Өрттің салдарынан құтқарушының денесі 90 пайызға күйіп кеткен. Мәйітті інісі ғана жуындырған.
Қарқаралық өрт сөндіруші көзі тірісінде күнде анасын қуантып, тәтті алса да сый жасап отырған
baigenews.kz
767
оқылды

33 жастағы өрт сөндіруші Хали Хайрат жайлы өзге ақпарат көздеріне сүйене отырып, жарияламақ болдық. Естеріңізде болса, таяуда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында алапат өрт шығып, қаншама мал қырылып, жайылым жарамсыз қалған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртенген аумақ 35 мың гектардан асып кеткен. Алапат өртті сөндіру кезінде бірнеше адам зардап шегіп, бір құтқарушы қаза тапқан болатын. 

Міне, сол құтқарушы – үйінің үлкені, өздері төрт ағайынды. Хайрат 9 жасында әке-шешесімен бірге Моңғолиядан қоныс аударған. Сөйтіп, Хали әулеті Қарағанды облысы Саран қаласына тұрақтаған. Үйдің кенжесі елде дүниеге келген. Үш інісі де Хайрат секілді жастайынан грек-рим күресімен айналысқан. Облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып, спорт шеберінің кандидаты атанған. Әскерден кейін, 2014 жылы Саран қаласындағы өрт сөндіру бөлімшесіне жұмысқа тұрып, аға өрт сөндіруші-құтқарушысына дейін қызметте көтерілген.

Інісі Еламанның айтуынша, Хайрат мейірімді әрі өте қамқор жан болған. Қыстыгүні көрші қарттарды көтеріп алып үйіне дейін жеткізетін. Олардың үйіне көмір, шөп әкелсе, олардың шақыруын күтпестен, өзі барып кіргізіп беретін. 

– Өзінің мінезі  де ашық. Достарының көрші-қолаң мен әріптестерінің ортасында сыйлы еді. Әрдайым сыйлық жасап, жол-жөнекей дүкеннен тәтті алса да, анамызды қуантып жүретін. Айналасына қуаныш сыйлап, кім-кімнің де көңілін табуға тырысатын. Хайраттың менен 9 жас үлкендігі болса да, бір-бірімізге өте жақын едік. Мені "корейец" деп әзілдейтін. Бір жұма бұрын ғана әкемізбен бірге қой сойып жатқан бейнежазбасын жіберіп, қашан келетінімді сұраған. Менің келуімді күтіп жүр еді. Соңғы рет сөйлескенімізде мұғалімдер күнімен құттықтап, жұмыспен жолға шыққалы жатқанын айтқан, – дейді Еламан.

Қазір марқұмның 62 жастағы әкесі мен 56 жастағы анасы қара жамылып, қайғы кешіп отыр. Төрт ұлдың ішінде Хайрат әке-шешесімен бірге тұрған.

– Сол сапардан кейін әке-шешеммен қызын таныстырып, үйленбек болған. Бірақ бұйырмады, Алла оларға ағамның қазасында жолығуды жазыпты, – деді Еламан Хали.

Ағасының мәйітін бір ғана бауыры көрген. Қалған ағайын-туғанның ешбірі көре алмаған.

– Үй ішімізден ағамның мәйітін мен ғана көре алдым. Онда да жуындыруға бір өзім кірдім. Денесі 90 пайызға күйіп кеткен, қарау мүмкін емес. Имам екеуміз ешкімге көрсетпейміз, айтпаймыз деп шештік, – дейді Нұрбат Хали.

Бауырын, ұлын жоғалту кез келген адамға оңай емес. Бірақ марқұмның бауырлары ешкімге ренжімейтінін айтты. "Өзінің елін қорғап, батылдық танытқанын мақтан етеміз", –  деді ол.