Қазір қоғамда түрлі мәселе бар. Оның ішінде ең маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйі.
Мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын үйдің лифті неге жиі бұзылады?
856
оқылды

Ресми дерек бойынша, елімізде 700 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың өмірінде туындап отырған әлеуметтік мәселе әркез қоғамның назарында. Мұны осыдан бірер жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында айтқан еді.

«Маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», – деді ол.

Үй бар, бірақ лифт «жоқ»...

Иә, Президент айтқан сөз араға қанша жыл салынса да, әлі өзекті болып отыр. Себебі жергілікті атқамінерлердің жауапсыздығынан ба, әлде мәселеге бей-жай қарауынан ба, тіпті қарапайым істің өзі шешімін таппай отыр. Неге «қарапайым» деп отырғанымызды енді түсіндіре кетейік...

Жақында Aikyn.kz сайтына БҚО, Орал  қаласы, Ақан сері көшесі, 47/1 мекенжайында тұратын тұрғындар арыз-шағымын айтып, байланысқа шықты. Бұл үй негізі мүмкіндігі шектеулі жандарға аз пайызбен несиеге берілген, 9 қабаттан тұрады. Бірақ тұрғындардың сөзінше, сол тұрғын үйде лифт жиі бұзылады. Аптасына кемі 1-2 рет бұзылатын лифттің кесірінен, туыстары мүгедек жандарды 9 қабатқа дейін жаяу көтеріп апаруға мәжбүр. Бізге мән-жайды толық баяндап берген Эльмира ханымның айтуынша, лифт дұрыс жұмыс істемегендіктен, мүмкіндігі шектеулі балалар да аулаға таза ауа жұтуға шыға алмай отыр.

- Көп болған жоқ, биыл наурызда жаңадан 2 бөлмелі үй алғанбыз. Бірақ үйдегі лифт үнемі бұзылады. Тіпті сенбі, жексенбі күндері де істемей қалады. Біраз жерге шағымдандық. Үнімізді өзіміз тұратын жердегі, яғни Зачаганск ауданындағы сайланған депутатқа дейін жеткіздік. Еш нәтиже болмады. Негізі бұл үйде тұратындардың көбі – мүгедек арбасына таңылғандар. Одан бөлек солардың арасында менің балам секілді жүре алмайтындар да тұрады, – дейді Эльмира Мукашева.

Бір қызығы жергілікті әкімдік те бұл жағдайды жақсы біледі екен. Себебі тұрғын үй арнайы мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген. Бірақ тегін емес. Кәдімгі ай сайынғы ақшасын төлеп отыратын ипотекаға берілген. Мұндағы тұрғынның сөзінше, олар 1 жылға деп лифт қызметіне де ақшасын төлеп қойған. Бірақ оның жиі істен шығуы дені сау адамның да мазасын алып отыр. Аталған мәселені естіп, БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің атына ресми сауал жолдаған едік. Бас-аяғы 14 жерге «жолданған» сауалымызға Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауап берді. Жауапты мемлекеттік мекеменің сөзінше, жолаушылар лифтін «жаңалау» мүмкін емес.

Пайдалану мерзімі 25 жылға берілген...

- Ақан сері көшесі, 47/1 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйде «Лифт Монтаж Строй» ЖШС қызмет көрсетеді. Компанияның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта жолаушылар лифті жарамды күйде. Жолаушылар лифтін жаңасына ауыстыру қазіргі уақытта мүмкін емес. Себебі бұл лифттің пайдалану мерзімі іске қосылған күннен бастап, 25 жыл болатынына байланысты. Сонымен қатар пайдалану мерзімі аяқталмаған лифтті ауыстыру мәселесі аттестатталған ұйымның «пайдалану мүмкін емес екені» туралы қорытындысы болған кезде іске асады. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 29 маусымдағы «Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің» 91-бабының 3-бөліміне сәйкес, өтінішіңіз бойынша қабылданған шешіммен келiспеген жағдайда жоғары тұрған әкімшілік органға (лауазымды адамға) шағымдануға құқылы екеніңізді мәлімдеймін, – дейді Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шараушылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі орынбасар Алмат Ашиков.

Мүгедек жан 9-қабатқа көтеріле алмай отыр

Десе де ресми жауаптағы «компанияның ақпараты бойынша, қазіргі уақытта жолаушылар лифті жарамды күйде» деген сөздің рас екеніне күмән бар. Өйткені 25 қыркүйекте сол жердегі тұрғын Анаргүл Қаримуллақызының түсірген видеосында лифттің жұмыс істемей тұрғаны әрі өзінің жоғары қабатқа көтеріле алмай тұрғаны тайға таңба басқандай, анық көрініп тұр. Бізге берген видеосында ол оқиғаны былайша баяндайды:

- Сәлеметсіз бе, қайырлы кеш! Мен – бірінші топ мүгедегімін. Ақан сері көшесі 47/1 мекенжайында тұрамын. Лифтіге келіп тұрмын. Міне, лифт істемейді. 9-қабатқа көтеріле алмай отырмын. Жаңа ғана лифтке жауапты механиктерге хабарласқанымда, олар: «біздің жұмыс күніміз бітті, қайда хабарлассаңыздар да өзіңіз біліңіз» дейді. Енді үйіме дейін қалай кіремін? Осы мәселе бойынша маған көмектесуіңізді сұраймын, – дейді Анаргүл Бужанова.

P.S. Сонымен мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын үйдің лифті қашан бірқалыпты жұмыс істейді? Егер осылай жалғаса берсе, мұның түбі не болмақ? Осы сауалдарға облыс әкімінің өзі тікелей араласпаса, қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан «қайыр» жоқ болып тұр. Лифтке жауапты «Лифт Монтаж Строй» ЖШС компаниясы да құдды бір мүмкіндігі шектеулі жандарды мазақ қылғандай әсер беріп отыр. Сонда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауды тапсырған Президенттің сөзі де тасада қалып отыр ма? Жергілікті әкімдік жағдайды түзей ала ма? Сұрақ көп, бірақ нақты жауап жоқ...