Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында алдағы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.
Жұмысшы мамандықтар – жоғары сұраныста
фото: kaz.nur.kz
384
оқылды

«Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Мемлекет басшысы. Жолдау­да айтылғандарды жүзеге асыруға кіріскен Жетісу облысында аталған бағытта нақты жұмыстар қолға алына бастады. 

Атап айтқанда, өңірдегі колледждерде бұрыннан бар жұмысшы мамандықтарына оқыту одан әрі жетілдіріліп, еңбек нарығындағы сұраныстарға сәйкес жаңа мамандықтар ашылуда. Мәселен, биыл сәулет және құрылыс, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, туризм, ІТ технологиясы және басқа да салалардағы жаңа 13 мамандық оқытылуда. Жалпы, қазіргі кезде өңірдегі 27 колледжде 13 мыңнан астам студент білім алады.

Облыстық Білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі өнеркәсіп орындарының кадрлық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қатысты 80 кәсіп­орыннан түскен өтінімдерге сәйкес 15 колледжде 25 мамандық бойынша 876 жасты мақсатты даярлау жүзеге асырылуда. Соның ішінде биылғы 2024-2025 оқу жылына кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 441 адам қабылданыпты. Бұларға қоса, облыста дуальды оқытуды жүзеге асыратын 14 мемлекеттік колледжде 3 324 студент 32 мамандық бойынша білім алады және оларды еңбекпен қамту мақсатында 155 кәсіпорынмен 215 келісімшарт жасалған. 

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жаңа кәсіптердің аймақтық атластарын қамтитын «Мамандығым – болашағым» бағдарламасын дамытуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде биыл облыс колледждерінде 13 жаңа мамандық ашылды. Нақтырақ айтқанда, кең­бейінді құ­рылыс жұмыстарының шебері, графикалық жұмыстарды орындаушы, газ құбырларын пайдалану және жөндеу жөніндегі маман, кран машинисі, автомобиль жөндеуші, наубай, тазарту құрылыстарының технологиялық жабдықтарын құрастырушы, қант өндіру операторы, химиялық талдау зерт­ханашысы, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, көркем еңбек пәнінің мұғалімі, гид мамандықтары оқытылады. Қазіргі кезде арнайы құрыл­ған сарапшылардың жұмыс тобы өңірге қажетті мамандықтарды анықтау жұмыстарын жүргізуде, – дейді облыс­тық Білім басқармасының техникалық және кәсіби білім беру бөлімінің басшысы Саят Батырбеков. 

Заман сұранысына сай жаңа мамандықтар ашқан оқу орындарының қатарында «Жетісу» құрылыс-техникалық колледжі де бар. Мұнда биыл тұңғыш рет «Сәулет» мамандығы оқытыла бастады. Аталған мамандыққа оқытуға жасалған қадамды да еңбек нарығын жете зерттеудің нәтижесі деуге болады. 

– Бүгінде облыста сәулет және дизайн бағытында білікті мамандар жетіспейтіні анықталды. Осыған орай бізде қазір «Сәулет» мамандығының «Графикалық жобалау» біліктілігінде 25 студент білім алуда. Кадрлық құрам білікті оқытушылардан тұрады, олардың арасында өнеркәсіп орындарында тәжірибе жинап келгендер де бар. Материалдық-техникалық базамыз да жаңартылды. Тоқетерін айтар болсақ, кәсіптік мамандықтарды сапалы меңгеріп шығуға барлық мүмкіндік қарас­тырылған. Сондай-ақ алдағы уақытта «Хаус-шебер» мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл біліктілікте студент электрик, дәнекерлеуші, сантехник сияқты бірнеше кәсіби мамандықты бірге игеріп шығады, – дейді колледж директоры Санат Рамазанов.

Атап өтсек, Құрылыс-техникалық колледжде 500-дей студент 9 мамандықты меңгеруде. Жаңа мамандыққа оқып жүрген студенттердің бірі Альмира Ұзақбай колледжге 9-сыныптан кейін түскен. 

– Кішкентайымнан сурет салғанды жақсы көретінмін. Сәулетші болуды бала күнімнен армандадым. Осы мамандықты оқып бітіргеннен кейін тұрғын үйлерді, коммерциялық нысандарды жобалауға қатысуды, қаланың сәулетіне, ғимараттарды жаңғыртуға өз үлесімді қосуды армандаймын. Қазір біз цифрлық жобалауды меңгеріп жатырмыз. Бұл мен үшін өте қызық әрі пайдалы, – дейді студент. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы