Бұл опера классикалық барокко музыкасын, бірегей режиссерлік тұжырымдаманы, көрнекі табыстар мен қазақстандық солистердің шебер орындауларын өзіне біріктірген айтулы оқиғаға айналды.
А.Вивальди «Қаһарлы Орландоны» 1724 жылы жазған. Оған операны дүниеге әкелуге Лудовико Ариостоның сол кезде-ақ әдеби жауһар ретінде танымалдылыққа ие болған аттас эпостық поэмасы шабыт берген. Композитор кейіпкерлердің эмоциялық тереңдігі мен оқиғалардың драмалық өзектілігін атап көрсету үшін жаңа операда музыканың мүмкіндіктерін барынша қолданған.
Опера Венецияда пайда болды, ол кезде Вивальди Sant'Angelo театрында жұмыс істейтін. Вокал әдемілігі мен әсерлі арияларға қатты назар аударуды талап еткен жалпы дәстүрлерге қарамастан, Вивальди кейіпкерлердің мінездерінің дамуына және симфониялық сүйемелдеуге баса ден қойды. Вивальдидің музыкасы үйлесімді шешімдердің күрделілігімен, әсіресе Анжеликаға деген жауапсыз махаббатының салдарынан ақылынан адасқан басты кейіпкер Орландоның ессіздігін атап көрсететін тембрлер мен ырғақтардың қарама-қайшылығымен ерекшеленеді.
Театрдың осынау операға ден қойған себебі – ол Қазақстанда ешқашан ұсынылмаған және біздің елімізде А.Вивальдиді негізінен «Жыл мезгілдерінің» авторы ретінде таниды. Бастапқыда опера сол кезеңдердегі дәстүр бойынша кастраттарға арнап жазылған еді, алайда бұл туындының «Астана Опера» сахнасындағы заманауи интерпретациясы партияларды қазіргі орындаушыларға бейімдеді. Орландоны таныстырған Расул Жармағамбетов пен Сұлтан Бақытжан Вивальдидің кейіпкерге салған барлық эмоциялар палитрасын жеткізе білді. Бұл – операдағы ең күрделі кейіпкерлердің бірі, себебі ол таза вокалмен қатар, терең психологиялық зерттеуді талап етеді. Р.Жармағамбетов пен С.Бақытжан осынау тапсырманы ойдағыдай орындап, кейіпкердің ессіздігін жеткізді.
Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекованың орындауындағы Альчина қойылым тобы ойластырғандай спектакльдің нағыз басты кейіпкеріне айналды. Олар сомдаған бейне — зұлым сиқыршы, адам жанының зерттеушісі, кейіпкерлердің тағдырымен ойнап, оларды өзінің шынысындағы қоспалардай көретін алхимия магистрі. Оның зертханасында болатын сахналар көрнекі символдарға толы болды: шынылар, бальзамдалған жүректер — осының барлығы жұмбақ атмосфера жасап, оған қарсы тұруға батылы жеткендер үшін қайғылы аяқталатындай көрінді. Билік етуге және мәңгілік болуға деген құштарлығына ерік берген кейіпкерлерінің зұлым күшін әртістер шебер жеткізді.
Брадаманте партиясын орындаған танымал қазақстандық солист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметованың қатысуы қойылымға көрік берді. Театрдың жетекші солисі вокал техникасын шебер меңгергенін, өз кейіпкерінің жан дүниесін терең түсінетінін паш етіп, көрермендерге оның сүйіктісі Руджеро үшін күресін сезінуге мәжбүрледі. Осы партияда көрерменнің алдына екінші күні шыққан Лейла Аламанова батыл әрі адал жардың бейнесін көрсетті. Сондай-ақ Анжелика партиясын орындаған Әсем Сембина мен «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова да қойылымға жарқын вокалдық бояу қосып, көрермендерді тәнті етті. Артур Ғабдиев пен Әлихан Зейнолланың орындауындағы Медордың партиясы да бұдан артық болмаса, кем түспеді. Олардың Анжеликамен дуэттері спектакльдің әсерлі шарықтау шегіне айналды. Әртістер шынайы құштарлықты жеткізіп, бұл олардың сахнадағы өзара әрекеттестігін ерекше қызықты етті. Нарұл Тойкенов пен Батыржан Смақов (Руджеро) таусылмас қуат пен батырлықты паш етіп, операның жауынгерлік рухын айшықтады. Алтынбек Әбілда мен Ермек Қасым Астольфоның партиясын орындап, вокалдық икемділікті көрсетті. Қос орындаушының да музыкалық түсіндірмесі нақты болып, екеуі де жалпы дыбыстауға сәтті қосылып отырды.
Камералық оркестрді басқарған қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдин Вивальдидің музыкасындағы қарама-қайшылықты, яғни құштарлықтың екпінді дауылдарынан бастап, лирикалық баяу сәттерге дейін атап көрсетті. Оның жетекшілігімен оркестр операның барлық эмоциялық қыр-сырын керемет жеткізді.
Алайда вокалдық партиялар ғана емес, сондай-ақ режиссер әрі вокал коучы ретінде де танымал қоюшы режиссер Алла Симонишвилидің солистермен атқарған қажырлы жұмысы да таңдануға лайық екенін айта кетуіміз керек. Жаңа музыкалық тұжырымдама авторының операның сахналық пайымдауы тарихи мазмұн мен барокко музыкасының әлдебір нәзік бірігуіндей шықты. Онда дәстүрлер мен жаңашылдық жарасымды үйлесім тапты. Камералық зал сахнасы мұндай ауқымды опера үшін әжептәуір шағын болғанына қарамастан, режиссер спектакль кезіндегі әртістердің орнын ептілікпен ойластырып, осының арқасында сахнаның әр бұрышында тіршілік қайнап жатты. Танымал сценограф Манана Гунианың декорациялары мен костюмдері бұрын өткен дәуірдің атмосферасын керемет жандандырды. Толып жатқан еріген майшамдар, канделябрлер, құпия күштің атмосферасын жасаған басқа да дүниелер таңғалдырды. Әскери костюмдер батырлық рухын жеткізсе, тастармен безендірілген кестелі сәнді көйлектер, қиял-ғажайып кейіпкерлердің костюмдері суретшінің танымал әлемдік классикаға деген өзгеше көзқарасын паш етті.
Сергей Кулак жасаған жарық эффектілерінің сиқыры таңданысты күшейте түсті. Оқиға алып құтының ішінде болып жатқандай, кейіпкерлер тәжірибе нысанына айналғандай көрінді. Жарықтың алқызыл түстен қып-қызыл түске өтуі кейіпкерлердің құштарлығының қалай күшейіп жатқанын бейнеледі. Ал енді бірде бүкіл сахнаны Альчинаның күйреген әлемінің күңгірт жарығы басты.
Ғасырлар өткеніне қарамастан, қоюшылардың барлық әлемдегі бейбітшілік пен махаббат идеясына сенуінің арқасында Астанадағы премьера осынау операның қуаты мен өзектілігі сақталғанын көрсетті. Бұл жұмыс «Астана Операның» осыдан бес жыл бұрын жүзеге асырылған «Piccolo театры» жобасы көрермендерді жаңа қойылымдармен қуантып, камералық спектакльдерге арналған бірегей платформа ретінде дамуын жалғастырып жатқанын кезекті мәрте дәлелдеді.