Келер жылы 90 жылдық мерейтойын атап өт­келі отырған Қуыршақ театрында кезекті жаңа маусымның шымылдығы ашылды.
Қуыршақ театры жаңа маусымын ашты
606
оқылды

Кіш­кентай көрерменімен қайта қауышқан ұжым тұң­ғыш рет 1984 жылы сахналанған театрдың бойтұмары – «Қуыршақ думан» қойылымын көп­шілік қауым назарына ұсынды. 

Сырғыған уақытты артқа тастап көрерменіне жаңғырған, қайта өңделген нұсқада жол тартқан «Жұлдызды қуыр­шақтар» премьерасында Роза Бағланова, Майкл Джексон, Фарух Закиров сынды қуыршақ образындағы жұлдыздар қатарына қазақтың бағына біткен талантты тұлғалар – Роза Рым­баева және Димаш Құдайберген қосылды. Жаңа мау­сымның ашылу салтанатына арнайы келген Ал­маты қаласы Мәдениет басқармасы басшы­сының орынбасары Арман Халбеков Қуыршақ театрының тарихта бағындырған белес­тері мен балаларға ұсынған сәтті қойылым­дарына ерекше бағасын беріп, шығармашылық ұжымның ұрпақ тәрбиесі мен мәдениеттің түрлену жолында атқарып отырған жұмысына қолдау білдіретінін алға тартты. 

– Театр ұжымын кезекті ашылу маусымымен шын жүректен құттықтаймын! Біз қазірдің өзін­де театрдың жылдан-жылға дамып, түрленіп келе жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы көріп отырмыз. Осында қызмет ететін барша мамандар мен шы­ғармашылық ұжым мүшелеріне, көрерменге тек жақсылық тілеймін. Театр репертуары жаңа қойылымдармен толыға берсін. Өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне, мәдениетіне, дұрыс жолдан жаңылмауына бағыттайтын қойылымның барлығы бүлдіршіндердің жарқын болашағы үшін, – деді Арман Бейсенбайұлы.

Биыл театр ұжымы үшін жетістіктер тақтасы тағы да асқаралы белестермен, өнер ордасының қоржыны айтулы жеңіспен толыққан жыл болды. Соның ең жарқын мысалдарының бірі – жыл басынан кішкентай бүлдіршіндер үшін көңілді әрі қызықты Шарль Перроның «Етік киген мысық» (реж.: Болат Момынжанов), жасөспірімдер аудиториясына орайластырылған қазақ спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлт мақтанышы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановқа арналған «Чемпион» (реж.: Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек) және ересектерге арналған орыс классигі Н.Гогольдің психология­лық оқиғаға толы, философиясы терең «Шекпен» (реж.: Николаз Сабашвили) қойылымдары театр репертуарына қосылды. Дегенмен қой­ылымдар саны мұнымен шектелмек емес. Себебі театр ұжымы жаңа маусымда сүйікті көрерменіне жаңа тосынсыйлар әзірлеп қойған көрінеді. 

– Биыл жаңа маусымда межелеген біршама жоспарымыз бар. Солардың бірі қолға алған жоба­лардың ішіндегі ең ауқымдысы – ІІ Халықаралық қуыршақ фестивалі. Фестивальге Қазақстан мен шетелдік театр ұжымдарынан 20-ға жуық қойылымдар қатысады. Оның ішінде, 10-нан астамы – шетелдік қойылымдар. Олар жай ғана шетелдік қойылым емес. Әрбір қа­тысушы мемлекет өз еліндегі ең бетке ұстар, ең мықты қойылымдарын Қазақстанға алып келеді. Театрымыздың басты мақсаты – балаларға арналған қызықты қойылымдарды сахналау. Қазіргі уақытта біз Жаңа жыл мерекесіне қарсы «Қар ханшайымы» қойылымын сахналауды жоспарлап отырмыз. Бұл қойылым сахнада бір рет көрсетіліп қана қомай, театр репертуарына кіріп, көрерменіне тұрақты түрде ұсынылады. Тағы бір үлкен жоспарларымыздың бірі – театр­дың 90-жылдық мерейтойын атап өту. Қуыршақ театры – тарихы терең орда. Сондықтан біз мұнда музей ашуды жоспарлап отырмыз. Музейде Қуыршақ театрының өркендеу жолында еңбегі сіңген әріптестеріміздің суреттері, көне қуыршақтар және т.б заттар қойылады, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Еркебұлан Қабыл.

Тағы бір атап өтерлік маңызды жайт, шығар­ма­шы­лық ұжым алдағы уақытта тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы қой­ылымдарды жарыққа шығарғысы келеді. Сәй­кесінше, мұнда аудиторияда да ерекшелік бар. Театрдың көркемдік жетекшісінің айтуынша, шетелде Baby Theatre атанып кеткен бағыттың негіз­гі көрермені ең кіші жастағы балаларды қамтиды. 

– Қазір көптеген театрда 1-3 жас аралығын­дағы балаларға арналған қойылымдар жоқтың қасы. Әлем елдерінде мұны Baby Theatre деп атайды. Бұл бағыттағы қойылымдар балабақшаға дейінгі балаларға арналған. Қойылымның басты ерекшелігі – балалардың сезім мүшелерімен жұмыс істеуінде. Біз де алдағы күндері осы ба­ғыт­та қойылымдар дайындап, өз тәжірибемізде сынап көргіміз келеді, – деді ол.

Еркебұлан Қабыл сұхбат барысында қойы­лымда басты рөлді атқаратын, көрерменнің бас­ты назарына ие болатын қуыршақтарды әзірлеу процесі аз күнде бітетін шаруа емес еке­нін, оның артында бүтін бір ұжымның еселі еңбегі жатқанын атап өтті. 

– Қойылымды жарыққа шығару өте ұзақ уақыт­қа созылады. Өйткені мұнда қуыршақ көп. Саны көп болғаннан кейін шығар, бір қуыршақтың қаңқасын жасау бес, тіпті он күнге дейін жалғасады. Қазір қуыршақтар да заманына сай өзгеріске ұшырап келеді. «Қуыршақ думан» – дайындық жұмысы ұзаққа созылған қойылымдарымыздың бірі деп айтсам болады. Өйткені әрбір қуыршақты сахнаға сай әзірлеу – оңай емес. Театрда жұмыс істейтін әрбір әртіс немесе режиссер ең біріншіден баланың психологиясына мән беруге тырысамыз. Біз ұсынып отырған қойылым баланың санасына қалай әсер етеді деген сауалды алдыңғы орынға қоямыз, – деп сөзін түйіндеді Е.Қабыл.

Осыдан бірер ай бұрын театр ұжымы елге өнер ордасы үшін ғана емес, күллі қазақ мәдениеті үшін маңызы орасан қуанышты хабармен оралған еді. Қуыршақ театрының ұжымы тұңғыш рет Канада мемлекетінің Оттава қаласында өткен I Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлары фестивалінде ағылшын драматургі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» (реж.: Дина Жұмабаева) шығармасын сахналап, «Гран-При» жүлдесін иеленіп қайтты. Бұл дегеніміз әйгілі махаббат оқиғасын баяндаған қойылым әлемдік аренада қазақ елінің ұлттық қуыршақ өнерінің атағын аспандатты. Театрдың баспасөз қызметі маманының сөзінше, Қуыршақ театры отандық қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау әрі халықаралық мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында жыл сайын әлемнің беделді театр фестивальдеріне қатысуды дәстүрге айналдырған.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы