Дәрігерлердің айтуынша, жарақат алған жұмысшының жағдайы ауыр.
Қарағанды ​​облысындағы шахтада төтенше жағдай болып, жұмысшы зардап шекті
345
оқылды

Қарағанды ​​облысындағы "Саранская" шахтасында кен опырылып, жұмысшы зардап шекті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, шахта қызметкері басынан жарақат алған. Шахтаның медицина қызметкері оған алғашқы көмек көрсетіп, кейін Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия орталығына жеткізілген.

"Жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Дәрежесі туралы қорытынды алғаннан кейін бұл жазатайым оқиға қолданыстағы еңбек заңнамасы шеңберінде тексеріледі. Арнайы тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін және ҚР Еңбек кодексінің 190-бабы 10-тармағына сәйкес осы оқиғаның мән-жайы мен себептерін арнайы тергеп-тексеру материалдарының көшірмелері ҚР ҚІЖК-нің 156-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау немесе қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін Саран полиция бөліміне жіберіледі", – делінген хабарламада.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен кеншінің жағдайы туралы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, бастапқыда медициналық қызметке үш шахтер жүгінген. Олардың екеуі амбулаториялық емделуге жіберілді. Үшіншісі ауруханада, жағдайы ауыр. Ол қажетті медициналық ем алып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.