Хан Ган өзінің ең танымал романы «Ет жемейтін әйел» (Кореяда 2007 жылы жарыққа шыққан, ал ағылшын тіліне 2015 жылы аударылған) туындысы үшін 2016 жылы Халықаралық Booker сыйлығын иеленген. Айтпақшы, бұл сыйлық Хан Ган мен оның аудармашысы Дебора Смит арасында бөлінген. Сол уақытта Смиттің аудармасына біраз жұрт дәлдік жағынан көңілі толмай, қоғамда қызу пікірталас туған еді. Бірақ әдеби аударманың шығармашылық акт ретіндегі әдемілігі де сонда емес пе: бұл – сөзбе-сөз жеткізуден гөрі көбіне қиял тұрғысынан жүзеге асатын жұмыс болғандықтан, Хан Ган аудармашысын ақтап алып шықты.
Бүгінде Хан Ганның алты туындысы ағылшын тіліне аударылған. «Ет жемейтін әйел» оны әлемге танытқан еңбек болды. Одан соң автордың қаламынан «Адам табиғаты», «Ақ кітап», «Еуропа» және «Грек тілі сабағы» шығармалары туады. «Айығу» атты қысқа әңгімесі 2013 жылы екі тілде жарық көреді.
1948-1949 жылдардағы Чеджудағы көтерілісті зерттеген қаламгер жайлы жазған «Біз айырылыспаймыз» атты ақырғы романы 2025 жылы оқырманға жол тартады.
«Ет жемейтін әйел» – күнделікті әдетке айналған қатыгездік жайлы көңілсіз хикая. Онда бір күні еттен бас тартуды шешкен қарапайым әйел Йонг-Хэнің уақиғасы баяндалады. Кітаптың әр бөлімі әртүрлі кейіпкердің – Йонг-Хэнің күйеуінің, әпкесінің және енесінің атынан әңгімеленеді. Осылайша, автор әлгі әйелдің дәстүрлі нормадан бас тартуын оның отбасы қалай қабылдағанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бірте-бірте сол шешімі – зорлық-зомбылықтың, түсініспеушіліктің және психологиялық қысымның көзіне, ал Йонг-Хэнің өзі қорқыныш пен агрессияның нысанына айналады. Әйелдің отбасы оның денсаулығына алаңдайтынын айтқанмен, шын мәнінде оларды Йонг-Хэнің өздеріне бағынбағаны ашуландырады. Ақыр аяғында, өзін өсімдік санаған ол күн сәулесі мен судан басқа барлық қоректен бас тартады.
Нобельді тағайындайтын Швед академиясы «Ханның шарасыз жағдайдағы кейіпкерлеріне, әсіресе әйелдерге деген сұмдық эмпатиясын» ерекше атап өтті.
«Грек тілі сабағы» шығармасы анасы мен ұлынан айырылып, сөйлеу қабілетін жоғалтқан әйел мен шаңырағынан қол үзген соқыр ер адам атынан баяндалады. Ер адам ежелгі грек тілінің оқытушысы болса, әйел – оның студенті. Хан Ганның өзге еңбектері секілді, бұл роман да біреумен бөлісуге болатын дүние мен ешбір сөз жеткізе алмас сезімдер арасындағы нәзік әрі тұрақсыз кеңістікті көркем де ықшам проза тілімен зерттейді. Онда еңсені қандай зіл батпан қайғы басып жатса да, адамзаттың қарым-қатынасқа мұқтаждығы мен ұмтылысы суреттеледі. The Guardian редакциясы «Грек тілі сабағы» туындысына білдірген пікірінде: «Құдайға шүкір, Хан Ганның әйел қаһармандары осы әлемде өз орнын табуға қаншалықты күресіп жатса, қаламгердің әдеби үні де соншалықты маңызды орынға ие», – деп жазған екен.
Жазушының «Ақ кітап» атты толқынысқа толы, кей жерінде мистиканың ізі бар автобиографиялық еңбегі 2018 жылы Халықаралық Booker сыйлығының шорт-тізіміне енген. Бұл кітапта автор ақ түс әлеміне поэтикалық саяхат жасап, адам эмоциясының терең қырларын ашуға тырысады. Кітап мынадай сөзбен басталады:
«Көктемде мен ақ жаратылыс турасында қалам тербемек болып, мынадай тізім жасап шықтым:
Жөргек
Иткөйлек
Тұз
Қар
Мұз
Ай
Күріш
Толқын
Магнолия
Ақ құс
Тазалық
Таза парақ
Ақ ит
Ақ шаш
Тыныштық».
Осылай дей келе, автордың өзі өмірге келмей тұрып, шақалақ кезінде о дүниеге аттанған әпкесі жайлы автобиографиялық әңгімесі басталады. Уақиға құдды бір хормен баяндалатындай. Ара-арасында қаламгердің өзі ешқашан кездеспеген әпкесіне қарата сөз сөйлейді, бұл өз түп-тамырыңды түсініп, зерттеуге деген талпыныс тәрізді. Хан Ган бұл шығармасын Варшавада жүріп жазған деседі. Қаладағы қардың аппақтығын автор бірде тазалықпен байланыстырса, енді бірде ешқандай естелігі жоқ жадпен салыстырады. Оны қалам құтқарады: әпкесінің өліміне қатысты уақиғаларды қайта қалпына келтіру – жаңа өмір бастауға, қайғыны қабылдауға және алға жылжуға қадам іспетті.
«Адам табиғаты» романында бұл автобиографиялық қайғы тұтас ұлттың қайғысына айналады. Мұнда Ханның туған жері Гванчжу өңіріндегі 1980 жылы болған жаппай кісі өлтіру уақиғасы баяндалады, бұл кезде жұртқа жеккөрінішті әскери диктатор Чун Ду Хванның авторитарлық режиміне қарсы шыққан жүздеген, тіпті мыңдаған студентті әскерилер аяусыз басып-жаншып өлтірген болатын. Парадокс, иә: дәл осындай сұрқай қатыгездіктің ортасында бірлік, ар, қайсарлық, жауапкершілік секілді адамзатқа ең аяулы сезімдер оянады.
«Менің романдарым адамзат қайғысын зерделейді», – деп жазған бірде Хан Ган. Оның ойынша, оқырман бұл уақиғаны ақпарат түрінде оқып қана қоймай, кейіпкерлердің қайғысын өз қайғысындай сезінгендері дұрыс. Романның этикалық масштабы цензура таңған ұжымдық амнезияға қарсы әрекет етеді. Онда тірілер – өлілермен, қазіргі шақ – өткен шақпен, ес пен жад – цензурамен, сөз – тіл жеткізгісіз зорлық-зомбылықпен текетіреседі. Бәлкім, тірі қалу – үнсіз келісімнің бір формасы шығар?! Бірақ «Ақ кітаптағыдай», мұнда да қаламның құдіреті арқасында тыныштық «айғайға басады». Жазушының рөлі – ең, ең, ең «айтуға болмайды» деген жайттың өзін еске түсіру, жұртқа жеткізу. Тіпті, құйтақандай фрагмент түрінде болса да... Тіпті, үнсіздік формасында да... Тіпті, адамзаттан үміт үзген сәттерде де...
Хан Ганға Нобель сыйлығын әперген де оның қаламгер ретіндегі осы мықтылығы шығар.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ