Сот оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Ақтөбеде төрт адамға ажал құштырған жол апатына себепкер болған жүргізуші сотталды
354
оқылды

Ақтөбе облысында 4 адамның өліміне себепкер болған жол апаты бойынша сот шешімі шықты. Сот үкімі бойынша «Toyota Alphard» көлігінің жүргізушісі бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан деген айыппен айыпталған Т.-ға қатысты үкім жарияланды (ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі).

«2024 жылғы 05 маусымда сағат 15.15 шамасында, «Toyota Alphard» автокөлігін Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы аумағында Ақтөбе қаласы бағытынан Қарғалы ауданы Әлімбет ауылы бағытында «Ақтөбе-Орск» тасжолымен басқарып келе жатып, тасжолдың 93-шақырымында, Қазақстан Республикасының Жол жүрісі Қағидаларының талаптарын өрескел бұзып, рулдік басқару жүйесіне ие бола алмай аударылып, нәтижесінде автокөлік салонындағы төрт жолаушының абайсызда өліміне әкеліп соқтырған, сонымен қатар бір жолаушының денсаулығына зиян келтірген», - делінген соттың хабарламасында.

Сотталушы өзіне тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, алдындағы көлікпен соқтығысудан және жолдағы шұңқырдан қашып рульді қатты бұрып аударылып қалғанын көрсетті.

Ал мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толық қолдап, соттан Т.-ны 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

«ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігінің санкциясында белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының жас балаларының болуын, бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, кінәсін мойындап, шын ниетпен өкінуін таныды. Сотпен қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай анықталған жоқ», - делінген хабарламада.

Сот, Т.-ны КК-нің 345-бабының 4-бөлігімен мен кінәлі деп танып, жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.