Айналамыздағы табиғат суреттерінің сұлулығын күнделікті қарбаласта байқай аламыз ба? Мына фотосуреттер табиғаттағы ғажайып он оқиғаны бір кадрге сыйғызып тұр. Бірге тамашалайық, эстетикалық әлемі бай достар.
Жабайы табиғаттың ғажайып 12 көрінісі. Міндетті түрде көруге арналған
Бізге ұнаған ғажайып көрініс. Ең бастысы, бірқазанға зақым келмеді, бұл ұрыстан екеуі де бейбіт тарқасты. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Jack Zhi
7,524
оқылды

Табиғаттың адамға ашқысы келмейтін құпиясы мен ғажайып сұлу әлемін көрсететін «Wildlife Photographer of the Year» байқауының жеңімпаздарының еңбектері BBC Science Focus журналында жарияланды. Aikyn.kz дәстүрлі байқаудың ең үздік үлгілерін көрсетіп, оларға түсініктеме береді.

Өмір үшін күрес табиғатта бір секундқа да тоқтамайды. Қайсысы шабуылдап жатқаны, қайсысы жеңетінін білу де қиын. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Wei Fu

Бұл табиғат көріністері шынайы сюжеттерден тұрады. Суреттердің құндылығы олардың шынайылығында. Көпшілік байқай бермейтін өмірдің, аңдардың тіршілігінің бір сәтін ұстап қалып, бізбен бөлісумен байланысты. Оларда монтаж бен арнайы қойылымдар мүмкін болмайды. Кадр әдемі болуы үшін жабайы аңдардан сол сәтін қайталауды сұрай алмайсыз. Жабайы табиғатты түсіру фотографтан шыдамдылықты, төзімділікті, өзінің ісіне берілгендікті талап етеді. 

Жақында британдық Табиғат тарихы мұражайы (Natural History Museum) өткізетін дәстүрлі «Wildlife Photographer of the Year» (Жылдың жабайы табиғат фотосуретшісі) беделді байқауының жеңімпаздары анықталды.

Биыл канадалық теңізді қорғау фототілшісі Шейн Гросс батыс бақалардың сиқырлы су асты әлемін түсіргені үшін жеңімпаз атанды. Төрешілер алқасының төрағасы Кэти Моран барлық төрешілерді «жарық, энергия және қоршаған орта мен балдырлар арасындағы байланыс таңқалдырғанын» атап өткен.

Аппақ құмда серуендеп жүрген еркек эму (австралиялық страус) мен оның балапандарын түсіру үшін Чарльз Дэвис батып бара жатқан күннің соңғы сәулелерін пайдаланды. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Charles Davis

60 жыл бойы өткізіліп келетін байқаудың финалдық көрмесінде осы жылдардағы Гран при иегерлерінің тарихы, сонымен қатар табиғат оқиғаларын баяндаудың алпыс жылдық тарихын көрсететін фотосуреттер, сыйлықтар мен фотосурет технологиясының үлгілері көрсетіледі.

Wildlife Photographer of the Year (Жылдың жабайы табиғат фотосуретшісі) Лондондағы Табиғат тарихы мұражайы әзірлеп, ұйымдастырады. Барлық марапатталған 100 суретті қамтитын «Жылдың жабайы табиғат фотографы» көрмесі 2024 жылдың 11 қазанында Лондонда ашылды. Осы байқаудың жеңімпаздары мен өзіміз таңдаған суреттер галереясын құрметті оқырмандарымызға ұсынамыз.

«Жануарлардың портреттері» номинациясы бойынша жеңімпаз

Көзі сығырайып жатқан қардағы сілеусіндердің отбасылық портреті. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: John Marriott

Канаданың Юкон қаласында сілеусін суық желден қорғанып, есейген балаларымен демалып жатыр. Сілеусіндердің саны әдетте олардың негізгі жемтік түрі, ақ қоян популяциясының табиғи ауытқуына байланысты. Климаттың өзгеруі қар жамылғысының азаюына алып келіп, бұл басқа жыртқыштарға қояндарды аулауға көбірек мүмкіндік береді. Нәтижесінде қояндар саны азаюы мүмкін, бұл өз кезегінде сілеусін популяциясына әсер етеді.

«Мінез-құлық: құстар» номинациясы бойынша жеңімпаз

Сұңқар тұқымдас лашын құс осындай! Көбелек аулап, жаттығып жүрген сәті. Қос аяғының тырнақтарын байқадыңыз ба!? Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Jack Zhi

Лашын (сапсан, Falco peregrinus) АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласындағы теңіз жартасындағы ұясының үстінде көбелек аңдып, аңшылық шеберлігін шыңдауда. Егер бұл жас лашын ересектік жасқа дейін аман болса, ол өзінің жемтігін 300 км/сағ жылдамдықпен еңкейе немесе төбесінен құлап ұстайтын болады. Көз ілеспес қандай жылдамдық!!!

«Жануарлар табиғи мекендерінде» номинациясы бойынша жеңімпаз

Өзінің табиғи ортасында кешкі күннің жылуында созылып жатқан сілеусін. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Igor Metelskiy

Сілеусін қыстың ерте кешінде созылып тұр. 2013 жылғы зерттеу Ресейдегі сілеусіндердің жалпы популяциясы шамамен 22 500, ал Ресейдің Қиыр Шығысындағы популяциясы 5 890 екенін көрсеткен. Сурет Ресейдің Приморск өлкесінің Лазовский ауданында түсірілген. 

«10 және одан төмен» номинациясы бойынша жеңімпаз

Жуан шынжыр мен аспалы құлыптың жанында мына шақшақ балапаны қандай нәзік көрінеді. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Alberto Román Gómez

Бұл шақшақ торғайдың балапаны (Saxicola rubicola) бір-біріне соқтығысқан екі тас сияқты естілетіндей ересек торғайларға тән дыбыс шығара алмайды. Шақшақ торғай ашық кеңістіктерді ұнатады және әдетте қоршауларда отырады. Сьерра-де-Грасалема табиғи бағының жанында түсірілген, Кадис, Испания. 

«Қалалық жабайы табиғат» санаты бойынша жеңімпаз

Үлкен қаланың үстіндегі таудың баурайында отырған жолбарыс. Қаланың тынысы мен тосын дыбыстары мына жолбарыстың ашуын келтіретін сияқты. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Robin Darius

Жолбарыс бір кездері бұл жерлерде ну орман болғанын біледі. Қазір бұл жерде миллиондаған адамдар қарбалас тіршілік етеді. Бұрынғы орманды таудың баурайында жатқан жолбарыста адамдарға деген реніш бар. Үндістанның жолбарыстар мұқият бақыланатын Батыс Гатада биоалуандық сақталған ландшафттардың бірі болып саналады. Бұл жерде жолбарыстардың тұрақты популяциясы тіршілік етеді. Экономикалық даму адам мен жабайы табиғат қақтығысына әкелген осы аймақтардан тыс жерлерде жолбарыстар саны азайған. Сурет Үндістанның Тамил Наду штатындағы Нилгирис қаласында түсірілген. 

«Фотожурналистикалық әңгіме» номинациясының жеңімпазы

Сот-медициналық сарапшысы Ұлыбританияның Хитроу әуежайында тәркіленген пілдің азу тісінен күдіктінің саусақ іздерін алуда. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Britta Jaschinski

Лондон полициясының сот-медициналық сарапшысы Хитроу әуежайында тәркіленген азу тістен контрабандаға күдікті адамның саусақ іздерін алуда. Әдетте, саусақ іздерін піл сүйегінен алу мүмкін емес, оның одонтогендік тесіктері іздерді бір немесе екі күн ішінде сіңіріп алады. Дегенмен жаңа химиялық бейімделген және жұқа магнитті ұнтақты пайдалану арқылы адамның саусақ ізін алуға болады. Ұнтақтың көмегімен алғашқы жеті күнде ең жақсы сапада, 28 күндік қалдықтан жеткілікті сапада іздер алынуы мүмкін. Саусақ іздерін алуға қажет арнайы ұнтақты мүйізтұмсықтың мүйізі сияқты қара материалдарда қолдану үшін бояуға да болады.

«Мінез-құлық: қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар» номинациясы бойынша жеңімпаз

Судағы анаконда мен қолтырауынның соғысы. Қосмекенді мен бауырымен жорғалаушылар арасындағы өмір үшін күресінің тағы бір көрінісі. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Karine Aigner

Сары анаконда (Eunectes notaeus) якаре кайманының (Caiman yacare) тұмсығын орап алған. Каймандар – өте қатыгез жыртқыштар және жыландарды жейді. Ал анакондалар үлкейген сайын, олардың диетасына бауырымен жорғалаушылар да кіреді. Мына суретте агрессордың кім екенін анықтау да қиын.

Анаконда кайманның тұмсығын орап тұншықтырып жатыр ма, әлде кайман жыланның ортасынан тістеп екіге бөліп жібергісі келе ме?

Анаконданың арқасына қонған екі табанид қансорғыш сонасы көрінеді, олар да өзінің оңай олжасын жібергісі келмей, жорғалаушыға шабуыл жасауда. Таңқаларлық сурет Транспантанейра тас жолында түсірілген, Мату Гроссо, Бразилия.

Жеңімпаз: «Мінез-құлық: сүтқоректілер»

Сүтке тойып алған сәби анасының құшағында тәтті ұйқыда жатыр. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Hikkaduwa Liyanage

Бұл сәби макака (Macaca sinica) анасының сүтін еміп жатқанда босаңсығандығы сонша, ол ұйықтап қалған. Макакалар адам жейтін тағамдарға өте бейім, ал егіс плантацияларының көбеюі олардың мекендейтін ареалдарын тарылтып жіберді. Фермерлер егіндерін сақтау үшін макакаларды атып, тұзақ құрып аулап және уландырып жатыр. Сурет Шри-Ланкадағы Вилпатту ұлттық бағында түсірілген. 

Байқаудың абсолютті жеңімпазы. «Сулы-батпақты жерлер: жалпы көрініс» номинациясы бойынша да жеңімпаз

Көл түбіндегі керемет тіршілік иелері, су түбіндегі ақ тұңғиық гүлдер арасында. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Shane Goss

Ванкувер аралында, Британдық Колумбия, Канададағы көлдегі ақ тұңғиық гүлдерінің арасындағы батыс құрбақасының (Anaxyrus boreas) бақашабақтары. Батыс құрбақалары көлдің қауіпсіз тереңдігінен жүзіп шығып, жыртқыштардан қашып, таяз судағы қоректенетін жерлерге жетуге ұмтылады. Бақашабақтар жұмыртқадан шыққаннан кейін 4-12 екі аптадан кейін бақаға айнала бастайды. Олардың шамамен 99%-ы ересек бақаның жасына дейін өмір сүрмейді.

Бізге ұнаған ғажайып көріністер

Ең бастысы, бірқазанға зақым келмеді, бұл ұрыстан екеуі де бейбіт тарқасты. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Jack Zhi

Джек Чжи (АҚШ) лашын құс тырнағымен бірқазанның аузындағы дорбасына іліп, аспанға сүйреген сәтін түсірген. Аспанның түсі, құстардың қауырсындары, олардың табиғи түстері мен қимылдарының сұлулығын байқадыңыз ба?

Джек лашынды біраз уақыт бақылап отырады. Лашынның жақын маңдағы жартастағы ұясына тым жақын ұшып келген шағалаларға, көкқұтандарға және бүркіттерге шабуыл жасағанын көрген.

Бірқазанның да дәл осындай қателік жасағанын Джек жағажайдан көріп қалады да, ұзын объективтің көмегімен сәтті кадрді түсіріп алады. Бірқазан шабуылдың жойқын, өміріне қауіпті екенін түсініп, деркезінде шегініс ажсап жартастан басқа жаққа ұшып кетеді.

Лашынның мекиені көбею кезеңінде ұяға жақындаған кез келген нысанағы шабуыл жасау арқылы өз ұрпақтарын қорғайды. Қоңыр бірқазандар Калифорниядағы ең үлкен теңіз құстарының бірі, бірақ олар лашын, сұңқар сияқты ұшқыр әуе жыртқыштарынан асып кете алмайды. Бір қызығы, лашынның аяғында орнитолог ғалымдар тағып қойған сақина бар сияқты.

Өмір үшін күрес табиғатта бір секундқа да тоқтамайды. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Wei Fu

Тайландта тұратын Вэй Фу жабайы табиғаттың деректі фотографы. Оның фотосуретке деген құмарлығы табиғатқа, сұлулыққа және шындыққа деген сүйіспеншілігінен басталған. Ол табиғат әлемін түсіру үшін көптеген елдерге саяхат жасады. Вэй үйінің жанында құстарды суретке түсіріп жатқанда, қызыл дақты токай гекконның қарқылдағаны мен ызылдаған дыбысын естиді.

Фотограф өмір үшін арпалыс драмасын алтын ағаш жыланы гекконды қысып өлтіргенше бес минуттай қараған.

Токай геккондары үлкен, жыртқыш, ашулы және дауысты омыртқалылар. Олар алтын ағаш жыландарының сүйікті жемі. Алтын ағаш жыландары ұшатын жыландардың бес түрінің бірі, көлденеңінен сырғанау арқылы ауада «ұша алатын» аяқ-қолы жоқ жалғыз бауырымен жорғалаушылар.

Аппақ құмда серуендеп жүрген еркек эму (австралиялық страус) мен оның балапандарын түсіру үшін Чарльз Дэвис батып бара жатқан күннің соңғы сәулелерін пайдаланды. Фото Natural History Museum сайтынан алынды. Авторлығы: Charles Davis

Чарльз Дэвис (Австралия) 120 000 жыл бойы қалыптасқан құм төбелерінде серуендеп жүрген еркек эму мен оның балапандарын түсіру үшін күннің соңғы сәулелерін пайдаланған. Чарльз құмдағы эму балапандарын суретке түсіргісі келеді, кадрда тек ересек құстың аяқтары көрінетін сюжет жасағысы келеді. Ол төрт күн бойы аптап ыстықта осы көріністі күтеді, бірақ ойы іске аспайды. Бұл сурет «керемет тосын сый» болды. Күннің батуына 10 минут қалғанда осы көріністі түсірудің сәті келеді.

Суреттің артқы жағында құм мен бұталарды бөліп тұрған түзу сызық – тегіс жердің үстіне көтерілген құм төбелердің сызығы. Құмды дөңдерде көптеген қазба қалдықтары бар, соның ішінде тасқа айналған жануарлар мен жәндіктер, эму сияқты құстардың және 40 000 жыл бұрын өмір сүрген адамдардың қалдықтары кездеседі.

Адам мен жабайы табиғаттың үйлесімді коммуникациясы өркениеттің ықпалымен бұзыла бастады. Табиғат пен адамның бірін-бірі құрметтеп, өмір сүруінде осындай байқаулардың көмегі де, тәрбиелік мәні де жоғары деп ойлаймыз. Қоршаған ортаны сақтайық, оларға жанашырлықпен қарайық!

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.