Дәрігерлер созылмалы бронхит пен пневмония деген диагноз қойып, терапия бөліміне жатқызған.
Орал тұрғыны анасының өлімі үшін ауруханадан 2 миллион теңге өтемақы өндіріп алды
Фото: istockphoto.com
585
оқылды

2019 жылы жедел жәрдем бригадасы дене қызуы көтеріліп, жалпы әлсіздікпен 76 жастағы әйелді Орал қалалық ауруханасына жеткізген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жоғарғы соттың хабарлауынша, дәрігерлер созылмалы бронхит пен пневмония деген диагноз қойып, терапия бөліміне жатқызған. Ем нәтиже бермей, науқастың жағдайы ауырлаған. Компьютерлік томография плеврит деген күдікті көрсеткен. 4 аптадан кейін науқастың жағдайы нашарлауына байланысты облыстық ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.

Қайтыс болған әйелдің ұлы Денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлердің салғырттығы мен тиісті ем қабылдамағаны туралы шағыммен жүгінген, тексеру барысында аурухана тарапынан заңбұзушылықтар анықталған. Тексеру материалдары Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне жолданып, қылмыстық іс қозғалып, қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты бірнеше рет тоқтатылып, прокуратура күшін жойған.

Денсаулық сақтау басқармасы қалалық аурухананың қарсылығын қабылдамағандықтан, марқұмның ұлы ауруханадан моральдық шығынды өтеу туралы Орал қаласының №2 сотына шағым түсірген. Ол ананың өліміне сапасыз медициналық көмек пен қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекетсіздігі себеп болғанын атап өткен.

Сондай-ақ талап қоюшының анасы емделіп жатқан аурухананың терапия бөлімінде жалпы практикалық дәрігердің куәлігі бар маман жұмыс істегені, оған құқығы жоқ екені туралы факт анықталды. Сарапшы науқасқа оның жасы мен онда бар созылмалы аурулары, соның ішінде, бүйректің жедел зақымдануын тудырған антибиотиктер ескерілмей, дәрі-дәрмек тағайындалғанын анықтады. Тиісті бактерияға қарсы препараттар мен гемодиализді енгізу науқастың өмірін ұзартуы мүмкін еді.

Сот медициналық құжаттарды, сарапшылық қорытындыларды және тексеру актісін ескере отырып, дер кезінде қайталама сынақтар өткізбеу, науқастың жағдайын дұрыс бағаламау, емдеуді кеш түзету, нефрологтің кеңесінің уақытында болмауы мен консилиумның кеш жүргізілуі аурудың нәтижесіне әсер еткенін және өлімге әкеліп соққанын анықтады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде талап қою ішінара қанағаттандырылды: талап қоюшының пайдасына ауруханадан 2 млн теңге моральдық шығын өндірілді. Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.