Бұрын пайшылар өнімнің 5 пайызы мөлшерінде төлемақы алса, бүгінде ол 7,5 пайызға жеткен.
"Зеренді-Астық" ЖШС пай бойынша төлемақы беріп жатқаны рас па?
526
оқылды

"Қазақстан астық консорциумы" ЖШС басшылары баспасөз мәжілісінде биылғы егін науқанының барысы жайында баяндап, биыл "Зеренді-Астық" ЖШС мол өнім беріп, консорциум серіктестікке инвестор болғалы рекордты көрсеткішке ие болғанын жеткізді. 

Айта кететін дүние, Қазақстан астық консорциумына кіретін шаруашылықтар арасында "Зеренді-Астық" ЖШС алғашқы болып пай бойынша төлемақы беріп жатыр. Қазір компания пайшыларға төлемақы беру жұмыстары басталды.

– Қазақстан астық консорциумы 2021 жылы "Зеренді-Астық" серіктестігіне оның қарыздарын өтеп, жұмысты жолға қою мақсатында келген болатын. Бұрынғы акционердің кезінде компания құлдырап, оның түрлі банкте қарыздары бар болды. "Зеренді-Астықтың" өзі Проблемалық кредиттер қорына кепілге берілген. Компания банкрот болудың алдында ғана тұрған еді. Біз инвестор ретінде келу арқылы арқылы кепілде тұрған жерлердің сатылып кетуінің алдын алдық. Әрине, мемлекет бізге компанияның барлық қарызын өтеу міндетін қойды. Қазір бұл мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз", – деді Бақтияр Оспанов.

Оның түсіндіруінше, "Зеренді-Астық" ЖШС құрамына кіретін пайшылардың заңсыз жолмен хаттама жасау арқылы серіктестіктен шығуы компанияның дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Бұрын 36 мың гектар жерге ие болған серіктестік бүгінде 18 мыңға жуық гектардан айырылған. Бұл жерлердің иелері басқа компанияларға өтіп кеткен.

– Біз бұл тұрғыда инвестор ретінде өте қиын жағдайда қалып отырмыз. Өйткені, біз бұрынғы акционердің қарызы толық өтеу міндетін мойнымызға алдық, алайда егін егетін жер көлемі айтарлықтай азайып кетті. Қазір серіктестік пен пайшылар арасында ұзаққа созылған сот процесі жүріп жатыр. Аталған хаттамалардың жалған екенін растайтын сот шешімдері шықты. Дегенмен, қазір бізге шартты түрде пайшылармен бейбіт келісімге келу үшін уақыт беріліп отыр. Осыған орай, біз пайшыларды серіктестікке қайта оралуға, бірге жұмыс істеуге, сәйкесінше дивидендтерін алуға шақырамыз, – деді Бақтияр Оспанов.

"Зеренді-Астық" ЖШС мәліметінше, серіктестік құрамынан шығып кеткен шамамен 70 пайшы 2023 жылы қайта оралған. Қазір тағы 30-дан астам пайшы қайта серіктестік құрамына өту бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. "Қазақстан астық консорциумы" ЖШС бас директоры Бақтияр Оспанов бұл ретте пайшыларға төленетін дивиденд мөлшері де ұлғайғанын еске салды. Егер "Қазэкспортастық" компаниясы инвестор болған тұста пайшылар өнімнің 5 пайызы мөлшерінде төлемақы алса, бүгінде ол 7,5 пайызға жеткен. 

"Қазақстан астық консорциумы" ЖШС бас директоры Бақтияр Оспановтың айтуынша, оның құрамына 23 шаруашылық компания кіреді. Компания биыл 43 жаңа комбайн (10-ы – импорттық өнім) сатып алса, 2025 жылғы көктемде ауыл шаруашылығы техникаларының қатары 32 егін егу кешенімен толығады. Компания әлеуметтік жауапкершілік аясында жыл сайын ауылдар арасындағы жолды қардан тазалау жұмыстарын өздері жүргізеді. Сондай-ақ, "Зеренді-Астық" ЖШС пайшылары тұратын, еңбек ететін ауылдарда мәдениет үйін, медициналық пунктін жөндеу жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. 

"Өкінішке қарай, биылға дейін "Зеренді-Астық" ЖШС көрсеткіштері төмен болды. Оған қоса, пайшылардың серіктестіктен кетуі компанияның жоғары дамуына мүмкіндік бермей келді. Соған қарамастан, компания әлеуметтік жауапкершілік аясындағы өз міндеттемелерін орындап келеді. Біз тек төртінші жыл дегенде серіктестік табысқа шығады деп болжап отырмыз. Табыстың артуына қарай облыста әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды көбірек орындауға күш саламыз", – деді Бақтияр Оспанов.