Қоңыр күздің қара күзге ұласар шағы – осы. Сағақтарынан әл кете бас­таған жапы­рақ­тары жауған ағаштар бейне бір енді ғана төңкерілген құмсағат секілді жаңа уақыттың басталғанын білдіретіндей.
Шәй ішіп кетсең қайтеді, қытай қыз ұсынған кеседен
529
оқылды

Дәурені көше бастаған тал-дарақтардың сай-сүйегін сырқырата соққан Жел жапырақ-жастығын ұрлайтын Уақыттың рөліне мықтап бекіген. Иә, Жел – бұл маусымда тым сабырсыз. Дүние жаралғалы Жел адамзат тарихына қаншама өзгерістер әкелді десеңізші?!. Мүмкін Ньютон данышпанның басына құлаған алманы да Жел тербеп құлатқан болар... Ал жұмыр басты пенде баласына шәй ішуді де үйреткен Жел болып шықса ше?! Қытайлықтар бұған имандай сенеді.

 Шәй тарихының бастауы

Біз сапарлаған Ханчжоу қала­сында Қытай шәй музейі бар. 2019 жылы мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға сапары аясында Ханчжоу қаласы­ның мәдени нысандарын аралап жүріп бас сұққан екен. Залдарды қарау кезінде Ханчжоу қаласын­дағы Сиху өзенінің көрікті жерлері бойынша әкімшілік комитетінің жетекшісі Вэн Вэньцзе мен мұра­жай директоры У Сяоли Қазақстан Президентіне шәй дәстүрінің ерек­шеліктері мен шәй әдебі, сон­дай-ақ Қытайдың түрлі провин­ция­лар­ын­дағы шәй мәдениеті туралы айтып, Мемлекет басшы­сы­на шәй рәсімін көрсеткен. 

Музейде жиі экспозициялар, ака­демиялық зерттеулер, ғылым­ды насихаттау бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұра­ды. Шәй тарихының залында са­рап­шылар Camellia Sinensis шәй өнімі дәл орта патшалықтан шық­қан­ын егжей-тегжейлі дәлелдейді. Қытайлықтар алдымен шәй бұта­ларын отырғызып, хош иісті су­сын шығара бастады. Бұл мәден­иет­­тің пайда болуы туралы көп­­теген теориялар бар. Ең алғаш­­қы шәй жапырақтарын археолог­тар қабірлерден 2400 жылдан астам уақыт бұрынғы соғысушы патша­лықтар кезеңінен тапқан деседі. Батыс Хан әулеті кезінде адам­дарда сусынның әсері туралы алдын-ала түсініктер болған. Сол кезде адамдар шәй туралы «жан тыныштығына қол жеткізуге және қуат беруге, суыққа төзімділікті қам­тамасыз етуге, аштықты қана­ғат­тан­дыруға және қартаюды бәс­ең­детуге көмектесетін нәрсе» деп бағалаған екен. Осы қасиеттердің арқасында халық өсімдікке көбі­рек көңіл бөле бастап, қоғамда өн­діріс пен тұтынуға байланысты көптеген әдет-ғұрып қалыптасып, орныға бастайды. Таң әулетінің билігі шәй мәдениетінің өркен­деуіне жол ашып, тиісті рәсімдер­мен толы­ғып, танымалдығын арт­тырды. Адамдар шәй жапырақ­тарын өң­деуге бел шеше кірісті. Оның тех­но­логияларын дамытып, өндіру мен сақтаудың әртүрлі фор­ма­лары пайда болды. Сонымен бір­ге шәй туралы ғылыми еңбектер пайда болып, Сун әулетінде де бұл қар­қын үдей түсті. Бұл уақытта шәй адамдардың күнделікті өмірі­нің ажырамас бөлігіне айналды. Шәй жазушылар мен ақындардың, каллиграфтардың және суретші­лер­дің шығармашылығындағы маң­ызды тақырыпқа айналды. Кей­іннен валюта деңгейіне көтері­ліп, Ұлы Жібек жолы арқылы бүкіл әлемге таралып, жібек пен фар­фор­мен бірге Орта патшалықтың үш негізгі экспортының біріне ай­на­лды. Осылайша, Сианнан басталып, Шыңжаңдағы Тяньшуй, Ланьчжоу және Хэси дәлізі, сон­дай-ақ Персияға, Үндістанға және Римге Конглин таулары арқылы өте­тін шәй жолы пайда болды. Шәй экспортының негізгі бағыты Жапония, Персия, Арабия және Үндіс­танға бағытталды, онда ол орта патшалықтың Оңтүстік-Шы­ғыс теңіз аймақтарынан жеткізілді. Камелияның танымалдылығын Мар­ко Поло да жақсы сипаттап, ежелгі қытайлықтардың шәй мә­де­ние­ті әртүрлі этникалық топтар­ға әсер еткенін атап өтті.

Әлемге қалай таралды?

Осылайша, Ұлы Жібек жолы арқылы шәй әлемнің түкпір-түк­піріне жол тартты. Мысалы, Моң­ғо­лия мен Ресейде сығылған жап­ырақ­тарды қайнатуға негізделген шәй дәстүрінің моделі қалыптасты. Шығыс Азия елдерінде – Жапония мен Кореяда шәй ішу дәстүрі жо­ғары дәрежеде дамып, шәй ішу рәсіміне жол ашып, қарапайым адамдар үшін күнделікті сусынға айналды. Сондай-ақ ағылшындар­дың осы мәдениеттің таралуына қосқан үлесін айта кеткеніміз жөн. Тұманды Альбион тұрғындарының шәймен танысуы Х ғасырдың бір­ін­ші жартысынан басталады және бұл процесте голландия­лықтар маң­ызды рөл атқарды делінеді де­рек көздерінде. Олар теңіздегі Ұлы Жібек жолы арқылы Қытаймен шәй саудасын бірінші болып бас­тап, өнімді басқа мем­лекеттерге тасы­малдап сауда­лай­­­ды. Англия солардың бірі болды. Шәй алды­мен кофехана­ларда сатылғанымен, жергілікті тұрғын­дар бұл өнім ту­ра­лы көп білмеді. Екінші Екатери­на патша­йым би­лік еткен жылдары британ­дық өмірге шәй ішу стилін енгізген де­седі. Кейінірек, алды­мен Ан­глия­­да, содан кейін бүкіл Еуропада дворяндардан бастап қарапайым адамдарға дейін тұр­ақты тұты­натын сусынға айнал­ды. Еу­ро­паға шәйді венециялық сауда­гер­лер алып барған деген де дерек бар. Ал шәйді нарыққа енгізіп, кеңінен саудалануына португал­дық көпес­тердің тигізген әсері зор болған. Сол кезеңдерде шәй өте бағалы болғандықтан, тек дәрі­хана­ларда сатылып, оны байлар ғана қол­дана­тын. Ағыл­шын­дар Үндістан мен Цейлондағы колло­ния­лар­ында шәй өсіріп, Қытайдың моно­по­лиясына бәсе­келестік ту­дыр­ып, шәй нарығында көш бас­тай бас­тады. Шәй XVI ғасырдың бас кез­ін­де Ресей, Орта Азия және моң­ғол халқы достық қарым-қа­тынас жасап тұрған уақытта Ре­сейге 1638 жылы келіп­ті. Ресей пат­шасы Михаил Рома­н­ов 1638 жылы моң­ғол ханына сыйлық жі­бер­еді. Орыс елшісі Стариков Мәс­кеу патша­сына Моңғол хан­ның сыйлыққа берген шәйін әкел­іп береді. Пат­шадан келген бағалы сыйлыққа жауап ретінде моңғол ханы оған 200 қорап шәй жөнелт­кен. Алғаш­қыда патша бұндай сый­лыққа қатты ашулан­ыпты. Бірақ кейін жаңа сусын пат­шаның да көң­іл­інен шыға бастайды. Әу­елгі кезде шәй­ді дәрі орнына қол­данып, кейін­нен сусын ретінде ішу бастал­ған. Ресей пат­шасы орыс көпестерін шәй алып келу үшін 1669 жылы Пе­кинге әдейілеп жіберген.

Қазақстанға шәй қашан келген?

Ұлы Жібек жолымен Орталық Азияға да шәй тасымалданғанын айта кеттік. Бүгінде шәй ішпесе басы ауыратын қазақтарға алғаш қай уақытта келген еді? Қаламгер Асылбек Байтанұлының жазуын­ша, қазақтардың шәйді сусын ретінде қолдана бастағаны туралы деректер, әсіресе ХVІІІ ғасырдағы орыс, қытай құжаттарында жиі кездеседі. «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері, яғни Қытай патшалық дәуірінің мұра­ғат құжаттары» атты кітаптың екін­ші томында (қытай тілінен аудар­ған Бақыт Еженханұлы) «...Тайпа-­тайпаға бөлінетін қазақ­тар әр жерде тұрады... Ішкі Қытай­дан шы­ғатын шәйді олар аса ұн­ат­пай­ды, сондықтан ондай шәй­­лар­ды оларға апарудың қажеті жоқ...», – деп анықтап жазады. 1758 жылы 8 сәуірде тиісті лауаз­ым­ды орын­дарға жолданған бұл құжаттан қазақ­тардың шәйға деген сұра­нысы мен талғамын аң­ғара­мыз. Бұл – Жоңғария құла­ғаннан кейін Үрімжіге қазақтар­дың Мәнжі-Шың үкіметімен айырбас сауда жасай бастаған кез­еңі. Демек, дәл осы кезеңнен, яғни бірнеше ғасыр бойы Қытай­мен ортада буфер болып, саяси-эко­номикалық тұр­ғыда Орта Азия­­ны ықпалында ұстаған Жоң­ғария жойылған кез­ден бастап қазақтарда шәй ішу дәстүрі қар­қын ала бастады деп айт­уымызға болады. Ресейде де бұл кезеңде шәй танымал сусынға айна­лып үлгерген еді», – дейді қа­лам­гер. Сонымен қатар оның ай­туынша, кейбір тарихи құжат­тарға қара­ғанда, қазақ қоғамына шәйді мей­лінше таратып, эконо­ми­калық тәуелді болдыруға Пат­шалық Ресей мүдделілік танытып, жүйелі жұмыс жүргізген. Мұны Орынбор облыс­тық Мемлекеттік архивте Орынбор өлкесі әскери губерна­торы граф П.Эссенге 1829 жылы граф, вице-канцлер Нес­сель­родтың жолдаған хатынан айқын көреміз. Онда мын­а­дай ой айты­лады: «Орал тауының ар жа­ғында өмір сүретін көшпелі халық­тар (қазақтар мен башқұрт­тар) ара­сында кірпіш шәйді тұтыну әде­тін енгізу керек және бұл Ресей мем­ле­кетінің Қытаймен, оның іш­ін­де Қияқты кедені арқылы жа­са­латын сауда-саттықта мол кіріс әкелуге тиіс». Қалай болғанда да ХVІІІ ғас­ырдың соңғы бөлігі мен ХІХ ғас­ырдың басында қазақтар шәйді көп­теп тұтынатын халыққа айнала бастайды. 

Ал Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінің экскурсия жүргізушісі Мира Кутушеваның жазуынша, Еділ мен Жайық арасында пайда болған. Ішкі қазақ орда­сында, яғни Бөкейлікте 1832 жыл­дан бас­тап «Хан жәрмеңкесі» ұй­ым­дас­тырыла бастағанда шәйдің жөні бөлек болған. Ал осы хан жәр­мең­кесінде сауда-саттықпен айналыс­қан татар саудагерлері мен орыс көпестерінің қазақ өміріне әкелген жаңалығының бірі шәй еді. Олар шәй сатумен бірге оны дайындай­тын ыдыс-аяқты, шәй ішетін дәм­ді-тәттілерін де әкелген. Бірақ бұл тауарлардың қымбатты­ғына бай­ла­ныс­ты кез келгеннің қолы жет­пеген. Тек ауқаттылардың дастар­ханында болған. 

Қазақтың көптеген белгілі тұл­ғалары үшін шәй құмартып ішетін сүйікті сусынына айналған. Со­лар­дың бірі – хакім Абай. Баласы Тұрағұл өз естелігінде былай деп жаза­ды: «Қағаз шәйдан басқа шәй ішкен емес, қантсыз шәй ішкенін көргем жоқ, бірақ ол қанты алдын­да жатады. Көп жегіш емес. Таңер­тең­гі шәйына кейде жұмыртқа қо­с­­тырып құймақ құйғызады, кей­­де самса пісіртеді, жеке бауыр­сақ­пен іше қоймаушы еді. Шәйын стаканға құйғызып, ыстық күйінде ішпей, салқындаған кезінде жұта салатын».

Орыс ғалымы М.Киттара ХІХ ғасырдың ортасында «қазақтар шәй ішкенде уа­­қыт та, жер де тал­ға­майды» деп жазды.

ТҮЙІН:

Бір адам орташа есеппен жылына 1,4 келі шәй тұтынатын болса, даулы мәселелер де, қуаныш пен қайғыны да дастарханында бөліскен қазақтың өмірінде де шәйдің алар орыны ерекше. Шәйдің қазақ өміріне етене еніп кеткені соншалық, «бір шәугім шәй – әр қонақтың несібесі» деген сөз еніп, тойдан кейін де «өзіміз отырып шәй ішейік» деп немесе «келіннің қолынан шәй ішу» деген де кең етек алған. Мақаламызды Қадыр Мырза Әлінің «Қызыл шәй және қызық» өлеңінің мына бір жолдарымен аяқтағанды жөн көрдік:

«Ақ дастархан – Ақ ниетің, Ырысың.

Ақ көңілмен айтасың сен дұрысын.

Қаймақ қатқан күрең шәйдан жазылар

Қайдағы бір құрысың мен тырысың».

Наурызбек САРША