«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев құқық қорғау және құзырлы органдарының әрекетсіздігін сөз етті.
Талғардағы жағдай: Шерзаттың ісін құзырлы органдар неге жауып отыр?
1,800
оқылды

Депутат  кеше ғана Алматы облысы Талғар ауданында болған марқұм Шерзаттың оқиғасын қозғады.  

– Қоғамды қамықтыратыны сол, соңғы уақытта жасөспірімдердің бір-бірін аяусыз соққыға жығуы, қорлауы, ең сорақысы арты өлімге апаратын қайғылы жайттар жиілеп кетті. Телеарнаны қосып қалғанда, газет бетін ашып қалғанда, радионы басып қалғанда азаматтар бірі-бірін ұрды, соқты деген ақпараттан көз ашпайтын болдық. «Біздің қоғам қайда бара жатыр?», – деген сұрақтың көпшіліктің көкейінде көлкіп тұруы заңдылық осындайда. 

Кеше ғана Талғардағы дүкенде болған жағдай есімізді екеу, түсімізді төртеу қылды. Талғардағы тексіздердің тентектігінен 16 жастағы жігіт, бір әулеттің аймаңдай азаматы Шерзат көз жұмды. Әкесі мен бауыры соққыға жығылды.  "Баланың ажалына не себеп?" деген сұрақ туады. Сондағысы бір бөтелке алкоголь. Қазақ: «Арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» дейді. Ішкіштің өзі  адамгершілігімен қоштасып қана қоймай, кінәсіз кісілердің өмірімен қоштасуына себеп болғаны қатты қапаландырады, – деген ол.

Нартай Аралбайұлы қазір бұл іс бойынша тергеудің туралап тұрғанын айтты.  

"Осындайда біздің қоғам қауіпсіз бе өзі, заң кімнің жағында?" деген сұрақ туады. Себебі Шерзаттың әкесі тергеудің тұралап тұрғанын, аудандағы құзырлы орын өкілдерінің істі созбаққа салып жатқанын, қылмыскерді қойып баласынан айырылған отбасын түнде тергеуге шақырып алып өктем сөйлегенін айтып бейнеүндеу жасады.  Ел өре түрегелді, артынша «істі ІІМ өз бақылауына алды» деген ақпарат тарады. Қоғамды қорқытатыны осы, қылмыскерді жазалау үшін, әділдікке жету үшін бейнеүндеу жасап, әр істі бір министрдің бақылауға алғанын күтіп отыру керек пе? Неге жергілікті жердегі құқық қорғау орындары дереу істің ақ-қарасын анықтап әділ тергеу өткізбейді?

Мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс. Президенттің: «Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет» дегенін де ескертейін. Оған қоса, мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды деп білемін. Сондықтан қылмыс болғанда құқық қорғау органдары бірден әрекет етуі керек. Әйтпесе, жапа шеккен отбасының мүшелері ашуға бой алдырып, қылмыскерді жазалауға өздері бекінуі мүмкін", – дейді депутат.  

Нартай Сәрсенғалиев елімізді мұндай жағдайдың жиі кездесетінін қозғай отырып, осы жылдың қыркүйегінде Ақтөбе облысында 14 жастағы Сыдық Нұржанды жоғары сыныпта оқитын он шақты оқушы жабылып сабап, салдарынан баланың қаза болғанын еске алды.

"Ол кезде де марқұмның әпкесі әлеуметтік желіге шығып, әділдік іздеп құзырлы органдарға жүгінді. Қылмыскерлер жазасыз қалмайтынына сенсе жұрт бұлай шарқ ұрмас еді.  Сол Алматы облысының Талғар ауданында қыркүйек айының соңында бір тәрбиесіз бұзақының кішкентай баланы аяусыз сабағаны түсірілген бейнежазба тараған еді. Ол кезде Алматы облысының полицейлері істі бақылауға алдық деді. Алайда арада апта өткенде сол Талғарда 16 жастағы ұлды бір топ қаскөй өлтіріп кетті" деген депутат Қазақстан  Бас прокуроры Берік Асылов, ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың бұл істі қадағалауын талап етті.

 – Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған  қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс. Аталған іс бойынша барлық құқық қорғау органдары тізе қосып, оқиғаның заңды құқықтық бағасын тез арада беруі қажет.  Білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» атты пән бар. Бірақ оның сапасына қатысты сын көп. Аталған пәннің бағдарламасын қайта жасап, балалар өмірде бетпе-бет келетін жайттар мен өмірден алынған нақты кейстерге сүйеніп оқыту керек.  Мемлекет басшысы ұсынған Заң мен Тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет, – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының  мүшесі.

Сондықтан мұндай жағдайда біз тек қана заң үстемдігіне иек артуымыз тиіс. Президенттің: «Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет» дегенін де ескертейін.

Сондай-ақ, әрбіріміз заңның орындалуын талап етеміз деп, өзіміз заң бұзбауымыз қажет. Ешқандайда эмоцияға берілмей, әрбір іске заң аясында салқынқандылықпен қарау міндетіміз.

Оған қоса мемлекеттік деңгейде полиция мен құқық қорғау органдарына деген сенімділікті арттыратын жұмыстарды іске асыру маңызды деп білемін.

Мемлекет басшысы ұсынған заң мен тәртіп қағидатына сүйене отырып, елдегі құқық қорғау жүйесіне, полицияға деген халық сенімін күшейту, қоғам көзқарасын өзгерту бойынша жалпымемлекеттік деңгейде кешенді шаралар қабылдау қажет. Адал қызмет болмаса, сенім болмайды, ал сенім болмаса түбінде ел болмаймыз. Осыны ұмытпайық!