Ерте және ортағасырлық дүниежүзі тарихында ешбір өнім жібек тәрізді әйгілі болып, әлемдік саудада өзіндік із қалдырмаған деп айтуға болады. Әйгілі сауда керуені – «Ұлы Жібек жолының» осы тауардың атымен аталуы соның дәлелі. Жібек матасының «отаны» саналған қытай халқы әлі күнге дейін осы бір құны алтыннан кем саналмайтын мата түрін әлемге экспорттап келеді. ҚХР астанасы Бейжіңде Қытайдың қоғамдық дипломатия қауымдастығы (CPDA) бастаған 100-ден астам шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілдеріне арналған CIPCC бағдарламасы аясында біз де жібек матасының тарихына сүңги түстік.
Жібек музейі
Бағдарлама аясындағы келесі сапарымыз Ханчжоу қаласы болды. Бұл өлке өзінің жібек өндірісімен танымал. Қаншама ғасырлар бойы дәстүрлі түрде жібек өндіріп келе жатқан өңір бүгінге дейін бабалар мұрасына адалдық танытып келеді. Біз бұған қаладағы Қытай Жібек мұражайына бас сұққанымызда көз жеткізе түстік. Қашанда мәдениеті мен тарихына құрметпен қарайтын қытай халқы жібек матасының өзіне әлемдегі ең үлкен музей салған екен. Музей іші өте кең және мұнда әр бөлме әр кезеңдегі жібек матасы тарихынан сыр шертеді. Мұның бәрі Қытайдағы жібек құртының 5000 жылдық тарихына арналған. Мұражай экспозициясы бірнеше тақырыптық кеңістікке бөлінген. «Тарих залында» сирек кездесетін фотосуреттер, археологтар тапқан көне құралдар, жібек маталардың үлгілері сақталған. Олардың ең көнесі біздің заманымыздан бұрынғы 3 мыңжылдыққа жатады. Мұнда келушілерге Ұлы Жібек жолының тарихы мен маңызы таныстырылады. Тоқу және бояу залында жібек өндірісінің кезеңдері көрсетілсе, тұт ағашы залында жібек құртының құпиялары ашылады. Соңғы технологиялар мен Қытайдың жібек өндірісіндегі табыстары туралы баяндайтын қазіргі заманғы жетістіктер залына маңызды мән берілген. Шеберлер жібекке кесте тігу процесін көрсететін де зал бар. Тіпті, мұражай қабырғасында үнемі өткізілетін көрмелер мен сатылымдарда көне технология бойынша жасалған бірегей жібек бұйымдарын сатып алуға да болады екен.
Музей қабырғасында: «Ежелгі Қытайда Жібек шаруашылығының пайда болуы туралы көптеген мифтер, аңыздар мен жазбаша дәлелдер болған. Өткен ғасырда археологиялық жаңалықтарда Жібек кокондары, Жібек жасау құралдары және неолит дәуіріндегі ежелгі Жібек сынықтары 5000 жыл бұрын Янцзы (Чанцзян) және Хуанхэ өзендерінің аңғарларында Жібек өсіру шеберханаларының жұмыс істегені туралы ғылыми дәлелдер келтірді. Жібек ежелгі Қытай өркениетінің басты ерекшелігі болды. «Ерлер егіншілікпен айналысады, ал әйелдер тоқиды» деген ежелгі сөз ежелгі Қытайдағы феодалдық қоғамның тұрақтылығы мен сабақтастығының негізін көрсетеді» делінсе, тағы бір жерде: «Жібектің шығу тегі туралы көптеген мифтер мен аңыздар бар, сонымен қатар жібек құртының құдайлары мен Жібек өсіруді ойлап тапқандарға табыну мен құрбандықтың көптеген түрлері бар. Ресми түрде мақұлданған аңыздар жібек шаруашылығын жасаушы ретінде мифологиялық сары императордың әйелі Лей Цзуға немесе Силиншиге жатады. Сонымен қатар халықтық мифтер жылқы басы бар әйел мен атқа мінген патшайым Құдайы туралы айтады. Ол жібек құрттарын өсірген алғашқы адам болды және кейінірек Жібек өнертапқышы ретінде табынатын болды» делінеді. Осы кезде бізге келіп жеткен аңыздың бір нұсқасы жадымызға оралды. «Бір күні патша Шуан Юаншы мен тоқалы Лей Цзу аулада тамақ ішіп отырады. Самал желдің тербеуінен қасындағы тұт ағашының басынан кеселеріне жылан пішіндес бір құрт түседі. Лей Цзу құртты алып, алақанына салады. Ішіп отырған тамақтары ыстық болғандықтан, келіншектің қолы ыстыққа шыдамай, құрт қайтадан ыдысқа түсіп кетеді. Лей Цзу қолы күйіп қалмау үшін тырнағымен ақырын ғана құртты алып тастамақ болады. Дегенмен байқаусызда тырнақ құрттың қабығын жарып кетеді де, ішінен бір тал жібек шығады. Келіншек қайран қалып жаңағы жіпті тарта бастайды. Ол тартқан сайын ұзара түседі. Содан Лей Цзу жібектің бір үшін саусағына орап, құрттың ішіндегі жібек таусылғанша тарта береді. Жарқылдаған жіпті көргенде Лей Цзу өзінің кендірден тоқитын кездемесін осы жіппен тоқуды ойлайды. Сонымен қатар жібек құртының қайдан түскенін іздейді. Сонан оның тұт ағашында өсетінін байқайды. Артынан осы құрттардың тұрмыс-тіршілігін мұқият бақылай келіп, жібек құртын өсіруге тәуекел етеді. Кейіннен бастаған ісі нәтиже беріп, келіншектің түрлі түсті маталарын айналасындағы тұрғындар қызығушылықпен сатып ала бастайды. Өстіп жібек өндірісі жолға қойылады».
Музейді аралап жүріп, «жібек матасы біздің өлкеге қай уақыттарда келе бастады, біздің бабаларымыз алғаш қалай пайдаланды?» деген сұрақтар көкейге жиі ұялай берді.
Қытай атауы матадан шыққан ба?
Кезінде жібек маталарының өте сапалы «К-тай» деп аталатын түрі Азия мен Еуропада аса кеңінен сұранысқа ие болған деседі кейбір деректерде. Кейіннен осы матаның атауымен «хансулар» деп талай ғасыр аталып келген жұрт, келе-келе Қытай елі деп атала бастады. Сөйтіп, матаның атауы тұтас бір елдің атына айналған дейді кейбір ғалымдар. Бексұлтан Нұржекенің жазуынша, ертеде түркілер жібек матасының қалай жасалатындығын білу үшін пысық бір жігітті Қытайға сапарға аттандырған көрінеді. Ол барған жерінде қалың шашты бір қызға үйленеді де, оның шашын ұп-ұсақ қырық өрім етіп өргізеді. Сөйтіп, әр өрімнің түбіне бір, ұшына бір жібек құртын тығып, сексен жібек құртын Қытай елінен алып өтеді. Міне, дәл осылай түркі халықтары арасында да жібек мата өндірісі қолданысқа ене бастайды.
Шет жерлерден әкелінген жібек, жүн маталар көшпенділер тұрмысына өте көне заманда енген. Біздің жерімізді мекендеген ғұн тайпалары Қытайда шығарылған жібек, мақта маталарды сый ретінде, соғыстан түскен олжа және шаруашылық өнімдеріне айырбастап алған. Сырдариядағы Жетіасар қорғандарынан қызыл күрең жібек маталардың бөліктері табылған. Бұл Орта Азия территориясынан өткен Ұлы Жібек жолы керуенінің маталарын көптеген халықтар сатып алғандығын көрсетеді.
Жібек матасынан Ұлы Жібек жолына дейін
ІІ мыңжылдықтың ортасында Шығыс Түркістан мен Орта Азия аймағына жібек етене ене бастайды. Сапаллитеп (Өзбекстанның оңтүстігі) қаласының маңынан б.з.д. 1700-1350 жж. жататын жібек қалдығы табылды.
Деректерге көз салсақ, Ұлы Жібек жолының қалыптасу генезисі Қиыр Шығыстың солтүстік, батыс және оңтүстік батыстағы елдермен байланыс орнатпаса мүмкін болмас еді. Бұл үдеріс ежелгі қытайлықтардың Моңғолия және Шығыс Түркістанның көшпелі тайпаларымен және көшпелі тайпалардың өзара қарым-қатынасы (юэчжи, үйсін, ғұн) нәтижесінде қол жеткізілді. Хан династиясының билігі басында (б.з.д. 202 ж.) Шығыс және Орталық Азия аймағында байланыс жүйесі қалыптасып, ол Солтүстік Қытайдан Амур, Байкал, Минусинск қазаншұңқырын, Алтай, Тянь-Шань, Памир және Тибет аймақтарын қамтыды. Белгілі америкалық ғалым Эдвард Хетцель Шефер «Жібек жолы тарихында сауда жолымен жүз алпыс тоғыз тауар түрі, он сегіз тауар топтамасы тасымалдаған» деп көрсетеді. Осы тауарлардың ішінде ең басты және маңыздысы жібек болғандықтан сауда жолы «Жібек жолы» деп аталып, бұл атау халықаралық қауымдастықпен қабылданады.
«Жібек жолы» тек қана сауда-саттықты ғана емес, мемлекет пен елдердің арасындағы достық және бейбітшілік қатынастарды да жоғары денгейге көтерді. Ол дүниежүзі өркениетін тоғыстырып, адамзат қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Елімізде жібек құртын өсіру қолға алынбақ
Жібек құртын өсіру, мата өндіру ісі еліміздің оңтүстік өңірлерінде дамып келеді. Әсіресе, Түркістан облысы Жетісай ауданында бұл істі қолға алған кәсіпкерлер аз емес. Ал жуырда «Ауыл аманаты» жобасы аясында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен «Жер-Ана» ауыл фермерлері» корпоративтік қоры Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Тұт ағашын өсіру арқылы жібек құртын өндіру» тақырыбындағы бизнес-жобасының презентациясын жасаған еді. Жобаның таныстырылымына фермер-әйелдер, іскер әйелдер, ғалым, қолөнер шеберлері, қоғам белсенділері қатысты.
Осы ретте «Жер-Ана» ауыл фермерлерінің корпоративтік қоры құрылтайшысы Мария Ибраимоваға хабарласып, аталған жоба туралы сұрап білдік. «Бірнеше жыл бұрын Өзбекстанның ауылдарын аралап көрдім. Әйелдер егіндікте де істейді, үйлерінде жібек құртын да өсіріп отыр. Совет заманында бізде де болған еді бұл кәсіп. Жібек Жолы ауылында бұрын жібек құртын өсірудің орталығы болған. Сол жерде Орман шаруашылығында 7 гектар жерде тұт ағаштары сақталып қалыпты. Енді сол ауылды Жібек Құртын өсірудің орталығы етпекпін. Біз 30 мың тұт ағашын ектік. Ол ағаштар 3 жылдан кейін дайын болады. Сол ауылдың жастарынан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация құрдық. Оларға қосымша Тұт ағашын егуге 7 гектар жер, жібек құртын өсіріп одан өнімдер шығаратын орталық салуға тағы 60 сотық жер бөлінді. Орталыққа жеңілдетілген «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 40 миллион теңге бөлінді. Жақын арада қаржы түсіп, құрылыс басталмақ. Қазірдің өзінде 50 қыз-қеліншекті оқытып, дайындап қойдық. Байзақ ауданының ауыл әкімдерін Маргелан облысына апарып жібек құртын өсіріп, өнім шығаруды көрсетіп қайттым. Аналарды да апардым. Бәрі таң қалып келді. Келер жылы жібек көрпе мен жастық шығарсақ деп мақсат қойып отырмыз. Облыстық әкімшілік қолдап отыр», – дейді ақ жаулықты әжеміз.
ТҮЙІН:
Жалпы, жібек матасынан көл-көсір пайда табуға болады. Қаншама ғасырлық тарихымен адамзатпен бірге жасасып келе жатқан бұл матаға деген сұраныс көбеймесе, азаймас. Мысалы, қазіргі уақытта Қытай – әлемдегі ең ірі жібек өндіруші және экспорттаушы мемлекет. Қытайдың барлық жібегінің 70%-ы экспортқа шығарылады. Шикі жібек өндіру көлемі әлемдік өндірістің 70%-ы және әлемдік экспорттың 85%-ын құрайды. Қытай жібек өнімдерінің экспортын өткен жылы 801 миллион долларға жеткізген екен. 2023 жылы Қытайдан жібек экспорттаудың негізгі бағыттары 19,8% үлесі бар Италияға (159 миллион АҚШ доллары), 16,3% үлесі бар Үндістанға (130 миллион АҚШ доллары), Вьетнамға 7,02% үлесімен (56 миллион АҚШ доллары), Пәкістанға 6,89% үлесімен (55 миллион АҚШ доллары), 6,63% үлесі бар Жапонияға (53 миллион АҚШ доллары) сауда жасаған. Бұдан бөлек, дамыған бірнеше мемлекет бар. Демек, жібек тек қана мәдениет, өнім ғана емес, экономиканың басты драйвері саналып отыр. Ендеше сән-салтанат құрған мынау дамыған заманда жібек матасы адамзатпен әлі де бірге жасай бермек.
Наурызбек САРША