Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында Біріккен Араб Әмірліктерінің коммерциялық банкі Қазақстанда әмбебап банк ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
БАӘ Қазақстанда әмбебап банк ашады
749
оқылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысында Біріккен Араб Әмірліктерінің коммерциялық банкі Қазақстанда әмбебап банк ашуды жоспарлап отырғанын айтты,  – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Заңнамаға қаржы нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуге арналған заң жобасын таныстырған агенттік басшысы дәл қазір елімізде үш халықаралық банк өз филиалын ашып жатқанын айтты.

«Шетелдік банктерді Қазақстан нарығына әкелу үшін біз елімізбен тығыз экономикалық қарым-қатынасы бар мемлекеттерді зерттедік. Біріншіден, ол Азия мемлекеттері, араб мемлекеттері, Түркия, Қытай, Еуропалық одақ мемлекеттері. Қазір үш халықаралық қаржы тобы Қазақстанда банк ашу туралы шешім қабылдады. Маусым айында Оңтүстік Кореяның BNK Financial Grou дейтін қаржылық тобымен жұмыс істедік. Оның активтері шамамен 135 млрд доллар болады. Олар Қазақстанда үш жыл бұрын шағын несие орталығын ашқан. Енді сол ұйымға лицензия алмақшы. Маусым айында рұқсат бердік», – деді ол.

Мәдина Әбілқасымова қалған екі банк араб елдерінен келетінін айтты.

«Жақында Қатар мемлекетінің банкі «Бәйтеректен» Bereke банкті сатып алды. Qatar Investment Authority деген үлкен холдинг бар. Соның құрамындағы банк біздің банк секторына кірмекші. Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржы нарығын реттеушілерімен кездесіп, банк өкілдерімен жолықты. Ол елде ADCB Bank деген бар. Актив көлемі бойынша әмірліктердегі үшінші ірі банк болып есептеледі. Қазір Қазақстанда исламдық қаржы операцияларын жасайтын банк бар. Осы банк әмбебап лицензия алмақшы», – деді ол.