Қазақстан қымбатшылықтан Еуразиялық одақ рекордсмені атанғанын Президент айтты. Бұл ретте қымбатшылыққа астықтың бітік шықпауы және аз өнімнің әлемдік нарыққа көптеп сатылуы себеп. Ал оның құрықталмауына әкімдер айыпты. Мұны Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтып отыр. Бұл көтеріліс, яғни азық-түлік бағасының көтерілуі – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан. Біріншіден, ол халықтың тұрмыс сапасын төмендетіп, кедейлер қатарын күрт көбейтеді. Күні кеше аз-маз жалақысына әлемнің алыс елдерінен тасылатын жеміс-жидекті еркін тұтынып келген кейбір адамдар бүгінде өз жерімізде өсіп-өнетін көкөністерді де көптеп сатып ала алмайтын жағдайға жетті. Екіншіден, бұл – қалың бұқараның билікке деген сеніміне селкеу түсіріп, наразы күштерді өршітеді. Үшіншіден, клиенттер табысы азайған әрі жоғарыдан тоқпақ жеген шағын және орта бизнесті көлеңкеге кетуге мәжбүрлейді. Кедейшілік – ел экономикасын кері тартатын кесел. Ауқаты аз адам сапасы мен бағасы жоғарылау отандық тамақ өнімдерін тұтына алмайды. Мысалы, дүкен сатушылары кейінгі кезде «қытай лапшасын» сатып алушылар көбейгеніне назар аудартады. Біз ұмтылған дамыған елдерде инфляцияның төмен болуына баса мән беріледі, соны төмен деңгейде ұстау нысанаға алынады. Мұны инфляциялық таргеттеу деп атайды. Еуропалық одақта мына әдістеме қолданылады: егер отбасы табысының 50 пайызы азық-түлік өнімдеріне кетсе, ол кедей болып есептеледі. Осындай отбасыларды кедейшілік құрдымынан алып шығуға нақты бағдарланған бағдарламалар мен көмек арқасында бүгінде ЕО 11 елінде кедейшілік жоқ. Басқа еуропалық елдерде кедейшілік көрсеткіші 1-3 пайыз ғана. Ал Қазақстанда айлығы асынан артылмайтын отбасылар көп. Ауылда тамақ алу үшін микроқаржы ұйымынан қарыз алу құбылысы кең тараған. Оларға бағаның қымбаттауы қосымша соққы. Б.Сұлтановтың айтуынша, әлеуметтік маңызды тауарлар бағасы 2019 жылы орташа 10,4% өскен.
– Биылғы қаңтарда ол тағы 0,3 пайызға ары қарай артқанын байқадық. Қымбатшылыққа жиналған егіннің аздығы және экспорттың ұлғаюы секілді объективті факторлар ықпал етті. Мұның сыртында баға мониторингі және жедел шара қабылдау бойынша әкімдіктердің жеткіліксіз белсенділігі де кесірін тигізді. Өткен жылы барлық өңірлерде қымбатшылықтың шекті бағадан асып кетуінің 67 жағдайы тіркелді. Алайда бірде-бір әкімдік рұқсат етілген шекті бағаны бекіту рәсімдерін қолданбады. Олар сауда орындарына заңмен белгіленген ықпал ету шараларын да қабылдамады, – дейді Бақыт Сұлтанов.
Әкімдер «ескі әнінен» жаңылмады
Ведомство басшысы бұқараны шырқыратқан баға шарықтауына бейжай қараған әкімқаралардың сорақы тірлігі биыл да қайталанғанын мәлім етті: 2020 жылғы қаңтарда бағаның шекті межеден асуының 7 дерегі тіркелді. «Бірақ әкімдіктер тарапынан тағы да ешқандай іс-қимыл болған жоқ. Мысалы, Қостанай облысында әлеуметтік маңызды тауарлар бағалары 0,7 пайызға арзандаған. Дегенмен тауық еті және жұмыртқа бағасы бекітілген шектен артты. Ұқсас жағдай Алматы және Шымкент қалаларында, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында тіркелді», – деді Сауда және интеграция министрі. Осы орайда ақпарат құралдары жазғандай, тауық еті мен жұмыртқаның қымбаттауына өндірушілер Ауыл шаруашылығы министрлігін кінәлап отыр. Мәселен, АШМ 2019 жыл соңында асқа тұтынылатын жұмыртқаны субсидиялауды тоқтататынын мәлімдеді. Бұған бірнеше себеп, соның ішінде «мемлекет қаражатын салу тиімсіз» екені алға тартылған. Шенеуніктер әр жұмыртқаға 3 теңге субсидия алатын құс фабрикалары көбірек демеуқаржы иелену үшін өндірген өнімі санын қолдан көбейтеді дейді. Бұған жауап ретінде фабрикалар аудиторлық тексеруден өтуге әзір. Әйтсе де, министрлік ондай тексеріс өткізетінін жарияламады. Нәтижесінде, мемлекеттік қолдаудан қағылған отандық өндірушілер жұмыртқаны 15 пайызға дейін қымбаттатуға мәжбүр көрінеді.Үкімет бағаны «ауыздықтаймыз» дейді
Кешегі Үкімет отырысында баға өсуін жедел тоқтату үшін қажетті мүмкіндіктер мен құралдар бар екені баса айтылды. Нақтылай кетсек, мемлекет ең алдымен әкімшілік қысым ресурсын іске қоспақ. – Жергілікті атқарушы органдар мен бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді барынша пайдалануы қажет. Шекті бағаны бекіту рәсімі де белсенді қолданылуы керек! – деді министр Б.Сұлтанов Үкімет отырысында. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және жұмсау ісі де түбегейлі өзгеріске ұшырамақ. Өйткені әкімдер ол қордан бағасы аспандап бара жатқан тауарды емес, басқа азық-түлікті нарыққа «төгеді» екен.«Мәселен, өткен жылы Шымкентте және Маңғыстау облысында тауар интервенциясы мүлдем жүзеге асырылмады. Басқа өңірлерде бағасы өскен тауар топтарында емес, өзге тауарлар бойынша интервенция жасалған. Айталық, барлық қордан 2 мың тонна картоп шығарылып, саудаға жіберілді. Картоптың импортқа тәуелділігі онсыз да төмен әрі бағасы да өскен жоқ-тын. Керісінше, қарақұмық бағасы 80,5 пайызға артып жатқанда, оның жалпы сату көлемі 213 тоннаны ғана құрады. Бұл аз көлем нарыққа ешқандай әсер етпеді», – деді Б.Сұлтанов.Тұрақтандыру қорлары «арзан өніммен молықтырып, баға түсір» деп берілген 3 млрд теңгені банк депозиттеріне салған. Енді ол бюджеттік миллиардтарды қорларға емес, бағасын ұстап тұруы үшін сауда желілеріне беру мәселесі пысықталуда. Министрлік бұл тетікті «айналым схема» атапты. Оны Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары қолдануда. Басқа өңірлерге осыған көшу жүктелді.
Қымбатшылықтың себебі көп
Сарапшылар елдегі баға қымбатшылығына себеп көп екеніне сенімді. Оның ішінде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігінің төмендігі, дамыған елдер түгіл, ЕАЭО елдерімен салыстырғанда, өнімнің әр гектардан аз жиналатыны, Қазақстан халқының төлем қабілеттілігінің нашар болуы кесірінен өндірушілердің өз өнімін шетелдік нарыққа шығаруға асығатыны және толып жатқан басқа факторлар бар. «Қазақстанда экономика монополияландырылған. Нарық қатысушылары саны жыл сайын азайып барады. Бәсекелестік кемуде. Бұл баға мен сапаға кері әсер етеді. Әсіресе, көмір, бензин, банк, коммуналдық қызмет секторларын монополия астына басты. Ондағы ойыншылар бір-бірімен бәсекелеспейді, ымыралас. Бұл халыққа және барлық басқа салаға нұқсан келтіруде», – дейді Мәжіліс депутаты, экономист Меруерт Қазбекова. Кедейшілік пен қымбатшылық құрсауын күшейткен осы кесірлер жойылмай, «бағаңды арзандат» деп әкімнің кәсіпкерге әкіреңдей беруі пайда әкелмейді. Айхан ШӘРІП