«Жақында музейімізге қолшатыр, сәнді костюм мен франция әтірі және алтын қалта сағаты экспонаттары келіп түсті. Сонымен қатар Сәкен Сейфуллин кофеге әуес адам болған. Оның кофе ұнтақтағышы да жаңадан қосылған жәдігерлер қатарында. Оны 1927-1928 жылдары Қызылорда институтының ректоры болған кезде қолданған. Бұл жәдігерді музейімізге ақын, драматург, актер Қанат Жүнісов Сәкен Сейфулиннің 130 жылдығына орай сыйға тартқан еді», – деді Сәкен Сейфуллин музейінің экскурсия жүргізушісі Зере Қуаныш.
Мұражайда қазір 7 мыңнан астам жәдігер бар. Оның 500-і Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары. Олардың арасыда жинақтан тұратын кітаптар сериясының оныншы томы да орын тепкен.
«Кітаптың бірінші бөліміне әдеби мақалаларын, фальклорын, музыкалық мұрасын бердік. Содан кейін ол кісі үкімет басқарғанда экономика, транспорт, ауыл шаруашылығы, кеден туралы жазған қаулылары бар екен. Солар қамтылды. Соңғы томда естеліктер», – деді Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Марат Әбсеметов.
Сондай-ақ жуырда музей қызметкерлері Алматыдағы «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен» 1918 жылы абақтыда отырған Сәкеннің елге деген сағынышынан туған «Сарыарқа» күйін тапқан. Күйді орындаған әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбайұлы. Ол күйді 1964 жылы Қазақ радиосының алтын қорына тапсырған.
Соңына өшпес мұра қалдырған Сәкен Сейфуллин 1937 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, абақтыға қамалды. 1938 жылы Алматы маңында атылды деген дерек бар. Ақынның рухына тағзым етіп, туғанына 130 жыл толуына орай музей қызметкерлері биыл 50-ден аса түрлі деңгейдегі шара өткізіпті.