Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы өтті.
Өркениеттер арасындағы диалог
648
оқылды

Жиын барысында Съездің ізгі ниет елшілері сайланды, одан кейін Хатшылық отырысының қатысушыларымен екіжақты кездесулер өтті. Ал Жас діни лидерлер форумына қатысқан Сенат Спикері Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдас­тырылған кездесуге 19 елден келген дін қызметкер­лері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ауқымды іс-шара түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идея­ға табан тірейді. Отырысқа қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жөнінде пікір алмасып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы VIII Съезінің күн тәртібін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында Съездің Ізгі ниет елшілері сайланды және дін қызметкерлері жоғары наградалармен марапатталды.

Хатшылық басшысы қазір жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, мұндай жағдай олардың ықпалын арттыра түсетінін айтып, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдау­лымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындар­дың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық конструктивті күштердің әлеуетін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңы­зы артып келе жатқанын атап өткен жөн. Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақала­сында атап өткендей: «Қазір әлемде саяси белгісіз­дік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өрке­ниеттер арасындағы диалогті арттыру аса маңыз­ды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі сияқты диалог алаң­дарын дамыту айрықша мәнге ие», – деді Съезд Хатшылығының басшысы.

Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және соның аясында қазір басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. Сондай-ақ мызғымас рухани және адамгершілік құндылық­тарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі беріліп, оның ережесі белгіленді. Нақты айтқанда, аталған мәртебеге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддисттік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Пат­риархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесі­нің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орын­басары Джо Уэллс лайық деп танылды.

Мәулен Әшімбаев отырыс аясында дін көшбас­шыларымен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Онда тараптар Съезді дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру бағытындағы перспективалық басымдықтарды белгіледі. Сондай-ақ келесі жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне дайындық жоспарын талқылады. Мәселен, Қасиетті Тақтың дінаралық диалогі жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесуде сұхбаттасушылар Съезд Хатшылығы мен Қасиетті Тақтың жемісті ынтымақтастығына назар аударылса, Қытай буддистер қауымдастығының вице-президенті Чжэн Цэмен кездесуде адамзатты алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуде жас дін лидерлерінің әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі әңгімеге арқау болды. Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсаламмен кездесуде Мәулен Әшімбаев мейманды Съездің Ізгі ниет елшісі болып сайлануымен құттықтады.

Келесі күні Астанада «Ортақ болашақ жолында: жас көшбасшылардың дінаралық диалогті нығайтудағы рөлі» тақырыбына арналған алғашқы Жас діни лидерлер форумы өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясында ұйымдастырылған іс-шараға әлемнің 30-дан астам елінен келген делегаттар қатысып, қазір өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады. Отырыстың нәтижесінде жас дін лидерлерінің бірлескен үндеуі қабылданып, алдағы ортақ жұмыстың басым бағыттары белгіленді. Форумды ашқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді. 

Онда Мемлекет басшысы екі жыл бұрын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде оның жұмысын жандандыратын жаңа тәсілдер ойластыруды ұсынғанын атап өткен. Бұл бастаманы делегаттар бірауыздан қолдады. Қазір осы бағытта бірқатар игілікті іс табысты жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Жас діни лидерлер форумы.

«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары­ның съезі өркениеттер үндестігін орнықтырып, бейбітшілік пен келісімді дәріптейтін бірегей диалог алаңы саналады. Осы аса маңызды іске жас буын өкілдерін жұмылдыру – уақыт талабы. Себебі өскелең ұрпақ – қашанда жасампаздық пен жаңашылдықтың жаршысы. Түрлі елде тұратын жастардың дін саласындағы ынтымақтастығы адамзаттың рухани болашағын айқындауға тікелей әсер етеді. Қазір әлемде геосаяси қайшылықтардың салдарынан түрлі сын-қатер пайда болды. Осы алмағайып кезеңде халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Ал оған жастардың белсене қатысуы жұмысқа тың серпін берері сөзсіз», – делінген Мемлекет бас­шысының құттықтауында.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Форум жас көшбасшылар арасындағы дінаралық диалогтің бірегей платформасына айналып, қазіргі сын-қатерлерді еңсеру ісінде жастардың күш-жігерін біріктіретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздейді.

Панельдік сессиялар барысында жас дін көшбасшыларының әлемнің тұрақты дамуындағы рөлі, жаңа технологиялар дәуіріндегі рухани құндылықтар, оның ішінде жасанды интеллекттің сын-қатерлері мен мүмкіндіктері кеңінен талқы­ланды.

Форум кезінде Қасиетті Тақтың дінаралық диалогі жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акаше, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед абделсалам, БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри, Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Бэйли Уэллс, «Діндер бейбітшілік үшін» үкіметтік емес ұйымы Бас хатшысының орынбасары Дипика Сингх, Тонаф институтының президенті Эммануэль Ганс, «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Ершат Оңғар және басқа да жас дін лидерлері сөз сөйледі.