«Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында қазақстандықтар оң таңдау жасағанын айтты.
Референдум – халық ортақ іске ұйысып, жұмыла кірісе алатынын көрсетті
240
оқылды

– Референдум сәтті өтті. Бұл – отандастарымыздың ортақ іске ұйысып, жұмыла кірісе алатынын көрсетті. Экономикалық, экологиялық, әлеуметтік әрі саяси маңызы бар шешімді қабылдау жолында қазақстандықтар оң таңдау жасады. Атом электр стансасын салу – экономиканың және онымен байланысты барлық саланың дамуына мультипликативті әсер етеді. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға көмектеседі. Тіпті, ғылым мен білімнің, технологияның дамуына жол ашады. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Сондықтан отандастарымыз бұл жолда өте дұрыс таңдау жасап, болашаққа нық қадам басты, – деген «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин енді алда атқарар ауқымды міндет тұрғанын сөз етті.

– АЭС құрылысы бір жылдық белес емес. Ол циклдік кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын ұзақмерзімді жоба. Бұл  Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жоба. Ал оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Біз өз тарапымыздан келешек ұрпақтың қамы үшін осы жобаның сәтті іске асуына аянбай үлес қосамыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, атом электр стансасын салу үшін әлемдік жеткізушілердің ең үздік технологиялары іріктелетін болады, – деді ол.