Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге ресми сапармен келген Армения Президенті Ваагн Хачатурян «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды.
Бізді ортақ тарих байланыстырады
763
оқылды

Президенттерге АХҚО бас­­қарушысы Ренат Бектұров қаржы орталығы қызметінің негізгі бағыттары және оның өңірлік бастамаларды дамытудағы үлесі туралы мәлімет берді. 

АХҚО арқылы Қазақстан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 13 миллиард доллардан асқан. Оның 5,9 мил­лиард доллары AIX биржасындағы портфельдік инвестиция болса, 7,3 миллиард доллары АХҚО-ға қатысушы компания­ларға тиесілі. Бүгінде мұнда әлемдегі 80-нен астам елдің 3 200-ге жуық компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қаржы қызметтері мен сақтандыру салаларына маманданған Арменияның 6 ірі компаниясы да бар.

Сонымен қатар мемлекет басшыларына АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталығының қызметі, орталықтағы сот жүйесінің ерекшелігі жөнінде де ақпарат беріліп, АХҚО қаржы қызметтерін реттеу комитетінің жұмысы туралы баян­далды. Аталған комитет пен Армения Республикасының Орталық банкі арасында Банк және сақтандыру қызметтерін, бағалы қағаздар нарығын қадағалау және реттеу саласындағы өзара іс-қимыл туралы меморандум жасалды. 

Бұдан бөлек, екі ел басшылары Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Арменияның мәдениет күндеріне орай ұйым­дастырылған салтанатты концертке барды. Президенттер, ең алдымен, даңқты армян кинорежиссері және суретшісі Сергей Параджановтың 100 жылдық мерейтойына арналған театр фойесіндегі фотокөрмені тамашалады. Концертте Арменияның Мемлекеттік джаз оркестрі мен Инга Аршакян, Гор Суджян секілді өнерпаздары әлемге әйгілі армян композиторлары Комитастың, Шарль Азнавурдың, Жорж Гарваренцтің және Арно Бабаджанянның музыкалық шығармаларын орындады.

Сондай-ақ мемлекет бас­шылары келіссөздер өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Президентіне ілтипат көрсетіп, еліміздің қазақ-­армян ынтымақтастығын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі еке­нін айтты.

– Бүгінгі уағдаластықтар өзара байланыстың нығая түсуіне ықпал етеді деп сенемін. Біз қазақ-армян серіктестігінің негізі саналатын жоғары деңгейдегі кездесулерімізге ерекше мән береміз. Қазақстан Армения­мен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Қазақ елінің армян халқына ықыласы ерекше. Армения – еліміздің сенімді әрі уақыт сынынан өткен жақын серіктесі. Біздің халықтарды берік достық, ортақ тарих және ұқсас мәдени-гуманитарлық құндылықтар байланыстырады. Екіжақты қатынастар барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан мен Армения арасындағы Достық пен ынты­мақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толғаны аталып өтетінін, осы уақыт аралығында ауқымды институционалдық база қалыптасқанын айтты.

– Сауда-экономикалық ықпалдастықтан бөлек, қос халық арасындағы мәдени-гума­нитарлық байланыстар соңы серпінмен да­мып келеді. Былтыр Ереванда Армения­дағы Қазақ театрының күндері өтті. Келесі жылы cіздің еліңізде Қазақстан мәдениетінің онкүндігін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бүгін өзіңізбен бірге Арменияның Қазақстандағы мәдениет күндерінің салта­натты ашылу рәсіміне қатыстық, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Ваагн Хачатурян Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін жеткізді.

– Қасиетті қазақ жеріне келгеніме қуа­ныштымын. Қазақстанның даму және өркендеу қарқынына тәнті болдым. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар ұзақ жылдарға жалғасады деп сенемін. Өйткені оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақстан – біздің сенімді әрі достас серік­тесіміз. Бұдан бөлек, екі ел арасындағы экономикалық байланыс табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді, – деді Армения Президенті.

Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, мәдени-гума­ни­тарлық және цифрландыру салала­рындағы ықпалдастықты нығайтудың перс­пек­ти­валарын талқылады. Сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарапы Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Алматы алаңын алдағы уақытта да ұсынуға дайын екенін растады.