Өткен аптада Қарағанды облысында болған дала өрті кезінде бір адам қаза тапты.
40 мың гектар жер өртенді
188
оқылды

Өрт Қарқаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөптің жануынан басталған. Дереу оқиға орнына орман шаруашылығының, Төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары және өртке қарсы ерікті құралымдар жіберілді. Сонымен қатар сақшылар, әскери күштер мен құралдар, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Кувск шаруашылықтары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылықтары, Қарағанды мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – жалпы 306 адам және 37 техника жұмылдырылды. Жалпы көлемі 112 текше метрді құраған 62 рет су себу жүзеге асырылған.

Өкінішке қарай, өрт сөндіру барысында 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайрат қаза тапты. 1991 жы­лы туған Хали Хайрат 2014 жылдың 12 мамырынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен. Ол Саран қаласында тұрған, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігімен ерекшеленген. Қаза тапқан өрт сөндіруші­нің үйіне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, оның орынбасары Әлібек Әлденей және Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов барды.

– Хали Хайраттың өртті сөндіру кезінде көрсеткен ерлігі – нағыз батылдық пен жан­қиярлықтың үлгісі. Ол өз өмірін адамдарға қызмет етуге және туған жерін қорғауға арнады. Осы қайғылы сағатта біз қайғы азабын Халидің туыстарымен бөлісеміз, әрине, біздің сөздеріміз бен қол­дауымыз бұл отбасына ардақты ұл, аяулы әкені қайтармайды. Ол туралы естелік жар­қын болсын, ал құтқарушылардың келесі буыны оның ісін жалғастыра берсін! – деп Ермағанбет Бөлекпаев оның отбасына көңіл айтты.

Марқұмның отбасына жерлеу шараларын өткізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Үйде фельдшерлік және психологиялық қызметтер кезекшілік етеді. Отбасын қолдау бойынша барлық қажетті шара Қарағанды облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында болады. 

– Қарағанды облысындағы табиғи өртті жою кезінде Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндірушілері жоғары кәсібилік танытып, іс-қимылдарын үйлестірді. Қатты жел және үлкен өрт аймағы жағдайында олар 1,5 мыңнан астам адам және 33 мыңға жуық мал тұратын 7 елді мекен мен 11 шаруа қожалығына өрттің таралуына жол бермеді, – дейді Қарқаралы ауданы әкімі Әділжан Арғынов.

Сондай-ақ құтқарушылар өрттің Егіндібұлақ ауылы маңында орналасқан «Кувский» шаруа қожалығының орман қоры аумағына таралуының алдын алды. Оның алдында Павлодар облысында құтқарушылар дала өртін сөндірді, онда өрт сөндірушілер келісілген іс-әрекетінің арқасында өрт Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына енуіне жол бермеді. Сонымен қатар жағдай тұрақтанған кезде Баянауыл ауданы Желтау ауылының бұрын алдын ала көшірілген 18 тұрғыны үйлеріне оралды.

Қарқаралы ауданының шаруа қожалықтарын Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин аралады. Ол дала өртінің салдарын анықтау үшін шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. 

Теректі ауылында бір қыстақ зардап шекті. Шамамен 300 тонна шөп өртенді. Залал толығымен өтеледі.

– Теректі ауылындағы қыстақтардың бірінде 300 тонна шөп өртенді. Қалған қыстақтарда шөп жануы және мал шығыны тіркелген жоқ. Барлық қажетті көмек көрсетіледі, – деді Саят Мусин.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, Қарқаралы ауданының басшысы Әділжан Арғыновтың басшылығымен өткен штаб отырысында өрттің салдарын жою үшін қабылданатын шаралар талқыланды. Ораз Тәуірбеков жиналған фермерлерге облыс әкімінің тапсырмасы бойынша көмек көрсетілетінін, ол үшін арнайы комиссия құрылатынын айтты.

Айта кету керек, қатты екпінді жел мен өрттің ауқымдылығына қарамастан, құтқарушылар өрттің жеті елді мекенге, 33 мың мал басы бар және 1,5 мыңнан астам адам тұратын 11 шаруа қожалығына таралуына жол бермеді. 

Әрине, ақпараттың жылдамдығы да білініп жатты. Әлеуметтік желі де үрей туғызған бейнебаяндарға толып кетті. Қарағанды облысының прокуратурасы: «Тексерілмеген мәліметтер жариялануда. Мұндай жалған мәліметтер келеңсіз қоғамдық пікірді қалыптастырып қана қоймай, қоғамдық тәртіпке де теріс әсер етеді. Жалған ақпарат тарату қылмыстық жазаланатын іс-әрекет болып табылады және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Осыған байланысты Қарқаралы ауданының прокуратурасы азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды заңнаманы мүлтіксіз сақтауға және осы құқықбұзушылықтың жасалуына жол бермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады» деген хабарлама таратуға мәжбүр болды.

Салғырттықтан болған өрт салдарынан 40 мың гектарға жуық аумақ өртеніп кетті. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы