Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, 1991 жылы туған Хайрат Хали қаза тапты.
Қарқаралыдағы өрт: ТЖМ өрт сөндірушінің отбасына көңіл айтты
618
оқылды

6 қазанда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөптің жанып, өрт пайда болды. Өрт орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар дереу жіберілді,деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Шақыру орнына келген кезде алдын ала 40 гектар алқапта жану байқалды. Өртті сөндіру барысында өңірдің ТЖД екі қызметкері және ерікті өртке қарсы құралымның бір қызметкері күйік алды. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағында өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл күйік алған.

Күндіз дала өрті Павлодар облысының шекарасынан "Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің" ормансыз аумағына көшті. Өрт орнына "Қазавиақұтқару" тікұшақтары барды. Тікұшақ құрылғысына суды Шалқаркөл көлінен қармап алып, сағат 17.00 жағдай бойынша өрт ошақтарына 6 рет жалпы көлемі 18 тонна су төгілді.

Сондай-ақ аэровизуалды барлау барысында Желтау кентінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам, оның 8 бала эвакуацияланды. ҚР ТЖМ Командалық орталығында штаб жұмыс істеп жатыр. ТЖ вице-министр Е.Нұрпейісов өрт орнында. Қарағанды облысының әкімі де оқиға орнына барды.

Құтқарушылар тобы қосымша күштер және құралдармен толықтырылды. Өрт орнында Қарағанды және Павлодар облыстарынан ТЖД, ЖАО, ЭТРМ күштері жұмылдырылды: жеке құрамнан 183 адам, 56 бірлік техника және 4 тікұшақ. Өрттің алдын ала ауданы 3 000 гектардан асты. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмысын қиындатқан.

ТЖМ көңіл айтады 

6 қазанда Қарағанды облысы  Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, 1991 жылы туған Хайрат Хали қаза тапты.  Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтері қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді

Қарағанды облысы мен Саран қаласының әкімдіктері, Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті дала өртін сөндіру кезінде қаза тапқан 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайраттың отбасына көңіл айтады.

1991 жылы туған  Хайрат Хали 2014 жылдың 12 мамырынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен. Ол Саран қаласында тұрған, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігімен ерекшеленген.

Қаза тапқан өрт сөндірушінің үйіне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, оның орынбасары Әлібек Әлденей және Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов барды.

–  Хайраттың өртті сөндіру кезінде көрсеткен ерлігі – нағыз батылдық пен жанқиярлықтың үлгісі. Ол өз өмірін адамдарға қызмет етуге және туған жерін қорғауға арнады. Осы қайғылы сағатта біз қайғы азабын Хайрат Халидің туыстарымен бөлісеміз, әрине, біздің сөздеріміз бен қолдауымыз бұл отбасына ардақты ұлы, аяулы әкені қайтармайды. Ол туралы естелік жарқын болсын, ал құтқарушылардың келесі буыны оның ісін жалғастыра берсін! – деп Ермағанбет Бөлекпаев Хайрат Халидың отбасына көңіл айтты.

 

Марқұмның отбасына жерлеу іс-шараларын өткізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Үйде фельдшерлік және психологиялық қызметтер кезекшілік етеді. Отбасын қолдау бойынша барлық қажетті шаралар Қарағанды облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Естеріңізге сала кетейік, 6 қазанда Қарқаралы ауданында дала өрті тұтанды. Оны жою үшін ТЖМ барлық қызметтері, оның ішінде ТЖД 111 қызметкері, құқық қорғау органдары, 27 түрлі техника жұмылдырылды, өрт сөндірудің жедел штабы ашылды. Облыс әкімі оқиға орнында жедел штабпен кеңес өткізді.