штаб жұмыс істеді. Жұмыс тобының құрамында ядролық физика саласының мамандары, Қазақстанда жұмыс істеп тұрған атом реакторларының мамандары болды. Оған қоса, қоғам қайраткерлері мен қала белсенділері де қатысты. Көптеген мекемеде, кәсіпорындарда, ЖОО-ларда және басқа да жерлерде халықпен кездесулер өткізіп, алаңдатып отырған сұрақтарына жауап беріп, өте пайдалы жұмыс жүргізді», – деп түсіндірді Борис Жапаров.