Ер адам ата-анасына бірнеше рет пышақ сұғып, ақ параққа "кешіріңдер мені" деген жазба қалдырғаны да айтылады.
"Хат жазып қалдырған": Атырауда ата-анасын өлтіріп, өзіне қол салған жігітке қатысты тың дерек шықты
Фото: polisia.kz
1,896
оқылды

Атырауда жаға ұстатар жағдай болып, ер адам әке-шешесін өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсаған. Қазір 25 жастағы ер адам неге мұндай қадамға барғанын полиция тергеп жатыр, – деп хабарлайды  Aikyn.kz.

"Астана" телеарнасының мәліметінше, қазір әлеуметтік желіде қылмысқа қатысты түрлі әңгіме желдей есіп жүр, соның ішінде ер адам ата-анасына бірнеше рет пышақ сұғып, ақ параққа "кешіріңдер мені" деген жазба қалдырғаны да айтылады.

"Жігітті бірі – ғаламтордағы ойынның тапсырмасын орындаған десе, бірі – лудоман болған деп, сан-саққа жүгіртіп жатыр. Полиция жігіттің бұрын-сонды істі болмағанын және есірткіге қатысты тіркеуде тұрмағанын айтты", – деп жазылған телеарна мәліметінде. 

Атырау облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ерлі-зайыптыны өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ қайтыс болған ер адам мен әйелдің ұлының денесі табылған.

"Алдын ала мәліметтер бойынша 25 жастағы ер адам 65 және 58 жастағы ата-анасын өлтірген, содан кейін өз өмірін қиған. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша жедел тергеу жүргізіліп жатыр", – деді Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.