Спорт мектептерінің басшылары 6 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз жұмсаған.
Ақтөбеде спорт мектептерінің басшылары бюджет қаражатын ұтысқа тіккен
886
оқылды

Ақтөбе облысы прокуратурасымен балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшылары бюджетке түсуі тиіс спорт алаңдары мен залдарды жалға беру қызметі үшін  әуесқой спорт командаларынан алынған қаражатты негізсіз жымқырғаны анықталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кейінгі 3 жылда Ақтөбе облысында кәсіби клубтарды дамытуға арналған шығыстар 2 есе ұлғайтылған, облыстан республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Спорт мектептерінің басшыларымен 6 млн теңгеден астам бюджет қаражаттары заңсыз жұмсалған.

Бұл қаражаттар мектеп басшыларымен өз қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған.

Сонымен қатар  «Ақтөбе» футбол клубы командасының ұшуы бойынша әуе қызметтерін 165 млн теңгеден астам көтерілген бағамен  бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері анықталды.

Аталған барлық фактілер бойынша прокуратурамен Қылмыстық кодекстің 189-бабы  4-бөлігімен ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу")  сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды,  делінген ақпаратта.

Тексеру нәтижелері Ақтөбе облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жағдайын түзету, бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану тапсырылды.