Алғашқы жоба аясында 1 млрд 100 млн теңгеге 100 дана электромобиль сатып алу жоспарланған.
Қызылордада электр қуатымен жүретін «Эко такси» қызметі іске қосылды
1,636
оқылды

Қызылорда қаласында электр қуатымен жүретін электромобильді такси қызметі іске қосылды. Бұл қоршаған ортаға қауіпсіз, экологиялық таза, артық шығынсыз, жолаушыларға жайлы көлік,  дейді мамандар.

Сыр өңірінде «Эко такси» қызметін іске қосу жобасы биыл көтерілген болатын. Осы арқылы қала тұрғындарына тиімді бағада такси қызметін жолға қою көзделген еді. 

Жуырда бұл игі бастама «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып, «Қала күні» мерекесі аясында Сыр жұртшылығына жасалған тосынсый болды. 

Алғашқыда жоба аясында 1 млрд 100 млн теңгеге 100 дана электромобиль сатып алу жоспарланған. Әзірге өңірге осындай 52 көлік жеткізіліп, халыққа қызмет көрсетуді бастап кетті. Мамандар жоспарға сәйкес, қалған көліктер алдағы уақытта жеткізілетінін алға тартып отыр.

«Қаламызда «Эко такси» қызметін жолға қою мақсатында 52 дана электрмен жүретін көлік жеткізілді. Алдағы уақытта оның санын 100-ге жеткіземіз. Бұл көліктер халыққа жайлы, қоршаған ортаға қауіпсіз болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар бұл қоғамдық көлік қызметін пайдаланатын халық үшін бағасы мен қызметі жағынан өте қолайлы болары сөзсіз»,  дейді өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директоры Абдуқадыр Маштаев.

Серіктестік директорының айтуынша, экотаксилер электр қуатымен жұмыс істейді. Толық заряд алған көлік шамамен 500 шақырымға дейін жол жүруге қауқарлы. Сонымен қатар жаңа таксидің қызметі мен бағасы ла халық үшін қолайлы болмақ.

Электромобильді такси қызметін жергілікті жұртшылық жылы қабылдап отыр. Игі бастаманың сәтті жүзеге асырылғанына ризашылықтарын білдіруде.

Жалпы, соңғы жылдары облыс әкімінің қолдауымен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-ың материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Жаңадан 300 автобус алынып, халыққа қолайлы жағдай туғызу үшін электронды төлем жүйесіне түбегейлі ауыстырылды. Енді экологиялық таза жоба саналатын «Эко такси» қызметі іске қосылып, қоғамдық көлік қатынасының сапасын арттыруға негіз қаланып отыр. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы