Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жыл сайын ұлттық қордың инвестициялардан түскен табысының 50 пайызы кәмелеттік жасқа толмаған балалардың жинақтау шоттарына аударылады.
«Ұлттық қор – балаларға»: жастарға жігер берер жоба
406
оқылды

Биылғы ақпан айынан бастап қазақстандықтар алғашқы төлемдерін ала бастады. Қор қаржысы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, сондай-ақ балалардың білім ақысын төлеуге бағытталады. Қазақстандықтар қаржыны алу үшін нысаналы жинақтарды пайдалану бойынша уәкілетті оператор ретінде тіркелген банктерге өтініш беруі қажет.

Айта кетсек, тұрғын үй жағдайын жақ­сар­туға арналған нысаналы жинақтарды пай­далану жөніндегі уәкілетті оператор ре­тінде «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» АҚ белгіленген, ал білім алу­ға арналған нысаналы жинақтарды 2 уә­кілетті оператор – «Отбасы банкі» тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қа­­­­зақстан Халық банкі» АҚ арқылы пай­далануға болады.

Сондай-ақ жалпы «Ұлттық қор – ба­ла­ларға» жобасының операторы ре­тінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қо­ры белгіленді. Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының мәліметіне сүйенсек, «Ұлт­тық қор – балаларға» бағдарламасын іс­ке асырудың жеті айында, яғни 2024 жыл­­дың 1 тамызындағы жағдай бойынша зей­­нетақы қоры жалпы көлемі 1,7 мил­лион АҚШ долларына 16 мың 891 өтінімді қа­­рап, орындады. Яғни, белгіленген қара­жат өтініш берушілердің банктік шот­та­рына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды.

Миллионға жуық бала қор қаржысын пайдалана алады

Түркістан облысы білім басқарма­сы­ның хабарлауынша, өңірде 18 жасқа дейін­гі 964 мың 676 бала бар. Биыл оның 41 мың 841-і кәмелеттік жасқа толады. Осы ретте Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қорына Түркістан облысынан Ұлттық қордың қаржысын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға 608 өтінім келіп түсіпті. Оның ішінде 485 баланың банктік шотына жал­пы көлемі 48 мың 474,05 АҚШ дол­лары аударылған. Ал қаржыны білім алу үшін пайдалануға Түркістан облысының 453 тұрғынынан өтінім келіп түссе, оның ішін­де 296 баланың банктік шотына 29 мың 592,13 АҚШ доллары көлемінде ақ­ша аударылған. Жалпы, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша ең көп өтініш Түркістан облысынан келіп түскен. 

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Түр­кістан облысына келген іс са­пары барысында «Түркістан облысы – елі­міздегі халық ең тығыз қоныстанған ай­мақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұра­ды. Әлеуметтік саладағы бастамалар әр азаматтың тұрмысына өзгеріс әкеледі. Об­лыста апатты жағдайдағы және үш ауы­сыммен оқитын мектептер әлі де бар. Мем­лекет бұл мәселені шешуге барынша күш салады. Себебі еліміздің әрбір 7-ші сә­биі осы өңірде дүниеге келеді. Оларға са­палы білім ордаларын салып, жағдай жа­сау – маңызды міндеттің бірі», – деп атап өткен болатын. Сонымен қатар «Біз жа­лынды жастарға өмірде өзінің лайықты ор­нын табуға жағдай жасаймыз». «Мен «Ұлт­тық қор – балаларға» атты жаңа бағ­дар­лама қабылдауды ұсындым. Біз қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табы­сы­ның тең жартысын балалардың есеп­шо­тына аударатын боламыз. Бұл қаржыны олар кәмелет жасына толғаннан кейін бас­панаға немесе білім алуға жұмсай ала­ды. Осы шешім ұлттық табысты әділ бөлу қа­ғидатына сай келеді деп есептеймін. Атал­ған шаралардың бәрі өскелең ұрпақ­тың болашағына арналады» деген-ді. 

Мемлекет басшысының осынау сөзі жастарға жігер берді. Бұйыр­са, түркістандық жастар да кәмелет жасқа тол­ғанда «Ұлттық қор – балаларға» қо­рын­дағы қаржыларын толық пайдаланып, қазірден болашағын жоспарлай алады. 

Бүгінде Түркістан облысында болаша­ғы­нан мол үміт күтетін жастар өсіп келеді. Жуыр­да ұстаздар күніне арналған салта­нат­ты жиында Түркістан облысының әкі­мі Дархан Сатыбалды айрықша еңбе­гі­мен көзге түскен ұстазды ерекше мара­пат­тады. Шәкірті 42 елдің оқу орын­да­ры­нан шақырту алған «Түркістан Білім-ин­но­вация» лицейінің география пәнінің мұ­ғалімі Бастами Арғын Ержанұлына об­лыстың атын елімізден бөлек, әлемге та­нытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін та­быстады. Оның шәкірті Ислам Әбдірах­ма­нов қазір АҚШ-та оқып жатыр. Бұдан бө­лек, оқушылары республикалық олим­пиаданың жеңімпаздары болған, өзі іскер, белсенді, облыстық, республикалық бай­қау­лардың жүлдегері Төлеби ауданы Қо­сан Мамытов атындағы мектебінің био­логия пәнінің мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук тарту етті. Міне, бүгінде өңірде осындай сый­лық­қа лайықты ұстаздардың білімді, та­лант­ты шәкірттері өсіп келеді. 

Түркістан облысының Білім басқар­ма­сының басшысы Ғалымжан Жұмашев об­лыс балабақшаларында – 156 мың, мек­тептерде – 522 мың және колледждерде – 42 мыңнан астам шәкірт білім алып жат­қанын, ал осынау ұрпақты тәрбие­леу­мен 85 мыңнан астам ұстаз айналысып отыр­ғанын атап өтті.

Балалардың болашағына ерекше көңіл бөлінген

Атап өтейік, биыл облысымызда білім саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Аман­гелдіұлының тапсырмасымен биыл 3,5 млрд теңгеге 265 арнайы пән каби­нет­тері алынуда. Сонымен қатар мектеп­тер­дегі интернет жылдамдығын ретке келтіру мақ­сатында 630 млн теңгеге 330 мектепке Starlink құрылғысы орнатылған. Үздік пе­дагогтерді басшылық қызметке кон­курс­сыз тағайындау үшін Оқу-ағарту ми­нистрлігімен бірлесіп, 150 адамнан тұра­тын кадрлық резерв жасақталуда.

«Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлт­тық педагогикалық университетімен рес­публикада алғаш рет біздің облыстың 500-ден аса мектеп директорлары арнайы ме­неджмент курстарынан өте бастады. Мұ­ғалімдер мен әдіскерлеріміз Жапония, АҚШ, Германия, Франция, Малайзия жә­не Финляндия елдерінде арнайы ха­лық­аралық оқу курстарына барып, білік­тіліктерін арттырды. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар өз жалғасын табатын болады. Об­лыста 419 мектеп асханасы жеке ин­вес­торлармен жаңғырту жобасы іске аса бас­тады. Сонымен қатар биыл 300-ден ас­там білім беру мекемелері жөндеуден өт­­кізілді», – дейді Ғалымжан Сұлтан­бек­ұлы.

Одан бөлек, өңірде 29 жайлы мектеп құры­лысы жүруде. Сондай-ақ облыстық жә­не арнайы қордың (Білім инфра­құры­лы­мын дамыту қоры) қаржы көздерінен 21 мектеп салынуда.

Биыл облыс колледждерінде 10 жаңа ма­мандық ашылып, онда дәріс оқитын оқы­тушылар мен шеберлер көршілес ТМД мемлекеттерінде, сондай-ақ Гер­ма­ния, Франция, Аустрия, Түркия және Қы­тайда арнайы халықаралық оқу курс­тарынан өтіп жатыр.

Білім басқармасының басшысы со­­ны­мен бірге облыстың барлық мек­тептеріне жаңа оқу жылынан бастап тың инновациялық жобалар енгізілетінін, бұл білім сапасына оң әсер етуі тиістігін жет­кізді. «Корей еліндегі ІТ саласындағы көш­басшы жоғары оқу орыны WOOSONG университетімен келіссөздер жүргі­зіл­генін, енді облыс әкімдігі Ғылым және жо­ғары білім министрлігінің қолдауымен 2025 жылы Түркістан қаласынан WOOSONG университетінің өкілдігін аша­ты­нын мәлімдеді. Онда ІТ саласы бойынша кәсіби мамандарды даярлайтын болады.

«Балаға дұрыс білім берілмесе, оның эко­номикалық ауыртпалығы ел дамуын те­жейтін болады. Сондықтан да бала оқыту ісіне жауапкершілікті күшейтіп, нә­тиже шығарады деп сенемін! Ол үшін ал­дымен педагогтердің өзі кәсіби білімді болуы тиіс», – деді Ғалымжан Сұлтан­бек­ұлы. 

Мемлекет басшысының бастамасымен жү­зеге асып отырған осынау балаларға ар­­­­­налған қамқорлықтардың нәтижесінде еліміздің ертеңіне сенім мол. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы