Ол ертеректе, ұлы мәртебелі Уақыт жайында толғаныпты: «Уақыт! Сырт шолғанда бұл жылжыған жылдардың, зырлаған күндердің жиынтығы сияқты.
Бойда барды көзге ұрып жалтырамаған...
381
оқылды

Ал тереңіне бойлап, биігіне ой жіберсең, осынау сөзде сан қилы сыр жатыр. Уақыт – сырт-сырт соққан сағат тілінің тырсылы емес, дәуір жүрегінің дүрсілі. Яғни, ол – өмір өлшемі. Алға басқан адымның, алынған асудың уақытпен өлшенетіні де осыдан». Кім болсаң, ол бол – УАҚЫТ кісіні әрқилы сынайды, сынай отырып, әрқилы тұлғалайды. Уақыт жайында толғанған Сәкең, журналистика ұстазы Сарбас Ақтаев жайында ойланамын. 

Әрине, көбіміз Сарбас Ақтаевты журналист ретінде ғана білеміз. Расында, ол – журналист. «Көкшетау правдасы», «Жетісу», «Социалистік Қазақстан», «Ха­лық кеңесі», «Ақиқат» – міне, журна­лист Сарбас Ақтаев жүріп, өтіп келе жат­қан журналистік жолдың ұзын-ырғасы. Бірінде тілші, келесісінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор... Өзіміз ардақ тұтар аға алған асулар, алқынбай жеткен биктер міне, осындай! Әсіресе, алғашқы қорғасыны­нан құйып, қалың қауымга сүйікті етіп қалдырып кеткен «Халық кеңесі» газе­тіне бас редактор ретінде сіңірген еңбегі алабөтен.

Баспасөз – шығармашылық көрігі күндіз-түні бір тынбай балғаның шыңы­лы естіліп тұрар ұста дүкеніндей бейне. Сол ұстаханада аз істеп, қалам ұштауға да, көп істеп, кісі шағылып қалуға да бо­ла­ды. Шыңдалу мен шағылу арасы, бойың­да бар қажыр-қайрат пен халыққа айтар ойыңның салмағына байланысты. Сарбас ағамен бірсыпыра баспасөзде қызметтес бола жүріп, бір байқағанымыз, ол өз қолтаңбасы, өз шәкірттері бар тә­лім­гер ұстаз журналист қатарында. Қа­ламынан туған үлкенді-кішілі дүние­лер баспасөз қазынасына ырыс болып қо­сылып, журналистикаға тыныс беріп ке­леді. 

Турасын айтқанда, Сарбас Ақтаевтың қазақ баспасөзінде жүріп-ақ тісі сарғайды, сары шашы ағарды. Баспасөзге келуден Сарбас аға ұтты ма, ұтылды ма, оны айырып айту қиындау. Әсіресе, қазақ баспасөзі аяқасты болып, күйсіз күн кешіп жатқан қазіргі сәтте. Алайда Ақтаевтай ойы оралымды, тілі көркем, қиялы жүйрік қалам иесінің баспасөзге келуінен журналистика ұтты, көп ұтты. Олай деудің ойланып, сыйлас аға жүріп өткен жолды толғанып талдаудан туған өз заңдылығы бар. 

Сарбас Ақтаев – әдебиет есігін ақын болып ашқан жан. Көгілдір Көкшеде туып, ақын болмау күнә да секілді ғой кісіге. Алайда ағамыздың ақындығы ет пен тері арасындағы тер секілді жеңіл желік дүниесі емес-ті. Оның алғашқы өлеңдер топтамасы «Жырға сапар» аталатын ұжымдық кітапқа еніпті. Түбіт иек бір топ темірқанат жас өлең-жырлары арасынан беделге жығылмас белді ғалым Бейсембай Кенжебайұлы түбітиек қауырсын қанат ақын Сарбас Ақтаев өлеңдеріне ілтипат білдіріпті баспасөзде. Міне, осы жай себеп болды да С.Ақтаевтың сонау 1963 жылы жарық көрген «Тұңғыш кітабын» қолға қайта алуға тура келді. Бейсекең танымы мен талғамын бедел тұтудан туған қызығу­шылық қой баяғы. 

Мына қызыққа қараңыз, Бейсекең іл­ти­патқа алса алатындай бар екен. Ақын­­­талап бала Сарбас Ақтаевтың «Тұң­­ғыш кітабы» әдемі ақындықтың ке­­пілі болып шықты. 

Жаулығын құз-қияның жұла тартып, 

Зыр қағып ерке бұлақ барады ойнап.

Бірде оршып, бірде арындап тура тартып,

Секіріп тастан-тасқа салды ойнақ, –  депті ақын «Бұлақ» аталатын өлеңінде. Көз алдымызға таудан құлай аққан бұлақ елестеп қоя береді. Жәй елестемейді, қи­мыл-қозғалысқа түсіп, сыңғырлап, сыл­дырап, жұлқына ағып жатқан ақ тұма болып елестейді. Сұлу сурет қиялымызды қытықтап, ойымызды баурап, көгілдір көктем дүниесіне іңкәрландыра, өзіне баурай тартып барады. Қала берді:

Сахнасын көктем сері далаға ашты,

Қыңыр қыс ызғырығын ала қашты.

Өзендер кернейлетіп жөнелгенде 

Қар елтіп толқынына араласты, – деп («Қызғалдақ») көктемді екінші бір сурет­пен сызылта жөнеледі. Көктем кел­бетін­дегі сұлулық көкпенбек қалпы­мен көңілі­мізге қонып, табиғи бояу болып көкейімізге ұялап қалады. Шуда-шуда шумақтар ақындық кепілі еді демегенде не дейміз енді?!

Алпысыншы жылдары мұндай әдемі, әрлі, ойлы, сергек суретті өлең жазу – қазақ поэзиясы үшін үлкен жетістік еді-ау деп ойлаймыз. Шағын жинақтағы көп өлең – көптің көңілінен шығар көк өлең. Әсіресе, «Көктем көріністері» ата­латын топтама жасыл желек жамылған көктемнің өз келбеті, жайнаған табиғат­тың өз бет-жүзі дерлік көк бояулы сурет­ті өлеңдер екен. Өз уақытымен өлшей пікір сабақтағанда айтарымыз «Тұңғыш кітап» өлеңдері суреттілігімен, образды­лығымен кейбір замандастарының поэзия­сынан оқ бойы озық. Жоғарыда «кім ұтты, кім ұтылды?» деген сауал қоя тол­­ға­­нуы­мыздың сыры енді мәлім шы­ғар. Сарбас Ақтаевтың көз жауын алар көркем өлеңнен жанр алмастырып, жур­налистикаға жол тартып кетуінен қазақ бас­пасөзі ұтты, қазақ поэзиясы ұтылды де­мегенде не дейік енді?!.. 

Асылы, темірқанат жас талап көңіл толқынын өмір толқынына, өлең ырға­ғын өмір ырғағына айырбастап кетті-ау. Кейде көңіл қалауынан тіршілік тегеуріні мықты шығатыны бар ғой. Көңілді өкі­ніш­ке бере айтар бір ой – осындай.

Алайда Сәкең ақындықты тастағаны­мен, ақындық Сәкеңді біржолата ұмы­тып кетпеді. Ақындық қаламгер көңілі­нен өшіп кетпей, очеркке нәр, аудармаға бал болып құпжарасып бірге келе жатыр. Ағымдағы баспасөзде қызмет атқара жүріп Ақтаев ақындық алымдылықпен, қаламгерлік шалымдылықпен қилы-қилы қызық көркем очерктер жазды. Әрлі тіл, нәрлі ойға құрылып, ішкі ыр­ғақ­пен құйылып жазылған ол очерк­тердің кейбірін іріктеп «Дала туралы толғау» (1971), «Қапшағай хикаясы» (1973), «Бұлар бірінші болып еді» (1975) секілді кітаптарын шығарды. Очеркі көркем әңгіме, деректі повесть өресінде жазылған дерлік бұл дүниелер респуб­ликалық бәйгелерде бірінші жүлде, екінші орынды иемденіп жүрді. 

С.Ақтаев журналистикада айтулы шебер. Тақырып таңдауы, материал жинауы, кең тыныс, көркем де кестелі тіл, дөңгеленген композициялық 

бітім – оның очерктерін мейлінше тар­тымды, сүйкімді ете түседі. «Тәтті, тәтті» дей бергенмен тілге дәм үйірілмесі белгілі ғой, аз-аздап мысалға жүгінелік. Оның бір очеркі былай басталады. «Бағанадан бері ол батып бара жатқан күннен көз аударған жоқ. Қызылы қалға­ны­мен қызуы қайтқан соң күн екеш күннен де шарапат шамалы» («Нар жүгі»). Ойлы емес пе? Өзіндік философиясы бар ғой. 

«Шудан шыға-ақ көсіле тартқан кер дала, кең дала Хан тауына барып бір-ақ тіреледі. Жалында жел ойнап, жонында сағым билеп құлазып қана жататын қырың қазір бұл емес» («Жас, жас та болса бас»). Суретті емес пе? Кәнігі шебердің қолынан шыққан шынайы сурет!

«...Ызғар да, ызбар да жарыса енді есіктен. Келгендердің аяғымен кірген құшақ-құшақ суық ауа тұла бойды түршіктіріп, қысқа-қысқа қайтарылған зәрлі үндер төбе құйқаны шымырлатады. Сарыауыз балапандай самсаған балалар қанталаған көздерге, анталаған қолдарға қарап аң-таң» («Көненің көзі»). Шебер шендестіру, суретке мінез дарыту дегеніңіз осындай-ақ болмай ма?!

«Ер өлімі еңкейген күн сияқты: жар­қылы сөнсе де, жалқыны қалады», («Аман­келді ардагерлері»). Хас суреткер­дің қолына сирек түсер жұп-жұмыр, шып-шымыр айшықты ой ғой бұл!

«Екіндіге күн енді ғана енкейіп келе­ді. Үп еткен жел жоқ: төңірек түгел тамыл­жып тұр» («Қызғалдақ»), «Иә, Кербез Көкше. Бір сабаққа шыққан екі гүл іспетті бір-бірінен жұбын жазбайтын осынау егіз ұғым сөз ойға оралғанда аспан­ға қол созған алып шыңдар мен айдынында ай жүзген айна көлдер, иісі жұпар аңқыған жасыл орман мен беткейінде ырыс шалқыған бұйра белдер көз алдыңа келеді. Күз кеудесін теуіп, құлдырай аққан бұлақ­тар, арыстандай атылып, асаудай арқы­ра­ған өзендер... бәрі-бәрі көздің жауын алып, қиялыңды қытықтайды» («Өңірі гүлді, өмірі нұрлы өлке»).

Алға тартылғандай айшықты, суретті, көркем жолдар қаламгер аға туынды­ларында қаншама десеңізші?! Бұл жур­налистті былай қойғанда жазушы­мын деп кеуде қағып жүрген ағайын уысына түсе қоймаған, түсіне кіре бермейтін көркем де көсем суреттер, қаламгерлік қазынасы ғой. Тере берсең, қаламға ілінер қанатты сөз көп қаламгерде. Қанатты сөз – қуатты сөз! Көңіліңе қона кетеді. Тере берсең, қаламға ілінер көрікті ойдан туған көркем сурет көп. Көзіңмен оқы, көңіліңе тоқы! Журналис­тиканы қанағат тұтқан берекелі бейіл ғой. Әйтпесе, оқырманды көкжиекке, авторын көркем прозаға жетелей жөнел­гелі тұрған көрікті сөз, өнікті ойлар ғой бұлар! Қалай сүйсінбессің?!

Сарбас Ақтаев еңбектерін оқып отырғанда біздің есімізге публицис­тиканы көркем проза дәрежесіне көтере жазатын ХІХ ғасырдағы орыс журналис­тері түседі. Дүниеге сабырмен қарап, айналасына ойлана көз тастап, қаламды салалы ұстап, сөзді саралап-саралап алақағазға алақанат көбелек ұстағандай абайлап қана қондыратын ол – кінәз публицистер, ізденімпаз Сәкең үшін үйренген мектеп, үлгілі ұстаз болған шығар. Ақ қағазға абайлап қондырған сөз ойына қарай, қай уақытта да айбар­ланып шыға келмей ме? Энгельгард публицистикасының күні бүгін ерекше қадірлі болатын бір себебі осыдан-ау, асылы?! Әдетте, қай нәрсені де қадір­леуден қасиет туады емес пе?! Қазақта журналистиканы қадірлеп ұстап, қа­сиеттеп келе жатқан бір жан болса, ол өзіміз өнегелі өмір жолын әңгімелеп отырған Сарбас Ақтаев ағамыз.

Қазақ үшін көп нәрсенің қадірі жоқ. Соның бірі – баспасөз. «Үшінші үкімет», «төртінші үкімет» деп патетикалық леп­пен айтып-айтып қоятынымыз болмаса, журналистің ақиқатшыл үніне құлақ асу, пайымды іске журналистің парасатын пайдалану – бізде сүйекке сіңбеген, қанға дарымаған іс, сүйейсалды сөз ғана. Түбі бұл мінезден қасірет таппа­сақ, қасиет таппайтынымыз тағы ақиқат. Журналист деген халқың да қызық жандар. Жалшы кейпінде жүрген жа­лаңаш батыр. Қалтырайтындай байлық онда жоқ. Сондықтан да жақсылық ес­тісе – қуанып, жамандық естісе – қуа­рып, ақиқат үшін айқасып, жарғақ құла­ғы жастыққа тимей жүргені журналист қауымының. Қайран әріптестер-ай! Сөйтіп, қазақ үшін қадірсіз болып бара жатқан қазақ баспасөзінің қадірлі бір жалаугер қаламгері, соңына шәкірт ерткен тәлімгері – Сарбас Ақтаев та тоқсанның төріне аман-есен шығып алды бүгінде. Ой, пәлі!

Журналистика деректі прозаға қол созым жерде жасайды. Әлгіндей әрлі тіл, көркем дүниетаным Сарбас Ақтаевты қарымды қарасөзге алып келді ақыры. Жұмағали Ысмағұлов есімді жайсаң аға өткен өмірден. Қай жанрда да қатар шапқан жүйріктерге шаң қаптырып кете барар, бәйгебасын бермес хас жүйріктің нағыз өзі болатын, марқұм. Ол жазған проза, ол жасаған аударма, ол жасаған әдебиеттану... Жолы да, жөні де бөлек. Қазақ руханиятының ғажап тұлғасы Ілияс Омаров өмірінен ғұмырнамалық шығарма бастап, аяқтай алмасын білген сәтте Сарбас үзеңгілесіне сенім артып, аттанып кетіп еді бақилыққа. Ілиястайын біртуар өнегесін жақтаған Сарбас Ақтаев, аға сенімін ақтап, ғұмырнамалық шығарманы сәтімен аяқтап шыққан сабазың да. Сәтсіздікті сәттілікке айналдырған сырлы сабаз! 

Ақтаев көңіліндегі ақындық, оны көркем аудармада да желеп-жебеп келе жатканы хақ. Ол – майталман аудар­машы. Әрине, атқарған қызметке орай, ой қайраты, жанар қуаты марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын, социализм желбуаз қайраткерлері жел сөздерін аударуға да кетті ғой. Алтын уақыт-ай, шіркін?! Уақытты ұқыптап, та­лантты ұштап көркем аудармаға жұм­сар ма еді?! Сонғы жылдары Сарбас Ақ­таев қаламгерлік дарын-қабілетті көркем аудармаға да арнап келеді. Қазақ елін сүйген, жерін сүйген қазақуар қалам­­гер Д.Мамин-Сибиряктың әр жыл­дары жазып, әр жерде жарияланған аңыз, әңгіме, повесть, жолжазба, мақа­ла­ларын жинап-теріп аударып, «Жапан даланын жанашыры» деп басын бірік­тіріп мақала жазған, «Ақ боз ат» деген атпен арнайы кітап шығарғаны – ұлт­жанды ойдан туған ұсынықты үлкен іс. Көркем аударманы өнер тұтудан жаңы­лып қалған қазіргі уақытта төгілген тіл, зор махаббатпен осындай тәржі­малық еңбек жасау – ертеңін ойлаған ер-азамат ісі. Аударманың кез келген сәтіне көз тігіп, көңіл жіберіңіз – түп­нұсқа таби­ғатына терең бойлап, тіл мәйе­гін төгіл­діріп тәржімалаған шебер­лік үлгісіне тап боласыз. Ақындық һәм ақын­дыққа таби­ғаты жақын прозашы­лық бір кісі бойынан табылу – осындайда аудармашы үшін үлкен байлық. Аударма­да Ақтаев ақын болып егіледі, ақынжан­ды кәнігі прозашы болып төгіледі. Тың­дап көріңізші. «Қазақ даласы қандай ғажап. Төбесінде төңкерілген түпсіз зерен­дей көкпеңбек аспанын айтсайшы! Қырдың жұлдыздар жымыңдаған түні тіпті тамаша ғой. Соның бәрінен Ха­би­болла­ның өзі мен бейбішесі Әзипа тұратын су жаңа ақбоз үйі артық. Өйт­кені онда бүлдіршіндей жас ару Гүлзейнеп бар». Орыс тілінен аударылғандай емес, қазақ қаламгері жазғандай табиғи сурет қой. Қара сөз аралатып келіп отыратын өлең жолдарын қалай аударады құйқыл­жы­тып?! 

Ерніңдегі күлкің боп,

Алқызыл гүл жайнайды. 

Көмейіңде құйқылжып,

Тылсым бұлбұл сайрайды, –

деп аударады. Сүйсініп оқисың. Мейірің қанады.

Нобель сыйлығының лауреаты, уа­қы­тында колоборационализмге ұшыра­ған Кнут Гамсунның «Аштық» романы ше? Норвег жұртындағы жұт оқиғасы қазақ халқын қаншама рет қынадай қырып өткен жеті аталы жұтқа ұқсас­тығы­нан ба, жә олай болмас аудармашы шеберлігінен шығар, әйтеуір телтумасы төлтумадай «Аштық» қазақы табиғатты шығарма қызығып оқылып кетті қазақ арасында. Сарбас Ақтаевтың тәржіман ретінде тындырған бір ісі міне, осы! 

Иә, сөйтіп Сәкең – қай жанр құлағын ұстаса да арымен араласып, барын базар­лы етіп беріп жүрген жан. Оның бұл ретте мәртебесі биік, мерейі үстем.

Әңгімені уақыт жайлы журналистің ерте толғанысынан бастап сабақтадық қой. Уақыт кісіні әрқилы сынайды, сы­най отырып, әрқилы тұлғалайды. Сәкең уақыт келбетінде мол мүмкін­діктің, қанағатшыл бейілдің, үлкенге іні, кішіге жақсы аға бола білер кісілік болмыстың адамы болып қалыптасыпты осынау жосылып жатқан уақыт межесіне. Тола­йым еңбекпен жетіпті тоқсанына! Біреу­лер болады журналистиканың торысына жарамайтын дүниесін жазу­шылық дүл­дүлі етіп көрсеткісі келетін, қызметін бұлдап, төсін сабалап. Алайда тіршілікке жүрген текірек көңіл, қам көкірек Тарих-ақсақалға жүрмейтінін білмейді-ау жабы-көңіл бәндәләр... Тарих ешкімнің еркелігін көтермейді. Әрлі қалам, әрсіз қадам дүниелерін әруақытта әртүрлі елеп-екшеп, әр пендені өз орнына қояды. Осы орайда, көп әріптес, көп замандасына қарағанда көңілі көркем сөз көмбесіне жақын, көркем таным иесі бола тұра, Сарбас Ақтаев көрініп қала­йын пенде-пиғылмен бойда барды көзге ұрып жалтырамаған, бойда барды хал­қына ұғынықты ұсынып келе жатқан мейірбан да дарқан жан. Асылы, ол – арзанмен көзге ұрып жал­тырағаннан гөрі, бойда бар қымбатымен жарқыра­ғанды хош көретін адам. Орташа ақын, орташа жазушы болғаннан гөрі көркем тілді, озық ойлы журналист, түпнұсқасы­мен тіресіп, жарысып тәр­жіма жасайтын арлы аудармашы болуды қалаған себебі де сондықтан болса керек. Әуел баста әдебиет әлеміне келген бетте: ол:

Лаулап жанбай немене атым адам –

Бойда барды көзге ұрып жалтыраман.

Қарапайым шындықтан ой жаңартам,

Жүдеу сөздің қажетсіз даңқы маған, –  деген еді. Сөзінде тұрды. Көбіміз кісі­лік болмысына, қаламгерлік адал­дығына сүйсіне қарайтын жақсы ағаның ­алда да қаламы құрғамасына бек сенеміз.

Құлбек ЕРГӨБЕК,

әдебиет сыншысы