Ойбай, мына мен жаман ауруға тап болдым. Бірақ шошымаңыздар, қолдарыңыздан келсе көмек беріңіздер.
Сасқанымнан сақау болдым
262
оқылды

Жасыма жетпей осы дерт денеме  жабысты. Айтпасам болмайды. «Ауруын жасырған өледі» дейді, мүмкін емі табылар...Иә, шынымен де сырқаттың да түрі көп екен-ау. Жұрт секілді белің ауырғанда қойдың майын жағып, басың сыздап, табаның мұздап, ішегің шұрылдағанда бір уыс дәріні ішіп жіберіп, құлан таза айығып кеткен қандай  тамаша! Менің сырқатымның диагнозы белгісіз. Емханаға барсаң, дәрігерлер алыстан таяқ лақтырып шошып қарамайды. Жанға шипа боларлық дәрі-дәрмектері де жоқ. Ауру жаман. Дертімнің алдын алу жолдары әлі зерттелмепті. Жұқпалы ма, жұқпалы емес пе, жұмбақ? Әсіресе, сайлау кезінде жаман қозады. Жынданып кетуге қалдым. Несіне жасырамын жындыханаға да бір барып қайттым. Бірақ ол жерде ылғи сау адамдар жатыр. Иә, кәдімгі бет-жүзі таныстар. Яғни, бір-бір мекеменің тұтқасын ұстаған азаматтар. Мен түкке түсінбей қашып шықтым. Есім дұрыс, біреудің тұмсығын бұзғаным жоқ. Біреулер айтады, бұл ауруға қоғамда жүйкесі тозғандар, өмірден әділет, шындық  іздегендер шалдығады дейді. Қайдам, егер рас болса, елдің бәрі ауруын жасырып жүрген болар, ә?.. Тіпті, кімнен, қалай жұқтырып алғанымды білмей басым қатты. Құдай-ай, қаралатын емші болса...

Өткенде әріптесім Берген Кәмен жаман ауруға шалдықты. Оның екі көзі қит етсе қыз-келіншектерге емес, айналадағы кемшіліктер мен алым-берімді көріп қоя беретін болды. Бұл қасиеті көпшілік адамдарға ұнамады. Екі көзі басына пәле болды. Шұқып алайын десе, көз керек қой. Қайда қаралса да ем қонбады. Ақыры өзін-өзі соқыр қылды. 

Бірақ көзі көреді. Көрсе де көрмегендей жүре береді. Тапқан емі сол.

Ал мен оған көп күлдім. Обалым жоқ, енді басыма келді. Көзімнің көргені былай тұрсын, екі құлақтың естімейтіні, қызыл тілдің сандырақтап сайрамайтыны жоқ. Кеше құлағым қалада бір дөкейдің мемлекет қаражатына бес қабат сарай салдырып жатқанын естіді. Сол-ақ екен, тілім сумаң етіп, аты-жөнін, өмірбаянын айтып үлгерді. «Тыныш, адамды жасына жетпей сақау қылғың келе ме? Одан да әңгіме керек болса, өсек айт, құрдастарыммен қалжыңда» десем, тілім көнбейді. Әлгілерді айтқаным жөн дейді. 

Құлақ пен тіл қосылып, көз оларға куә болып, маза бермейді. Көр де тұр, бұлар менің түбіме жеткісі келіп жүр. Құдай-ау, екі құлағым неге әсем әуендерді естіп, тілім тәтті мен ащыны жалап, екі көзім табиғатты тамашалап, тым-тырыс артын қысып жөніне жүрмейді. Дұрыс па? Әй, қазір кім ішіп-жемейді. 

Олардың да аузы бар. Шетелде оқитын ұл-қыздары, тума-туысы және бар. Жейтін адам жесін, алатын адам алсын, несі бар...

Міне, екі құлақ тағы бірдеңелерді қабылдап жатыр. Сүйір тілім былай дейді: «Қылмыс көп. Жастар бұзылды. Бай мен кедей көбейді. Ауру-сырқат тағы бар. Әйелдер бала табуды азайтты. Зорлық-зомбылық, тән сату бар»... 

Тіліме қой деймін, қай-қайдағыны тізе бермей, біреу-міреу естіп қалар. Болашақта кадрлық ауыс-түйістердің көкесі енді болады дей ме, басымды қатырды. Қоятын емес, енді қайттім. Масқара, құлағым және бір хабарды шалды. 

– Қала басшылығына бір крутой бизнесмен келеді. Бұрын бес рет сотталған, –дейді. 

– Келсе қайтемін, – деймін.

– Ол тек алу мен сатуды біледі, – деп тілім қышып тұр.

– Сенің не жұмысың бар, наныңды же де, жөніңе жүре бер. Қарашы, жұрттың тілі тып-тыныш қой, жұтып қойған секілді, жат десем, «жатпаймын» деп тілім шап ете қалды. Көпшіліктің алдында суырылып әлгі бизнесменнің аты-жөнін айтқысы келіп еді, тілімді  тісіммен қатты тістеп қалдым. Қырш ете қалды. Тістей-тістей бір күні сақау болатын шығармын. Ел арасында емші болса, көмектесіңдерші...

 Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН