«Каникулы OFF-Line» танымал франшизасы иелерінің жаңа жобасы – «IQanat OFF-Line» телехикаясының көптен күткен тұсаукесер рәсімі өтті.
IQanat OFF-Line хикаясы көрерменге жол тартты
324
оқылды

Хикая Қазақстанның үздік мектептерінің бірі – IQanat-қа оқуға түскен ауыл баласының өмірін суреттейді. Оқиға сюжеті оның мамандық таңдау туралы шешімінің айналасында құрылған. Бұл ауыл балалары үшін білім алу мүмкіндігінің маңызын айшықтайды.

Хикая әрбірі 25 минуттық 16 сериядан құралған. Ол IQanat жобасының серіктесі – «QAZAQSTAN» телеарнасы арқылы көрсетіледі деп жоспарланған. Сондықтан сериалды кез келген адам тамашалай алады.

Жобаның бірегей ерекшеліктерінің бірі оған қатысқан актерлердің 99%-ы кәсіби кино өнерінде ешқандай тәжірибесі жоқ балалар, дәлірек айтсақ, IQanat тәрбиеленушілері. Оған қоса, хикая көріністеріне мектептің оқытушылары, жұмысшылары, сондай-ақ, өткен жылдардағы мектеп түлектері түскен (alumni). Түсірілім жұмысы Бурабайдағы білім мекемесінің аумағында жүргізілді. Бұл хикаяның оқиғаларына одан сайын жан бітіріп, көрермендердің айқанаттық балалар білім алып жатқан мектептің атмосферасы мен рухын сезінуіне мүмкіндік берген.

«Еліміздің әр бұрышында, ең шалғай ауылдарда жарқын болашақ туралы армандайтын балалар бар. Олар дәрігер, ғалым, кәсіпкер, мұғалім болғанды қалайды. Біз бұл хикаяны осы балалар үшін түсірдік. Біз балалардың өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ екенін әрі білім алу арқылы өз тағдырыңды түбегейлі өзгертуге болатынын білгенін қалаймыз. Телехикая және кино сынды ең өзекті ақпарат құралдары бүгінгі заман балаларына көбірек үміт сыйлап, күш береді, ынталандырады. Біз солардың тілінде сөйлеуді жөн көрдік. Бәлкім, дәл осы балалар ертең біздің мектептің  партасына отырып, өзінің бүгінде мүмкін емес көрінетін ең биік арман-мақсаттарына қол жеткізетін шығар», – деп атап өтті жобаның бастамашысы және IQanat қамқоршысы Айдын Рахимбаев.

Жобаның бас продюсері Ернар Құрмашев болса, режиссері – кинотуындылары халықаралық марапаттарға ие болып жүрген Ерлан Нұрмұхамбетов. Хикаяны түсіруге «Aidyn&Anar Rakhimbayev Foundation» Қоры үлкен қолдау көрсетті.

Тұсаукесер кезінде қонақтар хикаяның екі сериясын тамашалап, түсіру командасының әңгімелерін тыңдады.

Еске сала кеткен жөн, IQanat – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкердің Қазақстанның барлық өңіріндегі ауыл оқушыларын қолдауға арналған әлеуметтік-білім беру жобасы. IQanat түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.