Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам жасөспірімді өлтіріп кеткен.
Талғарда 16 жастағы жасөспірімді өлтіріп кетті: марқұмның әкесі мәлімдеме жасады
Фото: видеодан алынды
1,452
оқылды

Алматы облысы Талғар қаласында 4 қазанға қараған түні пышақ және тапаншамен қаруланған бір топ адам жасөспірімді өлтіріп кеткен. Олар кәмелет жасына толмаған балаға, оның әкесі мен ағасына шабуыл жасаған. Марқұмның отбасы ұлының өліміне кінәлілердің түгел жазалануын сұрап отыр, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

"Қаза тапқан, марқұм болған Шерзат Болаттың әкесі боламын. Бас прокурор Берік Ноғайұлына тікелей үндеу жасағым келеді. 3-і күні түні ит өліммен қайтыс болды. Сол кезден Талғар әкімі, прокуроры, ішкі істер бөлімінің бастығы ешқандай іс-әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Тіпті марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Хал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей отыр. Түннің жарымында тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, өзімізге арыз жаздырып отыр", – деді марқұмның әкесі.

Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкенде басталған.

Туыстарының айтуынша, ер адам сауда нүктесінен бір құты сыра алған, бірақ оның ақшасын төлегісі келмеген, сөйтіп ұрыс-керіс басталған. 16 жастағы Шерзат пен оның ағасы әкесін жақтап, клиенттен кетуін өтінген. Бірақ оның орнына жанжал шығарған азамат достарына қоңырау шалған. Ақырында дүкенге үш көлік толы адамдар келген.

“15-20-дан кем емес адам келді. Олардың арасында үш-төрт қыз болды. Барлығы жас, бірақ өздерін аңдар сияқты ұстады. Тіпті мылтықтары мен пышақтары болған”, – дейді көз жұмған жігіттің тағы бір туысы Күләш Римова.

Шерзат үйіндегі бес баланың ең үлкені. Сондықтан кішілерге үлгі болуды армандаған. 10-сыныпта оқып жүрген жасөспірім әскери училищеге түсуге дайындалған.

Марқұмның ата-анасы мен ашынған халық Президенттен ашық сот болуын сұрайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.