Өрт негізінен көктем мен жаз маусымында тұтанып жатады. Бір ауысымда 10-15 жағдайға дейін болады екен.
Өрт кезінде көліктегі 3 тонна су 10 минутта жұмсалады – Өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі
408
оқылды

19 қазан Қазақстан құтқарушыларының кәсіби мерекесі аталып өтілмек. Бұл өрт сөндіруші, сүңгуір, кинологтардың ғана мерекесі емес, сол салада жүрген диспетчер, көлік жүргізушілердің де мейрамы. Бүгінгі әңгімеміз Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының мамандандырылған жасақ жүргізушісі Сұңғат Ахметов жайында болмақ. Оның осы салада жұмыс істеп жүргеніне 18 жыл болған. Сол аралықта 100-ден астам өртті сөндіруге және 20 шақты адамды құтқаруға атсалысқан.  

Сұңғат Ахметовтың айтуынша, құтқарушылар қатарына іріктеу болып жатқанын естіп келген.

 – Кәсібім өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Осы салада жүргеніме бірнеше жылдың жүзі болды. Көпшілік біздің жұмысты түкке тұрғысыз, өрт сөндірушілерді жеткізсе болды деп ойлауы мүмкін. Шындығында, жүргізушінің жауапкершілігі әлдеқайда зор. Себебі оның жауапкершілігі гараждан басталады: автокөліктің техникалық дайындығы, жұмысқа керекті жанар-жағармай, май, су, көбік секілді барлық сұйықты толтыру, – дейді ол.

Жүргізуші өзінің кәсібін ағайын-туғаны мен достары түсіністікпен қарап, мардымсыз дүние деп санамайтынын айтты. Тіпті, олар оның ауысымға шыққанын уайымдап бітеді. "Үйде ауысымнан келгенімді сағат санап тосып отырады" деді Сұңғат Ахметов.

Көктем мен жаз кездерінде ауысымға көп шығамыз. Кейде бір ауысымда 10-15 шақыртуға дейін түседі. Таңмен таласып жұмысқа келеміз. Бірден автокөліктің техникалық жағдайын бастан-аяқ тексеремін. Шақыртылғанда фонарьларынан, фаралардан, бұрылыс шамдарынан ақау шықпас үшін өзім қараймын, дейді ол.

Сұңғат Ахметовтың айтуынша, өрт сөндірушілердің  өртке сусыз баруы мүмкін емес. Өрт сөндіру автокөлігінде 3 тонна су болады. Кейбір «Уралдарда» 6 тонна су. Егер өрт күшті, ашық болса, онда оған қатты қысым беру керек. Осындай кезде 3 тонна су 10 минутта кетіп қалады. Өртті жойғаннан кейін баяу су құйылады. Машиналар «үйлерге» шыққан кезде бірден қосымша көмек беріледі. Өртте бірнеше категория бар: 1 өрт туралы хабарлама келіп түсті, 2 бөлімше шығады. 1-БИС – өрт расталды, жұмыс істейміз, қиын болса, басқа бөлімдерден 2 машина сұраймыз. Егер, мысалы, 2-категория болса, 7 машина жинайды, нөмір 3 – 10 машинаны іске қосады. 

Ұлан ауданы Риддер қаласы аумағында болған ірі өртті сөндіруге қатыстым. Бірде орман-дала аумағын қамтыған үлкен өрт шықты. Сонда тілсіз жаумен бір апта арпалыстық. Бір тәулікте неше рет автоцистернаны суға толтырғанымызды санау мүмкін емес. Қазір көппәтерлі үйлерге өрт сөндіруге сатылы көтергішпен үнемі шығамыз, – дейді Сұңғат Ахметов.