Ол кезінде Қаражанбас кен орнының ашылуына себепкер болған.
Қазаққа белгілі геолог өмірден озды
1,582
оқылды

Белгілі ардагер-геолог, Қаражанбас кен орнының ашылуына себепкер болған Әділ Молдашұлы Нұрманов 90 жасқа қараған шақта өмірден өтті. Бұл туралы «Қаражанбасмұнай» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

1974 жылы Әділ Молдашұлының Қаражанбас кен орнын ашу үшін сіңірген зор еңбегі тарих парағында алтын әріппен жазылды. Сондықтан ҚБМ қызметкерлері оның игі істерін әрдайым құрмет тұтады. «Қаражанбасмұнай» АҚ басшылығы мен еңбек ұжымы оның отбасына, жақын-жуық, туыстарына қайғырып, көңіл айтады, – делінген мәліметте.

Әділ Нұрманов 1934 жылы 5 қарашада Маңғыстау облысы, Таушық ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Алматыдағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін геология саласы бойынша аяқтаған алғашқы түлектердің бірі. Оқуын тәмамдаған соң жолдамамен туған жеріне оралып, «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі құрылғанда, өңірдегі барлау жұмыстарына қатысып, кейін көптеген барлау экспедицияларына жетекшілік етті. Осы арқылы өлкедегі бірқатар кен орындарының ашылуына себепкер болды.