Астанада иесіз ғимараттан денесі табылған 14 жастағы оқушы қыздың ажалы неден болғаны анықталды.
Астанада қараусыз қалған ғимараттан өлі табылған 14 жасар қыздың неден көз жұмғаны белгілі болды
Фото: istockphoto.com
1,397
оқылды

Астанада иесіз ғимараттан денесі табылған 14 жастағы оқушы қыздың неден көз жұмғаны анықталды. Полиция осыдан бір ай бұрын болған қайғылы жағдай бойынша сот-медициналық сараптама қорытындысын жария етті, – деп хабарлайды  Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қаңырап иесіз тұрған бұрынғы балабақша ғимаратынан 14 жасар қыздың денесін сол маңда ойнап жүрген балалар тапқан. Дәл сол жерде жалпы білім беретін мектеп те бар. Бірақ оқушы қыз онда емес, басқа мектепте оқыпты. Марқұм Аурелияның ата-анасы сабақтан кейін серуендеуге шыққан қызының неге ескі ғимаратқа барғанын түсінбейді. Бұған дейін де төрт рет өрт болып, тағы бір ер адам көз жұмған ескі ғимарат қаңғыбастар паналайтын жерге айналғалы үш жылдай болған. Қыздың жұмбақ өлімін әркім әрқалай айтып сан-саққа жүгірткен еді. Ал сот-медициналық сараптамасы оның газдан уланғанын анықтады.

“14 жастағы қыздың мәйітіне қатысты істің мән-жайын обьективті, жан-жақты зерттеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, өлім газ қоспасымен уланудан болған”, – деді Астана ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова. 

14 жастағы оқушының денесі Астанадағы №5 мектеп-гимназия маңындағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінен табылған.

Оқушының денесі 10 қыркүйек күні кешкі сағат 21:00 шамасында бұрын балабақша болған, қазір маскүнемдер мен есірткіге әуес тұрғындардың ордасына айналған ескі ғимараттан табылған. Мәйітті сол жерден өтіп бара жатқан тұрғындар көрген. Артынша бірден полицияға хабарласады. Желідегі кей ақпараттарда жасөспірім зиянды әрекеттерге әуес болғаны, көз жұмуына сол себеп болуы мүмкін деген ақпарат тарапты. Жасөспірімнің әкесі бұған өкпелі. Қызының салауатты өмір салтын ұстанғанын айтады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.