Жоғары нәтижемен бітірген ЖОО түлектерін енді өңірлердегі ауылдық немесе аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылдауы мүмкін.
«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы дайындалады
323
оқылды

Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің ұйымдастыруымен «Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет: жетістіктері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Оған Парламент Сенатының депутаттары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы, Парламентаризм институты, Ұлттық экономика министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері қатысты. 

Дөңгелек үстел барысында заманауи талаптарға сай мемлекеттік қызметті одан әрі жүйелі дамыту жоспарлары, жаңа заңнамалық тетіктерді әзірлеу және енгізу мәселелері талқыланды.

Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров тиімді мемлекеттік қызметтің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Дархан Жазықбай Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының негізгі міндеттері және оларды жүзеге асыру жоспарларымен таныстырды. Олар мемлекеттік қызметті адамға бағдарланған және сервистік сипатта ілгерілетуді, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруді, адам ресустарын басқару процестерін цифрландыруды қамтиды.

– Агенттік алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы ары қарай жетілдіре береді. Осы орайда мемлекеттік қызметті жүйелі дамыту мақсатында Президенттің Жарлығымен 2024-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама бекітілді. Бұл мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыруға, оның ашықтығын қамтамасыз етуге және адамға бағдарланған мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыруға ықпал етеді деп күтілуде. Аталған құжат аясында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы дайындалады. Оның негізгі мақсаттарының бірі – мемлекеттік қызметтегі еңбек қатынастарын реттеумен шектелмей, қоғам мен мемлекеттік қызметші арасындағы өзара байланысты заң деңгейінде реттеу, – деді Дархан Жазықбай.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметте инновациялық HR құралдарын, сатылай мансаптық ілгерілету тетіктерін енгізу, мектеп және жоғары оқу орындары деңгейінде ерте кәсіптік бағдарлауды қолға алу, жауапты лауазымдарға ротацияны кеңейту, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту қарастырылатынын айтты.

- Мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою мақсатында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Мысалы, біліктілік талабына сай басқа салада жүрген функционалдық бағытың бойынша тәжірибе мемлекеттік қызметтегі тәжірибеңмен теңестірілді. Яғни, өзге салада 10 жыл істесеңіз, осы қызметтегі он жылдық тәжірибеңіз боп есептеледі. Бірден басқарма басшысы, директор орынбасары болып тікелей агенттіктің келісімімен тағайындала аласыз. Жоғары нәтижемен бітірген ЖОО түлектерін енді өңірлердегі ауылдық немесе аудандық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурссыз қабылдайды. Тұжырымдаманы іске асыру аясында Мемлекеттік қызмет туралы Заң қайта қаралып, онда мемлекеттік аппарат пен қоғамның арақатынасын реттеу көзделген. Әлі де болса біз бұл нормаларды Сенат депутаттарымен талқылап, пысықтаймыз, – дейді Мемлекет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жоламанов.  

Өз кезегінде Сенат депутаттары мемлекеттік қызметті дамыту жоспарына қатысты ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара аясында депутаттарға мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берген «eQyzmet» жүйесіндегі мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімдерін цифрландыру, кадрлық бизнес-процестерді оңтайландыру жұмыстары таныстырылды. Сондай-ақ қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге арналған медиастудияның жұмысымен танысты.

Айта кетер болсақ, орталық агенттікте ғана емес, жергілікті органдарды есепке алғанда қазір аппаратта мемлекеттік қызметшінің саны 83 мыңға жеткен.