Биылғы күзде америкалық кинотеатрларға шығатын фильмдердің арасында «The Apprentice» (Шәкірт) байопигі үлкен дау туғызған. Бұл – NBC News телеарнасының пікірі. Aikyn.kz талас туғызған фильмнің басты идеясы мен сюжетін талдайды.
The Apprentice-дің бас кейіпкері жетпісінші жылдардағы Нью-Йорктің келбетін өзгертуді, қылмыс пен жұмыссыздыққа батқан қаланы «қайтадан керемет» етуді армандайды. Қазіргі оның арманы – Американы ұлы ету. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Gene J. Puskar
«The Apprentice» (Шәкірт) фильмі Трамптың атышулы заңгер Рой Конның жетекшілігімен Манхэттендегі жылжымайтын мүлік нарығының шыңына көтерілуі кезеңдерін сипаттайды. Бас кейіпкер жетпісінші жылдардағы Нью-Йорктің келбетін өзгертуді, қылмыс пен жұмыссыздыққа батқан қаланы «қайтадан керемет» етуді армандайды. Трамп жылжымайтын мүлік нарығында атын шығарып, зәулім ғимараттар тұрғызғысы келеді. Ол принципсіз, тапқыр және талантты Рой Кон есімді заңгерді кездестіреді. Дональдтың үлкен әлеуеті бар жас жігіт екенін түсінген Рой оған адамдардың пайда мен билікке деген армандарын өз мақсатына пайдалану өнерін үйрете бастады.
Трамптың командасы фильмді «қоқыс» деп баға берген. Фильм осы жылдың мамыр айында Канн кинофестивалінде тұсауы кесілген, бірақ беделді Голливуд дистрибьюторлары мен стримингтік (ағындық) қызметтер оны көрсетуден бас тартқан. Трамптың президенттік сайлауалды штабы бұл фильмді «жала жабу» және «қоқыс» деп сынаған, продюсерлерге оны тоқтату туралы талап хат жіберген.
Алайда режиссер Али Аббаси бұрынғы президент туралы саяси «зиянды фильм» түсіруді мақсат етпегенін алға тартады. Сұхбатында Аббаси The Apprentice республикалық кандидатты «карикатура немесе жемқор саясаткер немесе батыр емес, жәй адами қырынан» таныстыратынын айтады. Режиссер фильмді кейіпкерді америкалық зерттеу ретінде қарастыратынын жеткізген.
Теһранда туып-өскен және Копенгагенде тұратын 43 жастағы Аббаси: «Бұл менің сыртқы көзқарасыма өте жақсы сәйкес келеді. Мен бұл оқиғаға саяси тұрғыдан емес, антропологиялық, драмалық тұрғыдан қараймын», – дейді.
The Apprentice жас Трамптың Маккарти дәуіріндегі қатыгез заңгер және жөндеуші Рой Конның басшылығымен Нью-Йорктегі жылжымайтын мүлік индустриясының шыңына көтерілуін сипаттайды. Кон өзінің шәкіртін макиавеллистік билік саясатының көлеңкелі өнеріне үйретеді. Фильм соңында Трамп өзін Манхэттеннің қожайыны сияқты езіне бастайды.
Сценарийді жазған Vanity Fair журналисі Габриэль Шерман Конның жұдырықтасу тактикасы мен Трамптың қазіргі саяси тұлғасы арасында тікелей байланыс бар екенін көрсеткісі келген. Кон (Джереми Стронг) Трампқа (Себастьян Стэн) тынымсыз шабуыл жасауды, «бәрін жоққа шығаруды» және «ешқашан жеңілгенін мойындамауды» үйретеді.
Аббаси мен Шерман кейіпкерлерінің жеке өміріндегі құпияны ашқысы келеді. Олар Трамптың талапшыл әкесімен шиеленіскен қарым-қатынасын және оның маскүнем ағасы Фред қайтыс болғаннан кейінгі қайғысын, сондай-ақ 1986 жылы қайтыс болған Конның жеке күйзелісін бейнелейді. Бірақ NBC News пікірінше, фильмде бас кейіпкердің жағымсыз портреті анық көрінеді. Трамптың кейіпкерінің бас терісін тарту мен липосакция үшін хирургиялық операцияға жүгінгені көрсетіледі. Дональд Трамп болса өзінің 1993 жылғы «Жоғалған магнат» (Lost Tycoon) өмірбаяндық кітабында пластикалық операциядан бас тартқанын жазады.
The Apprentice фильмінде Рой Кон рөлін Джереми Стронг және Дональд Трамп рөлін Себастьян Стэн орындайды.
Фильмің режиссері Али Аббаси: «Жеткізгіміз келген басты ой – саяси театрдың бұл елде бұрыннан бар екендігі». Фото setters.media сайтынан алынды
Трамптың сайлауалды штабының өкілі Стивен Чунг The Apprentice фильмін сынап, оны «ойдан шығарылған» және «қарашада болатын сайлауға Голливуд элитасының қысым көрсетуі» деген мәлімдеме таратты.
«Бұл «фильм» таза зиянды жала, ешқашан экранға шығарылмауы керек. Оның орны – қоқыс жәшігі», – дейді Чунг.
Голливуд дистрибьюторларының көпшілігі бас тартқаннан кейін Briarcliff Entertainment компаниясы The Apprentice фильмін прокатқа шығару үшін сатып алған. Оның жетекшісі Том Ортенберг фильмнің нарықтағы құнына мүлдем басқаша көзқараста.
The Apprentice фильмін таратқысы келмеуі мен үшін моральдық императив тудырды. Мен болмасам, кім? Өкінішке қарай, ірі студиялар репрессиядан қорқып, шашы өртеніп кеткендей фильмнен қашып кетті», – деп түсіндіреді Ортенберг өзінің шешімін. Ортенберг бұдан бұрын да ешкім прокатқа алғысы келмеген даулы жобалардың дистрибьюторы болып танылып жүрген іскер.
Ал фильмің режиссері Али Аббасидің айтуынша, «жеткізгілері келген басты ой – саяси театрдың бұл елде бұрыннан бар екендігі» болған.
Фильм даулы болғанымен, үлкен коммерциялық табысқа ие болатынына көпшілік сенбейді. Ол прокатқа шектеулі түрде ғана шығарылады және оның «Джокер: екіге арналған ақылсыздық», «Террификатор 3» және «Жабайы робот» сияқты мықты бәсекелестері бар.
The Apprentice жақын демалыс күндері 1740 кинотеатрда 1-3 миллион долларға дейін касса жинауы мүмкін деп болжауда. Фильмнің режиссері The Apprentice-тің «адамдарды таң қалдыру қабілеті» бар деп санайды, ол Трамп та фильмді көруге билет сатып алады деп үміттенеді.
Фильмнің режиссері The Apprentice-тің «адамдарды таң қалдыру қабілеті» бар деп санайды, ол Трамп фильмді көруге билет сатып алады деп үміттенеді. Фото nydailynews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images
Қысқаша анықтама
Байопик – танымал тұлғаның өмір жолы, тағдыры туралы нақты деректер мен оқиғаларға негізделген өмірбаяндық фильм.
«Biopic» сөзі ағылшын тіліндегі biographical picture тіркесінен құралған аббревиатура. Бұл термин кино қауымдастығында 1950 жылдардан қолданыла бастады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.