Полицей кезекшіліктен кейін үйіне қайтып келе жатқан.
Абай облысында полицей бүтін бір отбасыны өрттен құтқарып қалды
419
оқылды

Абай облысында полиция қызметкері бүтін бір отбасы мүшелерін өрттен аман алып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz.

Бородулиха ауданында полиция қызметкерінің шұғыл әрекетінің арқасында өрт тез арада тоқтатылып, адам шығыны болмады.

7 қазанда сағат 01:15 шамасында табиғатты қорғау полициясының инспекторы Ерасыл Сыдықов кезекшіліктен кейін үйіне қайтып келе жатып, Крупская көшесінде түтінді байқап қалады. Ол бірден көлігін тоқтатып, оқиға орнына бет алады. Анықталғандай, Бородулиха ауылы Крупская көшесі, 137 мекенжайындағы жеке үйдің шатыры жанып жатқан еді.

Ерасыл Сыдықов тез арада №12 өрт сөндіру бөлімшесінің диспетчерлік қызметіне хабарласып, өрттің нақты мекенжайын жеткізді. Өрт сөндірушілер келгенше уақытты босқа өткізбей, ол әрекет ете бастады. Полицей үй иелерін ояту үшін терезелер мен есіктерді қағып, іште адамдардың бар-жоғын анықтауға тырысты, алайда ешкім жауап бермеді.

Оқиғаның қауіптілігін түсініп, тәртіп сақшысы терезені сындырып, үйге кірді. Ол барлығын оятып, отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.

Оқиға орнына өрт сөндіру бригадасы дер кезінде жетіп, өртті сөндірді. Ерасыл Сыдықовтың сауатты және батыл әрекеттерінің арқасында адам шығынын болдырмауға және шығынды азайтуға мүмкіндік туды.

Өрттен аман қалған үй иелері полицейге шексіз алғыстарын білдірді.

– Менің орнымда кез келген адам осылай жасайтын еді. Ең бастысы, ешкім зардап шеккен жоқ, – дейді Ерасыл Сыдықов.