Партия мүшелері, еріктілер және жергілікті тұрғындар аймақтардағы көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.
«Таза бейсенбі»: партия мүшелері 7 мың тоннадан астам қоқыс жинады
1,013
оқылды

Бүгін әдеттегідей «AMANAT» партиясы Қазақстанның барлық аймақтарында кезекті «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізді. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Партия мүшелері, еріктілер және жергілікті тұрғындар аймақтардағы көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.

Қызылорда облысында Шиелі ауданында өткен тазалық жұмыстарына 30-ға жуық адам қатысты. Акция шеңберінде Шиелі ауданы, Шиелі кенті Ю.Гагарин көшесінде тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шара барысында аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Шалекеева сөз сөйлеп, жергілікті тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды.

«Тазалық – бұл әрбір адамның жауапкершілігі. Әрқайсымыз өз ауламызды, көшелерімізді таза ұстауға үлес қоссақ, айналамыздың көркейіп, денсаулығымыздың жақсаруына септігін тигіземіз. Мемлекет басшысының бастамасын қолдау арқылы біз өз денсаулығымызды ғана емес, болашақ ұрпақтың да игілігін ойлаймыз», – деді ол.

Ал Ақмола облысында Біржан сал ауданында 40 адам қатысқан акцияда 2 шақырым аумақта тазалау жұмыстары жүргізілді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға негізделген іс-шараға волонтерлермен қатар, ауыл тұрғындары да белсене қатысты.

Игі іс Ұлытау облысында да жалғасын тапты. Партия мүшелері мен Ардагерлер кеңесінің өкілдері ғарышкерлерге арналған мемориалдардың айналасында тазалау жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға қатысқан еріктілердің бірі, Жезқазған қаласындағы волонтер Жанар Мұстафина мұндай акция тарихқа құрмет көрсетуге де ықпал ететінін айтты.

«Бұл эко акция тек қоқысты жинаумен шектелмейді, бұл біздің тарихымызды құрметтеу мен оны болашақ ұрпаққа жеткізуге арналған әрекет. Біздің ерлігімізді танытқан ғарышкерлерге құрмет көрсетіп, олардың ерлігін еске алу – біздің міндетіміз», – деді ол.

Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында 70-ке жуық адам 3 шақырымдық аумақты тазалады. Самарлықтар акция аясында 3 тоннадан астам қоқысты жинақтап, арнайы техникамен тиісті орынға жөнелтті. Сонымен қатар көше бойындағы ағаштарды ретке келтіріп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

«Біз осы акция жарияланған күннен әр бейсенбі сайын тұрақты түрде ауданымызды абаттандыру, қоқыстан тазарту шараларын жасаудамыз. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы осы жылғы халыққа Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы шеңберінде ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер мен «Таза бейсенбі» акциясын бір реттік шара емес екендігін тағы да еске салды. Демек, біз тазалық жұмыстарын алғашқы қар түсіп күн салқындағанға дейін жалғастыратын боламыз», – дейді «AMANAT» партиясы Самар аудандық филиалының төрағасы Айнұр Отаршина.

Алматы облысы Іле ауданының Өтеген батыр ауылында тазалық жұмыстарына қатысқан еріктілер мен партия мүшелері көшелер мен қоғамдық орындарды тазалады.

Сондай-ақ Шымкенттегі эко акцияға партияның қалалық, аудандық филиалдарының қызметкерлері, партия жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері және белсенді студенттер атсалысты. Бас-аяғы 100-ден астам азамат қатысты.

Тазалау жұмыстары қала орталығынан шалғайда жатқан Еңбекші ауданы Қойгелді батыр көшесінің бойында жүргізілді. Аталған аумақта қоқыстар жиналып, арам шөптер орылып, қураған ағаштар жойылды.

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында өткен тазалау жұмыстарына 30 адам қатысып, 2 шақырым аумақ қоқыстан тазартылды. Акцияға қатысушылар демалушыларға қоршаған ортаны бүлдірмей, теңіздің жағасында қоқыстарды қалдырмау керектігін еске салды.

«Тазалықты сақтау – біздің болашақ ұрпаққа қалдырар мұрамыз. Өкінішке қарай, теңіздің жағасына демалуға келіп, отырған орындарын жинамай кететіндер бар. Сол үшін демалушылар теңіздің жағасына келген кезде қоқыс қалдырмай, қоршаған ортаны таза ұстаса екен дейміз. Әрбір адамның табиғатқа деген жауапкершілігі оны келешек ұрпаққа сақтап қалудың кепілі», – деп атап өтті«AMANAT» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова.

Бүгінге дейін партия мүшелері акция аясында 7 мың тоннадан астам қоқыс жинады. Игі іс еліміздің барлық өңірінде экологиялық ахуалды жақсарту, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақыру мақсатында тұрақты түрде өткізіліп келеді.