Алматыда түркологияға арналған кітаптар таныстырылды

Дөңгелек үстел отырысында Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйлеп, кітаптардың маңызына тоқталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тіл қазынасы – бірлік негізі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтіп, түркологияға қатысты бірқатар кітаптың тұсауы кесілді.

Атап айтқанда ҚазҰУ ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Жансейіт Түймебаевтың «Түркі-моңғол лексикалық параллельдерін тарихи-генетикалық тұрғыдан ажыратудың теориялық қағидалары мен критерийлері» атты монографиялық еңбегі, ақын, ғалым Бекир Чобанзаденің «Тілтұтқа» жинағы, сондай-ақ «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері».

Аталған кітаптар ҚазҰУ мен Түркі академиясының ынтымақтастығы аясында басылып шықты.  

Ауқымды шараға Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Эврен Мюдеррисоглу, ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, филология ғылымының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова, шетелдік ғалымдар, түрколог мамандар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Дөңгелек үстел отырысында Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйлеп, кітаптардың маңыздылығына тоқталды. 

«Бүгінгі жаңадан басылып шыққан кітаптар біз бен бауырлас мемлекеттің ғылыми байланысын одан әрі арттыруға үлкен мүмкіндік береді. 2024 жылы Түркі академиясы 64 кітапты жарыққа шығаруды жоспарлады. Академияның бастамасымен ақын, ғалым Бекир Чобанзаденің бірқатар еңбектері алғаш рет қазақ тіліне аударылып, жақын арада оқырманға «Тілтұтқа» деген жалпы атаумен ұсынылады. Біз осы басылымға 2007 жылы Баку қаласында архивтік материалдар негізінде дайындалған бес томдықты пайдаландық. Жансейіт Түймебаевтың кітабында түркі және моңғол тілдерінің лексикасы семантикалық және морфологиялық деңгейде жан-жақты қаралған. Кітапта автор бұрын зерттелмеген қазақ тілінің тарихи лексикологиясының бірқатар аспектілерін ашқан.  Бұл басылым түркология және алтайтануға қызығушылық танытқан барша оқырманға арналған. Соңғы екі жылда Түркі академиясы «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» жобасын жүзеге асырды. Осы сөздіктерді дайындау бастамасы түрлі салалардағы терминологияны стандарттауға, ортақ терминдерді анықтауға және түркі мемлекеттерінің ғылыми тілдерін дамытуға бағытталды. «Түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері» сериясы экономика, медицина, әскери іс, ауыл шаруашылығы, қоршаған орта, мәдениет пен өнер, саясат, құқық, көлік және т.б. көптеген салаларды қамтиды», – деді Асхат Кесікбаев.

Өз кезегінде ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйледі.

«Бұл жаңа басылымдар ғылымның, мәдениеттің және халықаралық ынтымақтастықтың одан әрі жандануына ықпал етеді. Бұл еңбектер академиялық қоғамдастықтың дамуына және  жас ғалымдар мен студенттер үшін  пайдалы болады деп сенемін. Біздің ЖОО-ның оқытушы-профессорлар құрамы білім беруде үздік тәсілдерге сүйене отырып, жастарды оқытады. Бүгінгі кітаптар түрколог және тіл мамандарын даярлауда таптырмас құрал болары сөзсіз», – деді проректор.

Сондай-ақ жиында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан, филология ғылымының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова, Түркітану және тіл теориясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Раушан Авакова баяндама жасады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.