14 қазанда Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші қарауыл қызметінде міндетін орындау кезінде өзіне бекітілген қарудан басына оқ атып, көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Аталған оқиға әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Алдын ала ақпарат бойынша, сарбаз отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде өз-өзіне қол салған. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықталып, тергеу шаралары жүргізілу үстінде", – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі сарбаздың белгіленген әскери қызметінің аяқталуына екі апта қалғанын атап өтті.
"Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады. Оның жақындарына қажетті көмек көрсетіледі", – делінген хабарламада.