ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан халқымыздың ұлы тұлғалардың бейнесін мазақ етіп, мадақтағандарды жауапқа тарту керегін талап етті.
Ахмет Байтұрсынұлы, Мұқағали Мақатаевтардың аруағына тіл тигізіп, қоғамның жанын түршіктірді  – Жанарбек Әшімжан
1,149
оқылды

 Жанарбек Әшімжанның айтуынша, соңғы кездері мұндай әрекет жастар арасында белең алып жатыр.

– Қоғамда адам баласының жағасын ұстататын, ұлттың сапасына әсер ететін жағдайлар толастамай тұр. Ар мен ұят босағада қалып, өсек пен өтірік, жәдігөйлік пен жарамсақтық, қатыгездік ұрпақ санасын улап, қоғамды шырмап барады. Һакім Абайдың «Қорқамын кейінгі жас балалардан...» деген сөзі тура бүгінгі дәуірге дөп келіп тұрғандай.

Қазақ халқы әлімсақтан өткеніне құрметпен, келешегіне үмітпен қараған, Тұлғасын – Тудай желбіретіп, ұрпағын сол ұлы Тұлғаларға қарап бой түзеткен ел еді. Ал «Ежірей деген ұлың, Бедірей деген қызың болады» деп Мөңке би болжаған бұлдыр кезеңнің сұрқай келбеті келіп қалған жоқ па? Қоғамдағы кейбір жастардың шалыс қадамы сондай үрей шақырады. 

Өкінішке қарай, соңғы уақытта Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған тұлғаларға тас атып, мансұқтап, бағытынан адасып жүрген жастарымыздың қатары көбейіп барады. Ұлы Абайды – кришнайт, Сәкенді сатқын, Мұстафаны қашқын, Әлиханды жөйіт, Жыр алыбы – Жамбылды «туфли жалағыш», Шәмшіні «арақкеш» деп, батырларымызды – байғұс, тұлғаларымызды – тулақ етіп жатқан мысалдар аз емес.  Жақында әлеуметтік желіде бір желөкпенің ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың бейнесін бас салып тоқпақтап, жұдырықтап жатқанын көріп, жанымыздан түңілдік. Ұлттың Арын жарты шөлмек шарапқа, намысын бүтін нанға сататын, көңілін ит жалаған, ниетіне қасқыр шапқан замандастарымның қатары көбейіп бара жатқаны қынжылтады.

Ал күні кеше надандық пен топастықтың қиылысқан нүктесінен бүр жарған жас бала қазақ поэзиясының таутұлғасы Мұқағали Мақатаевтың аруағына тіл тигізіп, елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Тұлғалардың бәрі – ұлтқа ортақ. Талдап, таразылап жатпайын, бұл келеңсіз оқиға бүкіл қоғамның жанын түршіктірді, – деді ол.

Депутат осыған тиісті органдардың кінәлілерді анықтап, жауапқа тартуын талап кетті. 

– Еліміздің құзырлы орындары мен жауапты мемлекеттік органдар тарапынан мұндай қадамдарға тиісті құқықтық бағасы уақытылы берілмеген жерде түрлі әлеуметтік топтар өз бетінше жазалау шарасына көшеді. Әлеуметтік желілерде тарихи тұлғаларға ғана емес, тіл мен дінге, ұлттың намысына, еңбек қатынасындағы әділетсіздіктерге байланысты «жазалау» шаралары аз емес. Мұқағалиға қатысты жағдайда да ашуға булығып, шарасыздыққа ұшыраған азаматтар сондай қадамға барды. Жеке аккаунтында адам жинап атаққа шығам деген баланы әке-шешесімен ақынның туған жеріне алып барып, кешірім сұратты. Жанұшырған қарт кісінің тау баурайын жаңғыртқан жанайқайының түп тамыры қайда жатыр? Намыстан жарыла жаздаған жұрттың бұл қадамын қоғам әртүрлі қабылдады, әрине. Жастықта көкірек – зор, уайым – жоқ.

Кәрісі кімнің жоқ болса, жасы болар дуана. Алайда  рухани тұрғыда кез келген кері әрекетке тиісті уәкілетті органдар тарапынан жауап берілмеген жерде осындай жағдайлар болады. Ел Президентінің сәт сайын «қоғамда заң үстемдігі және тәртіп салтанат құру керек!» деген сөзінің түп мағынасы осы емес пе, ағайын!  Шіріген ауыздан шыққан сөзді жөндеймін деп, намысты жас өрендеріміздің заң аясында опық жеп қалуы мүмкін еді. Сондықтан  қоғамда бірінші кезекте заң сөйлеуі керек. Сонда ғана, біз тәртіпке бағынатын қоғам құратынымыз анық.

Қоғамда рухани тұрғыдан азғындаған тобырлық мәдениет қатты белең алып барады. Мұның басты себебі – патриоттық сана мен ұлттық тәрбиеде, отбасылық құндылықта кетіп жатқан кесел-кемшіліктер. Сосын науқаншылдық пен жалған жасампаздықтың, мемлекет қазынасын желге ұшырып жатқан жемқорлықтың кесірі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген. Ал бесігімізді қандай құндылықтар тербеп жатыр? Елдің ертеңін сеніп тапсыратын ұрпақ қалыптастырамыз десек, үкіметтік деңгейде жеделдетіп, Ұлттық құндылықтар жүйесіне арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу қажет. Балабақшаларда, мектептерде, оқу-ағарту бағытында бұлжымас ұлттық тәрбие мен патриоттық іс-қимыл шараларын жүзеге асырылуы тиіс.

Үкімет ұлтымыздың ұлы тұлғаларына тіл тигізуге, қорлауға жол бермейтін шараларды заңдық тұрғыдан қолға алуы керек деп санаймыз. Ел мақтаныштарының ар-намысын аяққа таптағандар заң алдында жауап беріп, тиісті жазасын алған жағдайда ғана ұлттық құндылықтарымызды қастерлей аламыз, – дейді  "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан.